Су - тіршілік көзі
Сайрам ауданы – табиғи ресурстарға бай, инвестициялық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауданда инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық қызметтерді жаңғырту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұл өз кезегінде аудан экономикасын әртараптандыруға және тұрақты дамуға серпін беріп отыр.
Осы орайда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – маңызды әлеуметтік мәселе ғана емес, экономиканың да негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастырылуда. Аудан әкімі Арман Сабитов Қарабұлақ ауылдық округіндегі ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарымен танысып, нысан басында атқарылып жатқан істердің барысын бақылап қайтты.
Аудан басшысы нысанды аралау барысында тиісті бөлім басшыларымен және мердігер мекеме – «Алтын Констракшн» ЖШС өкілдерімен кездесіп, жобаның сапалы әрі мерзімінде орындалуын қадағалады. Қазіргі таңда округ аумағында ауыз су көздері қазылып, олардың алтауы қоршалған. Сонымен қатар, 1900 текше метрлік су резервуарының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бұл нысанның маңыздылығы – тек инженерлік инфрақұрылымды жетілдірумен шектелмейді. Таза ауыз су – тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасының кепілі.