Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Түркістан қаласының экономикасын көтеретін негізгі саланың бірі – өнеркәсіп. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, Түркістан қаласы соңғы жылдары айтарлықтай серпінді даму үстінде.
Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табуы үшін бірқатар стратегиялық шешімдер қабылданған. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың алғашқы 7 айында Түркістан қаласында халық саны 241,7 мың адамнан асқан. Жалпы өңірлік өнім 31,3 пайызға артып, 272 миллиард теңгені құраған. Қаладағы екі өндірістік аймақта жалпы құны 225 миллиард теңгеден асатын 50-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Өңдеу өнеркәсібіне 29,1 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының маңызы аса зор. 2019-2025 жылдардың қорытындысы бойынша «TURAN» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелі жалпы құны 751,6 миллирд теңгені құрайтын 221 жоба қаржыландыру көзделген. Оның ішінде бүгінгі күні 253,9 миллиард теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылған. Жүзеге асырылған жоба аясында 1353 тұрақты жұмыс орны ашылған. Бүгінгі күні арнай экономикалық аймақта 137 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның жалпы құны 464,6 миллиард теңге. Бұдан бөлек арнайы экономикалық аймақта 45 жоба жүзеге асып, қонақүйлер, туристік кешендер, сауда ойын-сауық орталықтары елге қызмет көрсетіп жатыр.
Қала әкімінің сөзінше, арнайы экономикалық аймақтағы жобалардың құрылысы барысында жаңа 11236 жұмыс орындарын құру жоспарланған. Осы жыл соңына дейін 46,5 миллиард теңгеге 1360 тұрақты жаңа жұмыс орнын құратын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда жаңадан қосымша 104 миллиард теңгені құрайтын 11 әлеуетті жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру, инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында да тиісті тірліктер атқарылып келеді. Өнеркәсіптік аймақтар газбен, қоршаумен, абаттандыру, су және кәріз жүйелерімен қамтылуда. Тиісті жұмыстар жалғасуда.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің айтуынша, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында көптеген өндіріс ошақтары жұмыс істеуде. Яғни, арнайы экономикалық аймақта тіркелген, ашылған және енді ашылатын ең ірі өндіріс орындарына тоқталар болсақ, олардың қатарында «BASPOLYMER» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі полимерлі құбырлар, пластмасса бұйымдары, тамшылататын таспалар шығаратын ірі зауыты, «QazEcoPack» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастапқы және қайталама полиэтилен шикізатынан орау материалдарын (скотч, стрейч-пленка, полиэтилен, көпіршікті пленка) өндіретін кәсіпорныбар.
Сондай-ақ мұнда «PSI Mineral Technologies» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр техника шығаратын зауыты, «АЛТЫН ДАЛА МАҚТА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің біріктірілген қоймасы бар ПВХ құбырларын шығаратын зауыты, «KZ_Unicol» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әртүрлі жарықтандыру құрылғыларының сэндвич-панельдерін шығаратын зауыты жұмыс істейді. Сонымен бірге «ER-QAN GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орамдағы полиэтилен пакеттер және бір рет қолданылатын пластик ыдыстар (тамақ өнімдері үшін) шығаратын зауыты бар. «Silk Way International» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы машиналары мен бөлшектерін өндіру және құрастыру зауытын, «Kazakhstan Lihua» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің толық циклді тоқыма өнімдерін өндіруге арналған мақта агроөнеркәсіптік кешенін, «Qaz Natural Laminat» компаниясының ағаштан және тығыннан жасалған бұйымдарды өндіру, сабан бұйымдары мен тоқыма материалдарын өндіру кәсіпорнын ашу да көзделген. Айта кетейік, жыл басынан облыс экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша жарты жылдың қорытындысымен өсім 118 пайызды құрап, облыс республика көлемінде бірінші орынға шықты.
– Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты мәжіліс өтті. Жиын барысында өңірдің қазіргі жағдайы мен болашағына бағытталған нақты жоспарлар сараланып, бірқатар өзекті мәселелер қозғалды. Әлеуметтік-экономикалық серпін мен даму бағдары айқындалды. Сол мәжілісте өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына жан-жақты талдау жасалды. Әкім нақты көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін бағалады. Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына алдағы кезеңге арналған міндеттерді нақтылап берді. Осы мәжілісте мен де баяндама жасап, Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталған едім. Бүгінгі күні Түркістан қаласында екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Соның бірі – «TURAN» арнайы экономикалық аймағы. Жалпы Түркістан қаласының экономикасының өсім драйвері инвестиция тартымдылығы соңғы 4 жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі есебінен артып отыр. Атап айтсақ негізгі капиталға тартылған инвестиция 1,3 триллион теңгені құрап, оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебі көрсеткішіне жеткен. Бүгінде Түркістан қаласында жалпы аумағы 310 гектар алқапты алып жатқан 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 гектар, бүгінгі таңға жалпы құны 126 миллиард теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 гектарды құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 миллиард теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда, – дейді қала әкімі.
Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 миллиард теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 триллион теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 триллион теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 миллиард теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 миллиард теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің айтуынша, алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 миллиард теңгені құрайтын, 3575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда.
Соңғы екі жылдың ішінде арнайы экономикалық аймақ аумағында іске асырылған жобалар қатарында 7 жоба бар. Атап айтсақ, «Султанат ЯССЫ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Коттеджды қалашық құрылысы, «Дос и К Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Коммерциялық ғимараттар құрылысы, «Yassy Oil Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жанар жағармай бекеті, Түркістан облысының нотариаттық палатасы, Әкімшілік ғимараттар құрылысы, Республикалық адвокаттар алқасы, Түркістан қаласының адвокаттар алқасы, Әкімшілік ғимараттар құрылысы, «Yassy Green House» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Yassy Eco Village коттеджды қалашық құрылысы, соңғысы «Тамыз Құрылыс ББК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көпқабатты үйлер құрылысы бар.
Бүгінгі таңда, алдыңғы жылы – құны 4,9 миллиард теңгенi құрайтын 7 жоба индустриалды аймақта iске қосылып, 199 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында «Techtronic-Stroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Тауарлы бетон және асфальто бетон өнімдерін жасау» жобасы, «ГОКТУРК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Шлакоблок, брусчатка және бордюрлы тастар жасау» жобасы, «Euroblock Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Газобетон және полтстирол блоктарын жасау» жобасы, «Grand Stroy Kaz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Тауарлы бетон және темір бетон бұйымдарын жасау» жобасы, «Алем Бетон – 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2 кезеңіндегі «Тауарлы бетон және асфальто бетон бұйымдарын жасау» жобасы, «Grand MIKS» жеке кәсіпкерлігінің 3-ші кезеңі «Жиһаз жасау» жобасы және «Қазақстан 2030 – Қытай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Шұлық жасау» жобасы бар.
Қорыта айтқанда өткен мәжілісте облыс әкімі Түркістан қаласы мен облыстың 2024-2030 жылдарға арналған облыстың экономикалық өсуін қамтамасыз ету бойынша бекітілген жол картасындағы ірі жобалардың жүзеге асуын күшейтуді тапсырды. Қаланың кіріс көздерін ұлғайту жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Өндіріс, туризм, инвестиция тарту, кәсіпкерлік және өзге де маңызды бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда болып, қаланың әлеуметтік экономикалық бағытын арттыра беретін боламыз, - деді өала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.