Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Түркістан қаласында шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Президент айтқандай, мемлекет ірі бизнесті де дамытуға мүдделі.
Бұл арада отандық және шетелдік инвесторлардың ел бизнесіне салып отырған көмегі де зор. Түркістан қаласының экономикалық даму бағытында оң көрсеткіштерге қол жеткізілген. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, жалпы бекітілген индикаторлық көрсеткіштер бойынша 77 көрсеткіштің 64-і орындалып, 13 көрсеткіш жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ өнеркәсіп өнімінің көлемі 29,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,9 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 17,8 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,5 пайызға жеткен. Сондай-ақ бөлшек сауда көлемі 69,5 миллиард теңгені құрап, 116,7 пайызға өсім тіркелген. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 155,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4 пайызға артқан.
Қаржы саласында да бірқатар нәтижелер бар. Салықтық түсімдердің өсу қарқыны 133,9 пайызды құраса, әлеуметтік салық түсімдері 148,8 пайызға жеткен. Сондай-ақ, әлеуметтік сала бойынша, қаладағы 2-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген. Қосымша үйірмелермен қамту деңгейі 78 пайызды құрайды.
Ал республикамызда Түркістан өңірі ауыл шаруашылығы саласында жетекші саланың бірі. Түркістан қаласында өткен 7 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімі көлемі – 2 661,5 миллион теңгені, 86,1 пайызды құрап отыр. Жалпы облыс мақта, көкөніс және жеміс-жидек өсіру бойынша республикада 1 орында. Жыл сайын жылыжайлар мен егістік алқаптарының көлемі артуда. Салаға Кореяның жасанды интеллект, робототехника және биотехнологияға негізделген озық агротехнологияларын, соның ішінде заманауи «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесін енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыстың бірегей тарихи ескерткіштері, бай мәдениеті, қонақжайлылығы пен әсем табиғаты туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында IT саласының мамандарын дайындайтын Woosong университетінің филиалын ашу – өңірдің цифрлық трансформациясына бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба Қазақстан мен Корея арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайта түспек.
Атап өтерлігі өткен жылдың қорытындысы бойынша Корея Республикасы Қазақстан экономикасына инвестиция құю көлемі жағынан шетелдік ірі инвесторлар арасында үшінші орында. Өткен жылы екі ел арасындағы екіжақты тауар айналымы 3,1 миллиард АҚШ долларына жетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan және басқа да 876 оңтүстік кореялық компания табысты жұмыс істеп келеді.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік және мәдени нысандар да бой көтеруде. Соның бірі жуырда пайдалануға берілетін «Қолөнершілер қалашығы». Бұл жобаның жалпы аумағы 2,3 гектарды құрайды, ал құрылыс жұмыстары 1,5 гектар аумақты қамтып отыр. Туристік және мәдени бағыттағы бұл кешен 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. Мұнда 20 шеберхана, 2 шоурум, көрме залы, мейрамхана, қонақүй және өзге де қажетті инфрақұрылымдар қарастырылған. Сонымен қатар, өңірлік ерекшеліктер мен тұтынушылар сұранысына сәйкес арнайы брендтік каталог әзірленіп, соның негізінде ұлттық кәдесыйлар нарыққа шығарылатын болады.
Әзімбек Пазылбекұлы «Қолөнершілер қалашығы» қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін дәріптеп, отандық және шетелдік туристер үшін тартымды мәдени орталыққа айналатынын айтты. Құрылыс алаңында болған қала басшысы ондағы жауапты сала мамандарына құрылыс сапасын арттыру, мерзімді қатаң сақтау және кешенді мазмұндық тұрғыдан жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Түркістан қаласына «World Craft Council» халықаралық ұйымының шешімімен және Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің келісімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Маңызды мәртебе аясында қыркүйектің 26-28 күндері халықаралық деңгейдегі– «Түркістан – қолөнершілер қаласы» халықаралық фестивалі өтеді деп күтілуде. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының сөзінше мұның барлығы қаланың экономикалық және әлеуметтік көрсеткішіне оң серпін беруде. «Индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы формалды есеп үшін емес, нақты нәтиже мен жүйелі жұмыстың айғағы» дейді қала басшысы.