Манкент станциясы жаңарады
Сайрам ауданы соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және логистикалық әлеуетті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, инвестиция тартуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге зор мүмкіндік беріп отыр.
Аудан экономикасының серпінді дамуына әсер ететін негізгі бағыттардың бірі – көлік және логистика саласы. Осы орайда Манкент теміржол станциясының күрделі жөндеуден өтуі – стратегиялық маңызы бар қадам. Себебі теміржол торабы – тауар айналымын жеделдетіп, жолаушылар қозғалысын жеңілдететін ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық келбетін айқындайтын басты инфрақұрылым нысандарының бірі.
Сайрам ауданындағы Манкент станциясының жаңартылуы көлік инфрақұрылымының заманауи талаптарға сай болуының маңызды дәлелі болып табылады. Бұл жобаның іске асырылуы ауданның көлік-логистикалық орталық ретінде қалыптасуына ықпал етеді, әрі аудан экономикасының даму қарқынын жеделдетеді.
Бүгін аудан әкімі Арман Сабитов нысан басына арнайы барып, құрылыс барысын көзбен көріп қайтты. Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жобаның сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына баса назар аударды. Жұмысшылармен пікір алмасып, орын алып жатқан мәселелерді тыңдады. Сондай-ақ станция аумағы мен ішкі инфрақұрылымының қазіргі жағдайымен танысып, құрылыс қарқынын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Аралау барысында Арман Сәбитов станцияның болашақта аудан халқы үшін аса маңызды нысанға айналатынын атап өтті. Оның айтуынша, теміржол станциясы – тек көлік торабы ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы бар стратегиялық орын. Сондықтан нысан заманауи талаптарға сай, ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс.
Қазіргі уақытта станцияда ескі ғимараттарды жаңарту, күту залдарын кеңейту, жолаушыларға арналған санитарлық жағдайларды жақсарту, перрон мен теміржол желілерін жөндеу, аумақты абаттандыру сынды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл өзгерістердің барлығы халықтың жайлы және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Манкент станциясының жаңартылуы – ауданның көлік инфрақұрылымын дамытумен қатар, өңір экономикасына оң әсер ететін маңызды қадам. Теміржол торабына келіп-кететін жолаушылар мен жүк айналымының артуы – жергілікті кәсіпкерлік пен сауда айналымын жандандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында көлік-логистика саласын дамытуға, халыққа ыңғайлы инфрақұрылым қалыптастыруға басымдық беріп келеді. Осы міндеттер аясында Сайрам ауданында атқарылып жатқан жұмыстар – мемлекет саясатының өңірлерде нақты іске асып жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ, бұл жоба ауданның жаңа кәсіпорындар мен өндіріс орындарына қолайлы жағдай туғызуына ықпал етеді. Теміржол арқылы жеткізілетін тауарлардың көлемі артқан сайын, ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп өнімдерін тасымалдау мүмкіндігі ұлғаяды. Бұл ауыл шаруашылығы мен жергілікті өндірісті қолдау, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыру үшін аса маңызды.
Қорыта айтқанда, Манкент теміржол станциясының қайта жаңғыртылуы – аудандағы маңызды стратегиялық жобалардың бірі. Бұл нысан тек көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, аудан халқының өмір сүру сапасына да тікелей әсер етпек. Аталған жоба толығымен аяқталған соң, Манкент ауылы мен жалпы аудан тұрғындары үшін заманауи талаптарға сай, жайлы және қауіпсіз инфрақұрылым қолжетімді болмақ.
С.СӘУЛЕБАЙ