Кентаудағы өзекті мәселелердің барлығы шешімін табады

Oinet.kz 04-08-2023 223

16.jpg 

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала тұрғындарымен есепті кездесулері Кентау қаласында жалғасты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттары түсіндірілуде. Өңір басшысы тұрғындарға жүргізілген жұмыстардың қорытындылары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы есеп берді. Өңірдің даму көрсеткіштері мен аудан, қалаларды аралау кезінде көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша баяндады.

- Біз сіздерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Өздеріңізбен биыл ақпан айында кездескен болатынбыз. Сол кезде қаланың маңызды мәселелері көтерілді. Оларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрғындар көтерген көпқабатты тұрғын үйдің ауласына «Воркаут» спорт алаңдары осы жылы пайдалануға беріледі. Лоток және дренаж жүйелерін салу мәселесі бойынша 11 ұңғыма қазылып, су бұру бойынша 6 шақырымға монтаждау жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар жалғасуда. Қаратау мөлтек ауданына инфрақұрылым жүргізу сұралған болатын. 8 шақырым кәріз жүйесін және 11 шақырым жол салдың құрылысы 1,7 млрд. теңгені құрайды. Бұл бойынша Ұлттық экономика министрлігімен қаржы қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап етеді. Бірақ, өзекті мәселелердің барлығы өз шешімін табатын болады,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарды тікелей облыс әкіміне қойды. Дархан Сатыбалды әр сұрақты мұқият тыңдап, толық жауап берді. Уәкілетті органдардың басшыларына тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуді тапсырды.

- Мен проблемалардан хабардармын. Көтерілген мәселелер бойынша шешім шығарылады. Кентаулықтар үшін тағы бір күрделі мәселе – жылыту мәселесі. Әбден тозығы жеткен жылу орталығына жыл сайын қазынан қыруар қаражат бөлінеді. Кентауды сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін 6 жылу қазандықтарын, подстанцияларын, 21 шақырым магистралдық жылу құбырларын, 81 шақырым ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын 3-кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 3,8 млрд. теңге бөлініп, 5 шақырым құбырлар жаңартылуда. Дәл қазір сол жұмыстарды көріп, тиісті тапсырмалар бердім. Жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Жылу электр орталығын қайта құру үшін 3 млрд. теңге қарастырылды. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Келешекте жылу орталығын газға ауыстыруды көздеп отырмыз, - деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы әкімі атап өткендей, Кентаудың даму әлеуеті зор. Шаһарда жаңа кәсіпорындарды ашу үшін индустриалды аймақ құрылған. Аймақ жол, жарық, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бүгінде ол жерде 4 млрд. теңгенің 11 жобасы орналасқан, 270 жұмыс орны ашылған. 71 млрд. теңгеге 7 өндірісті іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Бұл бюджеттің салық түсіміне оң әсер етеді.

Көпқабатты тұрғын үйлер салынып, 377 тұрғын үй сапалы инфарқұрылым жүйесімен қамтылады. Апатты деп танылған 47 кентаулық азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 451 млн. теңге бөлініп, баспана сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 55 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Ауыл - аманаты» пилоттық жоба аясында сүт, құс шаруашылығы және етті бағытты дамыту бойынша 3 ауыл шаруашылық кооперативтері құрылды. Жалпы 86 мүшеден құрылған кооперативтерден құжаттар қабылданды. 18 жоба 112 млн. теңгеге мақұлданды. 6-шы бағыт «Өз кәсібін бастау» бойынша 18 жоба қаржыландырылды.

Екі сағаттық ашық диалог арқылы өңір әкімі кентаулықтардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесудің тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Облыс әкіміне сұрақ қойған тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту жайлы мәселе көтеріп, қаланың тазалығына қатысты сын айтты.

- Иә, дәл қазір «Тазалық – табалдырықтан басталады» – деген қазақ атамыздың тамаша айтылған нақыл сөзі есіме түсіп тұр. Өзін өркениеттімін дейтін кей жерлестеріміз өз үйінің табалдырығына дейінгі ортаны, оны тазалайтын азаматтардың еңбегін бағаламайтыны өкінішті. Қоршаған ортаға құрметпен қарап, жанашырлық жасауды өзімізден бастайықшы. Сонда қазынадан қыруар қаражат кетірудің орнына сол ақшаны әлеуметтік маңызы бар, аса қажет нысандарды салуға жұмсар едік. Солардың санын арттырар ек. Біз тазалық мәселесін жіті бақылап отырамыз. Әр аудан, қалаға барған сайын бұл мәселені өзім көтеремін. Сырттан келген сыншының көзі сүйсініп, өзіміз үшін мақтаныш сезімі ұялайтын ауыл мен көше тазалығы бәрімізге ортақ. Сондықтан тазалықты сақтайық, ағайын! - деді облыс әкімі.

Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес басталды. Осы уақытқа дейін Дархан Сатыбалды Түркістан қаласы мен Мақтаарал, Жетісай аудандарында халықпен кездесу өткізді. Кездесу соңында азаматтарды жеке қабылдауы өтті.


Дархан Сатыбалды Кентаудағы жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты
Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң талқыланып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу