Инвесторлар құқығын қорғау – жемқорлықтың алдын алудың маңызды тетігі

Oinet.kz 11-06-2026

64.jpg

Ел экономикасының тұрақты дамуы үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырумен қатар, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерге сәйкес инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында әкімшілік кедергілерді жою, ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі.

Осы мақсатта Шымкент қаласының Еңбекші аудандық прокуратурасы Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвесторлармен көшпелі кездесу өткізді. Басқосуда инвесторлардың құқықтарын қорғау, өндіріс барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу, сондай-ақ инвестициялық жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды анықтау және оларды жою мәселелері жан-жақты талқыланды.

Іс-шара аясында жұмыс тобы арнайы экономикалық аймақта орналасқан бірқатар өндіріс орындарын аралап, «BIK-KANC» ЖШС, «Dapter-Line» ЖШС және «ЮгРегионПласт» ЖШС жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысымен танысты. Кәсіпкерлер өндірістік қызмет кезінде кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Мұндай кездесулер инвесторлармен ашық диалог орнатуға ғана емес, мемлекеттік қызмет көрсету барысында туындауы мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Әсіресе рұқсат беру рәсімдері, жер қатынастары, инфрақұрылымға қосылу және әкімшілік шешімдер қабылдау кезінде заң талаптарының сақталуын бақылау – бизнесті негізсіз қысымнан қорғаудың маңызды кепілі.

Прокуратураның кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмысы мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттырып, инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына ықпал етеді. 

Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер прокурорлық бақылауға алынды. Алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді азайту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады. 

Прокуратураның ұйымдастыруымен бейнеролик әзірленді
Құқықтық сауат – еңбек құқығын қорғаудың басты кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу