Сайрамда түйеқұс өсіріле бастады
Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жыл өткен сайын жаңа серпін алып, өндіріс, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік бағыттарында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Мемлекет тарапынан берілетін қолдаулардың нәтижесінде ауыл тұрғындары тың кәсіп түрлерін меңгеріп, аудан экономикасын әртараптандыруға үлес қосып келеді. Бұрын-соңды тек тропикалық аймақтарда ғана кездесетін түйеқұс енді Түркістан облысының дәл осы Сайрам ауданында өсіріле бастады.
Манкент ауылының тұрғыны Санжарбек Болысов – түйеқұс өсіру ісін алғашқылардың бірі болып қолға алған жаңашыл кәсіпкер. Ол бұл ерекше шаруашылықты 2 жыл бұрын түйеқұстың екі балапанын сатып алып көруден бастаған. Күтімін жасап, бейімдеу жолдарын үйренген соң, өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, тағы да үш түйеқұс сатып алған.
Бүгінде Болысовтың үй ауласында екі жамқа толған 5 түйеқұс бар. Құстарды арнайы қорада ұстап, күнделікті далаға шығарып сергітеді. Ал ауыл сыртындағы шағын фермасында 4 аналық және 1 аталық түйеқұс бағып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, түйеқұс жергілікті ауа райына тез бейімделіп, 28-29 градус аязға да төтеп берген. Бұл – Сайрам ауданының климаттық жағдайы экзотикалық құс түрін өсіруге қолайлы екенін көрсетеді.
Санжарбек Болысов, Манкент ауылының тұрғыны: – Өткен жылы 28-29 градус аязға дейін шыдады. Сол аязда осы жерде тұрды. Биыл 17-18 градусқа дейін аяз көтерілді, жақсы. Ал ыстыққа шыдамды. Бізге жаңалық болып тұрғаны – енді үйреніп жатырмыз. Қандай ерекшелігі бар, қандай қиындығы бар – соны түсініп жатырмыз. Жолға қойып алсақ, біз үшін қиын болмайды.
Түйеқұс – ерекше табыс көзі. Оның биіктігі 2-3 метрге, ал салмағы 140-150 келіге дейін жетеді. Әрқайсысы 100 келіге дейін ет береді. Бұл ет – қант диабеті мен қан қысымы жоғары адамдар үшін диеталық тағам ретінде ұсынылады. Бүгінде жергілікті мейрамханалар түйеқұс етінің әр келісіне 4 мың теңге төлеуге дайын. Сонымен қатар құстың теріcі аяқ киім мен сөмке өндірісінде, ал майы косметология мен күйікке қарсы емдеуде кеңінен қолданылады. Кәсіпкердің айтуынша, 1 түйеқұсты бордақылап сойғанда 3 литрге жуық май алынған, ал оның 100 граммы 10 мың теңге тұрады.
> Санжарбек Болысов: – Арманым – көбейтіп, ауылда, ауданда дамыту. Қой, жылқы баққандай, түйеқұсты да халық үйреніп алса екен деймін. Болашақта әр үйде болса, экспортқа шығару мүмкіндігі туар еді. Себебі оның майы өте қымбат әрі емдік қасиеті мол. Кеше ғана бордақылап сойып көрдік, майы өзі жеген жем-шөптің ақшасын ақтап тұр. Санжарбек Болысов мемлекеттен берілген қайтарымсыз гранттың арқасында осындай ерекше жобаны іске асырып отыр. 2023 жылы Түркістан облысында 1688 азамат грант иегері атанып, нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл бұл көрсеткіш арта түспек – 1793 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Жаңа мөлшерлеме бойынша, әр азамат 1 млн 476 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау алады.
Мамандардың айтуынша, түйеқұс өсіру – өңірлік ауыл шаруашылығын әртараптандырудың жаңа бағыты болуы мүмкін. Бұл жоба ерекше, бірақ тиімділігі жоғары. Кәсіпкерліктің жаңа көкжиегін ашып, табысты істің тетігіне айналуға толық негіз бар. Міне, дәл осындай ізденімпаз, еңбекқор азаматтардың арқасында Сайрам ауданы тек дәстүрлі емес, сонымен қатар баламалы бағыттар бойынша да дамып, облыс экономикасына серпін беріп келеді.
С.СӘУЛЕБАЙ