Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде бұқаралық спортты дамыту үшін спорттық кешендерді көптеп салуды тапсырған болатын.
Президент тапсырмасына сай Түркістан қаласында спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Соның бірі – бір апта бұрын ғана Түркістан қаласында ашылған «Ескек есу» каналы.
Жалпы Түркістан қаласында жаңа бой көтерген нысан 100 гектар аумақты алып жатыр. Бұл кешен туризм мен спортты біріктіретін Орта Азиядағы теңдесі жоқ нысандарының біріне айналмақ. Мұнда академиялық ескек есу, байдарка және каноэ спортымен айналысуға болады. Сондай-ақ нысан демалыс, серуен және түрлі көпшілік шаралар өткізу орны ретінде де пайдаланылады.
Халықаралық стандарттарға сай салынған (ICF және FISA талаптары бойынша) жаңа нысанның ұзындығы – 2222 метр, ені – 260 метр, тереңдігі – 4 метр. Ондағы құрал-жабдықтар толық автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Арна аумағында спорт кешендері, 1000 орындық трибуна, қонақүй, көгалдандырылған жағалау, технологиялық көпірлер қарастырылған. Заманауи ландшафт дизайны, урбанистік жағалау стилінде жасалған кешенде веложолдар, демалыс аймақтары бар.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының сөзінше, мұнда спорттың 6 түрінен 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттыға алады. Сонымен қатар азиялық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырылады. Бір атап өтерлігі жаңа нысанда жыл он екі ай оқу-жаттығу жиындарын өткізуге толық мүмкіндік бар. «Бұл нысан Түркістан үшін неге маңызды болып саналады. Өйткені қалаға келетін туристерді тартады. Мұнда спортпен шұғылданумен қатар, демалыс аймақтары қарастырылған. Бұл бір жағынан туристерді көбірек тартып, қала бюджетін арттыруға себі тисе, екінші жағынан бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді. Осының шеңберінде халықаралық деңгейде жарыстар, чемпионаттар өткізуге мүмкіндік болады. Бір сөзбен айтқанда қаланың имиджін қалыптастыруға тың серпін беретін бұл кешен Түркістанды тек тарихи және мәдени орталық ретінде ғана емес, сонымен бірге заманауи туристік хаб ретінде көрсетуге мүмкіндік ашпақ» дейді қала басшысы.
Сонымен қалада Орта Азияда теңдесі жоқ заманауи «Ескек есу» арнасының ашылуы өтіп, мерекелік іс-шараға 20 мыңнан астам адам қатысты. Бұл – тек спорт нысанының емес, күллі өңірдің дамуының жаңа кезеңі басталғанын білдіретін символикалық оқиға болды. Ал спортшылар жаңа нысандағы арна халықаралық стандарттарға толықтай сай және академиялық есу, байдарка мен каноэ, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сынды спорт түрлеріне бейімделген дейді. «Бірегей кешенде 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттығуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Азия және әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық әлеуеті бар. Бұл нысан Қазақстанды халықаралық спорт аренасында жаңа деңгейге көтермек» деген ойда.
Бұл Түркістан қаласында өткен салтанатты іс-шараға Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониецко мен Қазақстан «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев қатысып, тарихи меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Түркістанды Орталық Азиядағы алғашқы есу спорты хабына айналдыруға жол ашады. Іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Мырзабосынов, сондай-ақ халықаралық және отандық спорт федерацияларының жетекшілері сөз сөйледі.
– Бұл – Түркістанның ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтататын тарихи оқиға. «Ескек есу» арнасы – болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейтін алтын ұя болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Сонымен жаңа нысанның ашылу салтанаты тек спорттық қана емес, нағыз мәдени феноменге айналды. «Turkistan Water Fest & Sky Lights» фестивалі шеңберінде қала тұрғындары мен қонақтары су үстіндегі шоу, флайборд, лазерлі және фонтан қойылымдарын тамашалады. Түркістан аспанын түрлі-түсті әуе шарлары, отшашулар мен лазерлер жарықтандырды.
Фестиваль аясында дәстүрлі «Taiqazan» ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, қолөнершілер көрмесі, 10-ға жуық шеберлік сабағы мен ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылды. Цирк әртістері, аниматорлар мен бишілер қала тұрғындарына шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бүгінде өңір спортшылары 1800-ден астам ұлттық медаль (оның ішінде 406 алтын), әлем және Азия чемпионаттарынан 184 медаль (58 алтын) жеңіп алған. Олимпиадаға 9 жолдама – Түркістан спортының қарқынын көрсетеді.
Сондай-ақ, Түркістанда қысқы спортты дамыту бағытында «Мұз сарайы» ашылып, 400-ден астам жасөспірім хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трекпен айналысуда.
Қазіргі уақытта қалада атшабар кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл ұлттық спортты қайта жаңғыртып, Түркістанды ат спортының да орталығына айналдырады. Бұдан бөлек, биыл Түркістан облысында 102 спорт нысаны пайдалануға берілсе, тағы 10 нысан 2026 жылы іске қосылады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін 22 бейімделген спорт секциясы ашылып, инклюзивті ортаның дамуына басымдық берілуде. Мемлекет қаржысына Түркістан қаласында бұл бағытта ісьелген жұмыс көп-ақ. Ал Түркістанда ашылған «Ескек есу» арнасы – еліміздегі спорт инфрақұрылымының, жастар саясатының және өңірлік туризмнің симбиозы. Бұл – болашақ чемпиондар мекені ғана емес, ұлттық мақтанышқа айналар нысан болмақ.