Экономикалық даму – инфрақұрылым мен экологияға тұғыр
Сайрам ауданында соңғы жылдары экономика өсімі тұрақты сипат алып, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Әсіресе, инфрақұрылымдық жобалар мен экологиялық қауіпсіздік мәселелері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр. Бұл бағыттағы жүйелі істер аудан басшылығының күн тәртібінен түспей келеді.
Бүгін аудан әкімі Арман Сәбитовтың төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте осы маңызды мәселелер – инфрақұрылымды дамыту мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету жайы жан-жақты қаралды. Жиында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Керімбеков баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен шешімі күрделі түйткілдер туралы кеңінен мәлімет берді.
Аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын инфрақұрылым саласында бірқатар ірі жобалар қолға алынған. Соның бірі – электр жүйесін жаңғырту. Бұл бағытта жаңа трансформаторлар мен бетон бағаналар орнатылып, ондаған шақырым электр желілері жаңартылуда. Сонымен қатар, қуаты 1000 мегаватт болатын электр станциясы мен қосалқы станция салу жобасы жоспарға енгізіліп отыр. Электр энергиясымен үздіксіз қамту мақсатында қажетті құжаттар әзірленіп, жаңадан тартылған желілер тұрғын үйлерге кезең-кезеңімен қосылуда.
Жиында инфрақұрылыммен қатар, экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмады. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында биылдың өзінде ауданда 200-ден астам сенбілік ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғындар мен ондаған арнайы техника жұмылдырылды. Бұл шаралар барысында ағаш отырғызу, көше бойлары мен су арналарының тазалығы ерекше назарға алынды. Тұрғындар тарапынан келіп түскен экологиялық өтініш-шағымдар дер кезінде қаралып, тиісті шешімдер қабылданған. Жиын соңында аудан әкімі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, сондай-ақ тазалық мәдениетін қалыптастыруда түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қоғамдық белсенділікті арттыруды жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырды.
Ауданның экономикалық өрлеуі мен тұрғындардың әл-ауқаты – бір-бірімен тығыз байланысты. Сол себепті инфрақұрылым мен экология мәселесі тек салалық деңгейде емес, тұтас ауданның даму стратегиясының маңызды бағыты ретінде қаралуда.
С.АБЫЛБЕКОВА