Аудан дамуының тетігі
Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы халық тығыз орналасқан, табиғи және еңбек ресурстары мол, инвестициялық әлеуеті зор өңірлердің бірі.
Соңғы жылдары аудан аумағында инфрақұрылым, коммуналдық желілер мен жол салу бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, мемлекеттік және жеке инвестициялар тарту арқылы бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының өркендеуіне, тұрғындар өмірінің сапасын арттыруға және кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп отыр.
Аудан халқының тұрмыстық жағдайын жақсарту, өндірістік нысандар мен әлеуметтік инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін 4 елді мекенде жаңа электр жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, бүгінде аяқталған. Бұл нысандарға бөлінген қаражат – инфрақұрылым саласына бағытталған нақты инвестиция болып табылады. Электрмен жабдықтаудың жақсаруы ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуына, шағын цехтар мен сервистік қызметтердің көбеюіне мүмкіндік туғызуда. Бұл – аудандық бюджетке түсетін салықтың да артуына ықпал ететін фактор.
2024 жылға дейін ауданға қарасты 42 елді мекеннің 39-ы табиғи газбен қамтылып, жалпы қамту көрсеткіші 92,8 пайызға жетті. Биыл Құтарыс, Қызылжар және Көлкент ауылдарын газбен қамту жұмыстары толығымен аяқталады деп жоспарланған. Табиғи газ жүйесіне қосылу – жылу мен қуат көздеріне тәуелділікті азайтып, отын шығынын төмендетеді. Сонымен қатар, бұл ауылдық жерлерде жылыжай бизнесін, азық-түлік өндіретін шағын кәсіпорындарды, тамақтану орындарын ашуға жол ашып отыр. Яғни, газбен қамту жобалары да – экономикалық тиімділік әкелетін инфрақұрылымдық инвестициялар.
Аудан аумағында 1 298 шақырым жол бар. 2024 жылы 2 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары (13,3 шақырым жол мен 1 көпір), 5 аудандық жолға орта жөндеу (26,3 шқ), 8 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілсе, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 45 көшеге (55,5 шқ) асфальт төселген. Бұл бағыттарға құйылған инвестициялар – ұзақмерзімді нәтиже беретін нақты қадам. Жол қатынасының жақсаруы – тауар айналымын жылдамдатып, ауылдан қалаға және кері бағыттағы экономикалық қозғалысты белсендіреді. Қысқасы, жол саласына салынған қаражат – тек көлік қозғалысы емес, кәсіпкерлік пен сауданың еркін тыныстауына жол ашады.
Инфрақұрылымға бағытталған әрбір теңге – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, жергілікті экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бүгінде Сайрам ауданында жүзеге асқан және іске асыру жоспарындағы жобалар жеке инвесторлар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландырылуда. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі», «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы» секілді мемлекеттік бағдарламалар инфрақұрылымға бағытталған басты инвестициялық арналарға айналды.
Инфрақұрылымдық жобалар – экономикалық өсімнің негізі. Сайрам ауданында соңғы жылдары жарық, газ және жол салу бағытында жүзеге асқан ірі жобалар – тек әлеуметтік мәселені шешіп қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жеке сектордың белсенділігін арттыруға және инвестициялық тартымдылықты көтеруге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Демек, инфрақұрылымға құйылған инвестиция – аудан экономикасының берік іргетасы.
С.СӘУЛЕБАЙ