Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында шетелдік және отандық инвесторлар тарта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын.
Президент тапсырған міндеттер Түркістан қаласында жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып, байланыстырып отыр. Президентіміз «Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды. Мұндай кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге түсуге де қабілетті. Қазір шетелдік бизнестің Қазақстанда өз өкілдігін ашып жатқаны да көңіл қуантады. Бұл жағдай отандық нарыққа халықаралық сипат беруге, әділ бәсекені күшейтуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді», деп санайтынын айтқан болатын. Президент тапсырғандай, Түркістан қаласында жаңа инвесторларды тарту мақсатында отандық және шетелдік кәсіпкерлермен жүздеген кездесу өткізіліп, ондаған келісім-шартқа қол қойылды. Соның қатарында Түркістан қаласына инвестиция салуға ниетті Қытай мен Корей инвесторлары да бар.
Кешегі күні Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірнеше шетел инвесторларымен кездесті. Соның бірі Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлар. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласына арналған полиэтилен мен крахмалдан биологиялық ыдырайтын пластикалық бұйымдар өндірісін іске қосу мәселелері талқыланып, тараптар өзара пікір алмасты.
Қала әкімі шетелдік инвесторларға Түркістан қаласының инвестициялық мүмкіндіктері мен туристік әлеуетін таныстырды. Сондай-ақ, қалада бизнес жүргізу үшін барлық қолайлы жағдай жасалып отырғанын және инвесторларға толық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба аясында 30 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өндіріс орны Түркістан қаласының индустриалды аймағында орналасуы жоспарлануда. қытайлық инвесторлармен болған кездесуде тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтып, жобаны сәтті жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екендерін білдірді.
Сондай-ақ Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһарда ұйымдастырылған «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтамақтастық орталығы» тақырыбында өткізіліп жатқан екінші ынтымақтастық форумына қатысты. Бұл Түркістан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың жемісі. Алғашқы «Орталық Азия – Корея» форумы былтыр Корея Республикасында өткен болатын. Бүгінгі кездесу осы маңызды миссияның жалғасы ретінде тәжірибе алмасуға және нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін алаңға айналды.
Түркістан қаласында өткен Орталық Азия – Корея халықаралық форумына Корея және Орта Азия елдерінің, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінің делегациясы қатысты. Делегация құрамында Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ Ик, «GAROK» қауымдастығының бас хатшысы Ю Мин Бон, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы Джээнбаев Бактыярбек, «Woosong University Kazakhstan» университетінің директоры Чон Ёнг Хва бар.
Алдымен, халықаралық форумда Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымы көрсетілді. Форумда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров алғысөз алып, Түркістан облысы стратегиялық әріптестікті нығайтуға, өңіраралық байланысты кеңейтуге және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар басқосуда Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ Ик, «GAROK» қауымдастығының бас хатшысы Ю Мин Бон, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттіктің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы Джээнбаев Бактыярбек, «Woosong University Kazakhstan» университетінің директоры Чон Ёнг Хва сөз алып, серіктестік орнатуға дайын екендерін жеткізді.
Көп ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының жүрегі болған Түркістан – мәдениеттер мен идеялар, сауда жолдарының тоғысқан мекені. Түркістан облысы халықаралық байланыстарды белсенді түрде дамытып келеді. Қытай Халық Республикасының бірқатар аймақтарымен, Орталық Азия елдерімен және Түркиямен бауырлас өңірлік қарым-қатынастар орнатылған. Ынтымақтастықтың жарқын үлгісі – Қазақстан мен Өзбекстан арасында бірлесіп құрылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы.