«Әділет» пен «AMANAT» біріксе... Жаңа құрылымның төрағасы кім болуы мүмкін?

Oinet.kz 10-06-2026

Қазақстанның саяси кеңістігінде соңғы күндері ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – биліктегі «Amanat» партиясы мен жаңадан құрылған «Әділет» партиясының ықтимал бірігуі. Әзірге бұл жөнінде нақты саяси шешім жарияланған жоқ. Алайда «Amanat» партиясының саяси кеңесі деңгейінде айтылған мәлімдемелер, әңгімелер қоғамда түрлі сұрақ туғызды. Ең басты сұрақ – билік неге жаңа партия құрып, енді оны елдегі ең ірі партиямен байланыстырып отыр? Бұл шынымен саяси жаңғыру ма, әлде кезекті ойын ба?

әділет.jpeg

Қазақстандағы билік партиясының тарихына қарасақ, оның атауы бірнеше рет өзгерген. 1999 жылы құрылған «Отан» партиясы кейін «Нұр Отанға», одан соң «Amanat»-қа айналды. Бірақ атауы өзгергенімен, партияның саяси табиғаты түбегейлі өзгерді деп айту қиын. Ол әлі де биліктің негізгі саяси тірегі болып саналады. Мәжілістегі ең ірі фракция да осы партияға тиесілі. Мәслихаттардағы депутаттардың басым бөлігі де – «Amanat» мүшелері. Сондықтан дәл осындай ауқымды саяси құрылымның жаңадан құрылған партиямен бірігуі туралы әңгіменің өзі күтпеген жағдай болды.

Саясаттанушы Дос Көшім Ulysmedіa.kz порталына берген пікірінде қазіргі жағдайға классикалық саяси логикамен қараудың қажеті жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, Қазақстандағы партиялық жүйе шынайы саяси бәсекеге емес, әкімшілік сценарийге көбірек ұқсайды.

– Бізде классикалық үлгідегі партия жоқ. Кәдімгідей бір топ мүдделес адам жиналып, ортақ саяси мақсат қойып, партия құратын жүйе қалыптаспаған. Билік өзі сценарий жасайды. Партиялар көппартиялық жүйе бар екенін көрсету үшін ғана керек. Сондықтан қазіргі процестерде логика іздеу қиын, – дейді ол сұхбатында.

Дос Көшімнің айтуынша, «Әділетті» толыққанды саяси партия деп атауға да әлі ерте. Өйткені ол жаңа құрылып жатыр, қоғамдағы ықпалы, нақты идеологиялық бағыты, электоралдық әлеуеті әлі белгісіз. Яғни, әзірге бұл құрылымның болашақтағы рөлі толық айқын емес.

Шынында да, «Әділет» партиясы саяси алаңға өте қысқа уақыт бұрын шықты. Оның құрылтай съезі биыл мамыр айында өтті. Партия төрағасы болып Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай сайланды. Бұл фактордың өзі қоғам назарын аудартты. Себебі Қазақстанда Президент Әкімшілігін басқарған тұлғалар әрқашан билік вертикалындағы ықпалды фигуралар ретінде қабылданады. Сондықтан көпшілік жаңа партияны жай ғана қоғамдық бастама емес, билік ішіндегі жаңа саяси жоба ретінде қарастыра бастады.

Сарапшылардың бір бөлігі «Әділет» партиясының пайда болуын «Жаңа Қазақстан» идеологиясымен байланыстырады. Олардың пікірінше, соңғы жылдары билік бұрынғы саяси символдардан біртіндеп алыстауға тырысып келеді. Бұл жерде «Amanat» партиясының өзі де белгілі бір деңгейде «ескі Қазақстанның» символына айналып үлгергені айтылады. Әсіресе қоғамның бір бөлігі үшін партия әлі күнге дейін «Нұр Отанның» жалғасы ретінде қабылданады. Сондықтан жаңа бренд қажет болуы мүмкін деген пікір бар.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев болса, бұл процестің саяси ғана емес, құқықтық салдары да болуы мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, егер «Amanat» заңды түрде «Әділетке» қосылатын болса, онда күрделі жағдай туындайды. Өйткені мәслихаттардағы депутаттардың шамамен 70 пайызы – «Amanat» мүшелері. Егер партия таратылса немесе заңды мәртебесі өзгерсе, олардың мандатының тағдыры қалай шешілетіні түсініксіз болуы мүмкін.

Сондықтан Әшімбаевтың болжамынша, ең ықтимал сценарий – бірігудің формалды түрде «Amanat» негізінде жүзеге асуы. Бірақ жаңа бренд ретінде «Әділет» атауы қолданылуы мүмкін. Яғни, саяси құрылым сақталады, бірақ сыртқы имидж өзгереді.

Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. «Amanat» – жай ғана партия емес. Оның үлкен аймақтық желісі, медиахолдингі, сараптамалық құрылымдары, қоғамдық қабылдау бөлмелері бар. Партия елдің барлық ауданында  өкілдік ашқан. Ал «Әділетте» мұндай инфрақұрылым әлі қалыптасқан жоқ. Сондықтан көптеген сарапшылар техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қарағанда, жаңа партияның «Amanat»-ты жұтып қоюы қисынсыз көрінеді дейді.

Кадрлық мәселе де қызу талқыланып жатыр. Қазір «Amanat» партиясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов басқарады. Ол соңғы жылдары билік жүйесіндегі негізгі саяси менеджерлердің біріне айналды. Ал «Әділеттің» басында Айбек Дәдебай тұр. Сондықтан ықтимал бірігу жағдайында партияны кім басқарады деген сұрақ өзекті болып отыр.

Кейбір болжамдар бойынша, жаңа құрылымда қос тең төраға моделі болуы мүмкін. Басқа нұсқада Дәдебай партиялық жұмысты қолға алып, Қошанов Парламенттегі фракцияны басқаруы ықтимал деген пікірлер айтылады. Сонымен бірге Қошановтың басқа мемлекеттік қызметке ауысуы да жоққа шығарылмайды.

Соңғы уақытта саяси элита ішіндегі кадрлық өзгерістер туралы әңгімелер жиілеп кетті. Сарапшылар қазірдің өзінде бірнеше ықпалды тұлғаның жаңа қызметтерге баруы мүмкін екенін айтып жүр. Бірақ Қазақстан саясатында кадрлық шешімдерді болжау қиын екені бұрыннан белгілі. Сондықтан нақты өзгерістер тек ресми шешімдер жарияланғаннан кейін ғана түсінікті болады.

Қазірдің өзінде екі партияның съездері белгіленген. «Amanat» партиясының кезекті съезі 12 маусым күні Астанада өтеді деп жоспарланып отыр. Ал «Әділет» партиясының екінші съезі 14 маусымға белгіленгені айтылуда. Сарапшылар дәл осы жиындарда партиялардың болашағына қатысты негізгі шешімдер жариялануы мүмкін деп болжап отыр.

«Спорт басқармасының басшыларына береміз» Шымкентте директор қызметкерлерінен осылай деп ақша жинаға
Қарашөкеевтің командасында ірі шенеунік сотталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу