Бөденеден – мол пайда, ауыл экономикасына қосылған үлес

Oinet.kz 21-06-2025 4

Сайрам ауданында соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Screenshot_28.jpg

Шағын және орта бизнеске берілетін қолдаулар, мемлекеттік бағдарламалар мен гранттардың қолжетімділігі – аудан экономикасын әртараптандыруға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде, дәстүрлі салалармен қатар бұрын қолға алынбаған ерекше бағыттар – құс шаруашылығы, оның ішінде бөдене өсіру ісі кең өріс алуда. Мұндай бастамалар аудандағы өндіріс көлемін арттырып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге жол ашуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мемлекеттен көмек сұрап отырғанша, адамға балық емес, қармақ беру керек. Осы қағидатқа сай әрекет етеміз. Үкімет нақты қолдау құралдарын ұсынып, кәсіп ашуға ниетті адамдарға жан-жақты көмек көрсетуі керек», – деген болатын. Бұл сөздер – азаматтардың белсенді еңбек етуіне, өз кәсібін бастауына серпін берген нақты ұстаным.

Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланған азаматтардың бірі – Манкент ауылының тұрғыны Шавкат Эгамбердиев. Ол бірнеше жыл бойы жеке кәсіп ашуды армандап жүргенімен, қаржы тапшылығынан бұл ойын жүзеге асыра алмай жүрген. Алайда аудандық мансап орталығы арқылы мемлекет тарапынан берілетін 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грант туралы білген соң, тиісті құжаттарын тапсырып, мемлекеттік қолдауға ие болды. Алынған қаражатқа бөдене сатып алып, арнайы орын дайындап, кәсібін бастап кетті.

Бөдене – күтімі жеңіл, өнімділігі жоғары құс. Бір ғана бөдене жылына 250-300 жұмыртқа береді. Оның жұмыртқасы мен еті диеталық әрі емдік қасиеттерімен ерекшеленеді. Қазірдің өзінде бөдене жұмыртқасына деген сұраныс жоғары. Осыны ескерген Шавкат шаруашылығын кеңейтіп, инкубатор жүйесін іске қосуды қолға алған. Алдағы уақытта кәсібін оқыту және тәжірибе алаңына айналдыруды да жоспарлап отыр.

— Бұл істі бастағаныма еш өкінбеймін. Мемлекет тарапынан осындай мүмкіндік беріліп жатқанда, әрекет ету керек. Кәсіп – адамның қолындағы іс. Ниет пен табандылық болса, нәтижеге жетуге болады, — дейді кәсіпкер.

Статистикаға жүгінсек, былтырдың өзінде Сайрам ауданында 1779 азамат мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, түрлі бағытта кәсіп бастаған. Бұл – «Қарызсыз қоғам» жобасы, аудандық мансап орталықтары мен жергілікті әкімдіктің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Азаматтар арасында мал шаруашылығынан бөлек, қолөнер, кондитерлік, қызмет көрсету салаларын таңдағандар көп.

Шавкат Эгамбердиевтің жолы – ерекше кәсіпті таңдаудың, еңбек пен табандылықтың және дұрыс мүмкіндікті дер кезінде пайдаланудың үлгісі. Ол ауылда отырып-ақ табыс табуға болатынын дәлелдеп отыр. Мұндай бастамалар – қазіргі ауыл жастары мен жұмыссыз жүрген азаматтарға үлкен мотивация беретін тағылымды тәжірибе.

С.АБЫЛБЕКОВА

Мал шаруашылығы – экономиканың тірегі, экспорттың дәлелі
Экономикалық даму – инфрақұрылым мен экологияға тұғыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу