Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Түркістан қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Қаланың барлық жылу қазандықтары мен желілері тексеріліп, жөндеуден өтіп жатыр.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, қазіргі таңда 18 жылу қазандығы мен 55 шақырымнан астам жылу желілері қысымдау, шаю жұмыстарынан өтті және қажетті отынмен қамтылуда.
«Бүгінгі күні адам үшін ең керегі жайлылық. Яғни, алаңсыз жұмыс істеуі үшін жайлылық керек. Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің жылылығы, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және әрбір адамның жұмысты істеуіне қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде аймақта табысты іске асырылуда. Қазіргі таңда өңірде жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде» дейді қала басшылығы.
Халқымызда «Жаз арбаңды қыс сайла, қыс арбаңды жаз сайла» демекші қала тұрғындары қыс айларына ерте бастан қамданатыны белгілі. Биыл да Түркістан қаласының басшылығы жылдағы сол бір дәстүрден жаңылған жоқ. Әрі, оған ел ішіндегі «Биыл қыс қатты болады екен» деген қаңқу сөз де себеп болғандай. Десе де, қыс қыстығын жасамай қоймайды. Ал жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін дайындық жұмыстарын ойдағыдай жоспарлап, тиісті жұмыстарды әкімдік үшін маңызды кезең болып саналады.
Қала әкімінің айтуынша, шаһарда жылу беруде, қазандықтардың жұмысын жақсартуда жаңа технологияларды пайдалану арқылы осы саланы дамыту маңызды. Жылу желілерінің тозу деңгейі жоғары инфрақұрылымды жаңарту және коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға белгіленген ережелер шегінде инвестицияларды тарту мәселелері қарастырылуда.
Жалпы жуырда осы жылыту маусымына дайындық жұмыстары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында да қаралған болатын. Түркістан қаласының жылыту маусымына дайындық барысын пысықталған басқосуда аймақ әкімі жауапты басшыларға барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.
– Алдағы жылыту маусымына дайындық – бұл ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруінің кепілі. Біз әрбір әлеуметтік нысан мен көпқабатты үйдің жылуға уақытылы қосылуын қамтамасыз етуіміз керек. Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуі тиіс, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Бүгінгі күні Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, қалада 219 көпқабатты тұрғын үй, 65 әлеуметтік нысан, 60 кәсіпкерлік объектісі мен 33 жеке тұрғын үй жылу жүйесіне қосылуға дайын. Облыс орталығындағы 18 негізгі қазандық табиғи газбен жұмыс істейді. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті қуат пен отын көлемі есептеліп, жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті қаржы да қаралып, бөлінуде. Қазіргі таңда қалада жылыту маусымын 20 қазанға дейін толық бастау жоспарланып отыр. Инфрақұрылым мен отын жеткізу бойынша мәселелер әкімдік бақылауында. «Түркістан қаласында қысқы қауіпсіздік пен тұрақты жылу беру толық қамтамасыз етіледі» дейді шаһар басшысы.
Сондай-ақ қаладағы 38 мектептің 34-і газдандыру жүйесіне, ал 4 мектеп орталық жылу жүйесіне қосылған. Балабақша, қосымша білім беру ұйымдарында да қатты отынмен жылытатын мекеме жоқ.