Мал шаруашылығы – экономиканың тірегі, экспорттың дәлелі
Сайрам ауданы соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуда тың серпінге ие болды.
Әсіресе, мал шаруашылығы бағытында жүзеге асқан жобалар мен заманауи өндіріс алаңдары аудан экономикасының қуатын арттырып, ел әлеуетін көтеруге елеулі үлес қосып отыр.
2024 жылғы мәліметтерге сүйенсек, ауданда 205 мыңнан астам ірі қара мал тіркелген. Оның 33 мыңдайы бордақылау алаңдарында күтіп-бағылуда. Жалпы, 1 000-нан аса бордақылау алаңдары бір мезгілде 42 мың басқа дейін мал қабылдай алады. Бұл өңірдің ет өндірісін жүйелі жолға қойғанын көрсетеді. Тәулігіне 3 мыңға жуық мал сойылып, аудандағы өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі.
Мал шаруашылығындағы өндірістік көрсеткіштер де айтарлықтай. 2024 жылдың алғашқы жеті айында Сайрам ауданында 112,8 мың тонна ет, 280,2 мың тонна сүт, 143,6 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 107–112 пайыз өсімге сәйкес келеді.
Аудан тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге өнім жеткізуде де белсенді. Түркістан облысы бойынша экспортталатын еттің 80 пайызы Сайрам ауданынан жөнелтіледі. Яғни, облыстың экспорттық әлеуетіне негізгі салмақ Сайрамның үлесінде. Мәселен, «Тұран Агро Ет-Сүт» АШӨК Өзбекстанға 3 500 тонна сиыр еті және 1 560 тонна қой етін жеткізген. Ал «Қайып ата» ЖШС 2 945 тонна сиыр етін Өзбекстанға, 118 тонна қой етін Иранға, тағы 110 тонна етті Тәжікстанға экспорттаған. Жалпы, 2023 жылдың 10 айында Сайрам ауданынан 15 800 тонна ет экспортталып, бұл көрсеткішпен өңір республика бойынша көш бастап тұр.
Ауданда ауыл шаруашылығына қажетті инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамып келеді. Қазіргі таңда 10 000 басқа арналған бордақылау алаңы, құрама жем зауыты, тері өңдеу және мал сою бекеттері салынып жатыр. Мәселен, «Нұрым Групп» ЖШС бір кешеннің аясында бордақылау алаңы, жем шығаратын зауыт және теріні толық өңдейтін цех салуда. Сонымен бірге, Қарабұлақ ауылында Аустралия үлгісіндегі заманауи мал биржасы құрылуда. Бұл жоба іске қосылған соң, фермерлер малын нарықтық бағада сату мүмкіндігіне ие болады.
Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығын заманауи форматта дамытып, экспорттық өнім көлемін еселеуге бағыт алған аймақ. Мал шаруашылығы бойынша нақты көрсеткіштер мен инфрақұрылымдық даму, сыртқы нарыққа шығу жолындағы сәтті қадамдар өңір экономикасының тұрақты өсуіне айқын дәлел бола алады. Мұндай бағыттағы жұмыс – тек ауданның емес, бүкіл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетік.
Салтанат АБЫЛБЕКОВА