Жүзімнен тапқан табысын

Oinet.kz 09-07-2025 16

Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығына қолайлы табиғи-климаттық жағдайымен, еңбекқор халқының арқасында аграрлы саласы тұрақты дамып келе жатқан өңір.

Screenshot_18.jpg

Мұнда диқаншылық пен бағбандықты кәсіби деңгейде меңгеріп, оны табыс көзіне айналдырып отырған жандар аз емес. Солардың бірі – Көлкент ауылдық округіне қарасты Теспе ауылының тұрғыны, тәжірибелі бағбан, кәсіпкер Бағдат Адамбекұлы Найман.

Аудан экономикасын ілгерілетіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, жергілікті өнім өндіруде үлес қосып отырған азамат – жүзім шаруашылығын 55 жылдан бері үздіксіз дамытып келе жатқан сала маманы. Атадан балаға мирас болған кәсіпті өркендетіп, берекелі тірліктің үлгісін көрсетіп отырған Бағдат ағаның тынымсыз еңбегі көпке өнеге.

– «Жүзім баптау – күн сайын назар мен күтім талап ететін кәсіп. Бірақ еңбекқор адам үшін бұл қиын емес, қайта шабыт береді. Ата-анамнан дарыған осы кәсіппен талай жылдан бері айналысып келемін. Бүгінде өз үйімнің ауласынан бөлек, 1,5 гектар жерге жүзім отырғызып, түрлі сұрыптарын баптап отырмын», – дейді кәсіпкер.

Бағдат ағаның жүзім алқабында «Тайфун», «Ризомед», «Победа», «Қара гөзал», «Кишмиш» және «Кординаль» сынды өнімділігі жоғары 6 сұрып өсірілуде. Биылғы жылдың өзінде кәсіпкер 30-40 тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш – аудандық ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттырумен қатар, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға қосқан сүбелі үлес.

Бағбанның айтуынша, жүзімді дұрыс уақытта суарып, тыңайтқышын уақтылы беріп, зиянкестерге қарсы арнайы өңдеу жұмыстарын жүргізіп отыру – мол өнім алудың кепілі. Ауыл шаруашылығы маманы болмаса да, тәжірибесі мен ерен еңбегінің арқасында кәсібін табысты жүргізіп отырған азамат, көршілес ауылдардағы жүзім өсірушілермен жиі тәжірибе алмасып отырады.

Кәсіпкер ауыл жастарын жұмыспен қамту мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. Алайда, оның айтуынша, бұл орайда қиындықтар да жоқ емес. Жүзім баптау жұмысына жастарды тарту оңай емес, кейде көрші елден жұмыс күші тартуға мәжбүр болады. Жалақысы күндік 5-7 мың теңге аралығында болғанымен, бұл еңбекке ниет білдіретін жастар аз.

Бағдат аға тек өнім өндіріп қана қоймай, экологияны жақсартып, өңірдің жасыл желекке орануына да сеп болып отыр. Бұл – «жасыл экономикаға» көшуге бағытталған мемлекеттік бастамаларға сәйкес, маңызды қоғамдық миссияның бірі.

Тарихи маңызға ие кәсіпті жалғастырып, ауылдың әлеуетін арттырып отырған бағбанның шаңырағында бүгінде екі ұл, үш қыз өсіп-өніп отыр. Әзірге кәсіпті қай ұлы жалғастыратыны белгісіз болғанымен, ағамыз ата кәсіпті ешқашан үзілмейтін игілікке айналдыруды көздейді.

Аудан басшылығы тарапынан мұндай азаматтарға қолдау көрсету, жеңілдетілген несиелер мен техникалық көмек ұсыну – аудан экономикасының тұрақты дамуына жол ашады. Сайрам ауданы әкімдігі «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында осындай еңбек адамдарының тәжірибесін кеңінен насихаттап, жаңа буын кәсіпкерлердің қалыптасуына ықпал етуде. Ауыл – ел бесігі десек, сол бесіктің діңгегі болған азаматтардың еңбегі ескерусіз қалмауы тиіс. Тіршілігі табиғатпен үндесіп, шаруасы дөңгеленген кәсіпкердің ісі – ауданның экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, болашақ ұрпаққа да бағыт-бағдар береді.

С.АБЫЛБЕКОВА

Кәсібің – нәсібің
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу