Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Түркістан қаласында көпқабатты тұрғын үй құрылысы жылсанап жанданып келеді. Түркістан қалалық Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаевтың айтуынша, жыл басынан бері Түркістан қаласында 872 пәтер пайдалануға берілген. Оның 440-ы – арендалық баспаналар болса, 432-сі – кезекте тұрған отбасыларға табысталған.
Жалпы Түркістан қаласында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстармен қатар, инфрақұрылым жүйесін дамыту жұмыстары жүйелі атқарылып келеді. Көпқабатты тұрғын үйлердің қатары артып, туризм саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар өз жалғасын тауып отыр. Түркістан қаласындағы бұл жұмыстар қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында тұрғанын айта кеткен жөн.
Бүгінгі күні Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналған. Қалада жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев арнайы танысқан болатын. Ол облыс орталығының инфрақұрылым жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау мақсатында қаладағы әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлер мен жаңадан салынып жатқан жолдардың құрылыс жұмыстарын көзбен көріп қайтты. Нысандарды аралау барысында құрылысқа жауапты мердігерлермен жүздесіп, жұмыстарды сапалы әрі уақытында атқаруды міндетті.
Облыс әкімінің аппарат басшысы «Жаңа қала» шағын ауданындағы №32 көшенің құрылыс алаңында болды. Бүгінде мұнда асфальттау, бетондау, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру жұмыстары 95 пайыз орындалған. Құрылыс жұмыстарына «Қаратас Майнинг»жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Сонымен қатар №36 көшені аралап, жарықтандыру, жол салу жұмыстарын қадағалады. Сондай-ақ облыс орталығындағы №2 Әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Бүгінде ғимараттың инженерлік инфрақұрылым жұмыстары, ішкі әрлеу, жиілігі төмен байланыс желілерін тарту, ауа тазартқыш және желдеткіш жүйелерін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Ернур «Строй и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылысқа арнайы 6 техника, 79 жұмысшы жұмылдырылған. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Бұдан бөлек, аппарат басшысы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» аумағында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болып, сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын қадағалады. Ғимаратты толық аралап, тұрғын үй аумағын абаттандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Сонымен қатар Яссы көшесіне жол жүріп, ондағы абаттандыру шараларын қайта пысықтады.
Аралау жұмыстары қала аумағындағы көпфункционалды атшабар алаңында жалғасты. Нысан 99,3 гектар аумақта орналасқан. Заманауи көпфункционалды кешенде 1 500 орындың трибуна, 10 жылқыға арналған қысқы және 50 жылқыға арналған жазғы қора, 2,5 шақырымды құрайтын атжарыс алаңы, көкпар алаңы, конкур қарастырылған. Бүгінде ғимаратқа ішкі инженерлік желілер тартылып, сыртқы, ішкі әрлеу, терезе орнату, шатырын жабу, жер тегістеу және дренаж төсеу шаралары жүргізілуде. Құрылысқа 43 дана техника мен 174 адам жұмылдырылған. Нысанды осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға тапсыру көзделген.
Түркістан қаласындағы жүргізіліп жатқан құрылыс барысын бақылаған Еркебұлан Дауылбаев жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. «Сақалды құрылысқа» жол берілмейтінін ескертіп, мерзімінен кешіккен мердігерлерге шара көруді тапсырды. Сонымен қатар жұмысшы санын арттыруды міндеттеп, сапаға баса мән беруді талап етті.
– Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев қаладағы тұрғын үй және инфрақұрылым құрылыстары жүріп жатқан нысандардың жұмыстарын аралау барысында бірқатар кемшіліктерді анықтап, оны жоюды мердігерлерге тапсырған болатын. Ол кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал бүгінгі күні Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны артуда. Атап айтсақ, бүгінгі таңда Түркістан қаласы бойынша 23370 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 944 пәтерлі 11 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңына дейін қалған 512 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары толықтай аяқталады. Ол тұрғын үйлер кезектілікпен, тұрғын үй талаптарына сәйкес иелеріне берілетін болады», – деді Түркістан қалалық Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев.
Ал тұрғын үйге қатысты мәселеде Түркістан облыстық «Отбасы банк» акционерлік қоғамының филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев биыл Түркістан қаласында «Отбасы банк» арқылы несиелік жүйемен 2078 тұрғын үйді берілетінін айтты. Түркістан қаласында орналасқан тұрғын үйлерге өтініштер – Түркістан облысы бойынша үй кезекте тұрған банк салымшыларынан қабылданады. Ал, шаршы метр бағасы 180000 мен 220000 теңге аралығында екенін жеткізді.