Мақтааралда мақта талшығын өңдейтін зауыт салынуда

Oinet.kz 03-08-2023 113

7.jpg 

Мақтаарал ауданында мақта талшығын өңдейтін зауытының құрылыс жұмыстарын бастап кетті.  Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдағы уақытта зауытта 50 жергілікті тұрғын үшін жаңа жұмыс орны ашылады. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі зор. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.

- Жергілікті әкімдердің алдында тұрған басты міндет – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру. Осы жылы мамыр айында облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барған болатынмын. Сол кезде бірнеше қалалардағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен таныстық. Біздің басты мақсатымыз – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі зор. Бұл бағыттарды дамыту үшін облысымыздың оңтүстік аудандарының әлеуеті жоғары. Осыны ескере отырып, шілде айында аудан әкімі Бақыт Насырханұлын және облысымыздың оңтүстік аудандарының басшылары мен жергілікті кәсіпкерлерді Қытай мемлекетіне іссапарға жолдадым. Нәтижесінде, Мақтаарал ауданынан жеке кәсіпкер Қытайлық кәсіпкерлермен 2,5 млн. АҚШ долларын құрайтын келісімшартқа қол қойып, жылдық қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын мақта талшығын өңдейтін зауытының құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл бағытта жұмыстар әрі қарай өз жалғасын табатын болады,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Мақтаарал ауданында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 80 пайызға өсіп, былтыр 10 мыңнан асты. Олармен 39 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Биыл қосымша 1,5 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Аудан бюджетінің өзіндік кірістері артуда. Оның көлемі 2019 жылы 1,2 млрд. теңгені құраса, былтыр 3,4 млрд. теңгеге дейін жетіп, 3 есе артып отыр. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 1,6 млрд. теңгені құрады (жыл соңына дейін 3,6 млрд. теңге). Бұл түсімдер ауданның әрі қарай дамуына өз септігін тигізеді.

Жоғары оқу орнын бітірген жастарға мемлекет «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қолдау көрсетіліп, үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген несие беріледі. Осы бағдарламаның аясында 2019 жылы ауылдық елді мекенге жұмыс істеуге келген 420 маманға 327 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы көрсетіліп, бюджеттік кредиттер берілген. Соңғы 5 жылда бөлінген қаржы көлемі 169%-ға артып, осы жылы 480 маманға 552 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр.

Мақтаарал ауданы экономикасының негізгі драйвері - ауыл шаруашылығы. Биыл жергілікті диқандар 61 мың гектар жерге егін екті. Оның ішінде 36,3 мың гектары мақта дақылы.

Мақта дақылынан алынатын өнімділікті және сапасын арттыру мақсатында Өзбекстандық «Globаl Textile» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, «Намаган-77» тұқымдық шит егілді. Биыл бұл компания Мақтаарал ауданында өзінің мақта қабылдау пункттерін ашып, 10 мың гектар алқаптан шикізат қабылдау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мақта қабылдау зауыттарымен қоса мақтаны терең өңдеу фабрикаларын салу жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы өнім көлемін арттыру және шаруалардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы аясында 300-ден астам аудан шаруалары ағымдағы жылы 1 мың гектар алқапқа ерте өнім беретін көкөніс дақылдарымен бірге мақта және бақша дақылдарын егіп, өнім көлемін арттыруда.

Мақтаарал ауданындағы суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдірудің 2 кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында 220 канал ретке келтіріліп, 150 тік дренажды ұңғымалар жөнделуде. Жоба құны – 42 млрд. теңге.

Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 24 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 4 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазіргі уақытта қосымша 2 жобаның іске асырылуы пысықталуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда тартылған инвестициялардың көлемі 5 млрд. теңгеге жетіп, 340 астам жұмыс орындары құрылады.

Ауданда жұмыспен қамту шаралары кенінен жүзеге асырылуда. «Еңбек» бағыты бойынша 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 746 жұмыс орындары ашылды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

- Өздеріңіз білесіздер, облыс тұрғындардың басым бөлігі ауылды елді мекендерде тұрады, нақты айтқанда 80 пайызы немесе 1,6 млн. адам. 1 млн.-ға жуық ауыл тұрғындарының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Осыған орай, қазіргі уақытта іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің облыс үшін өте маңызды.

Бағдарламаның аясында несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Мақтаарал ауданында бағдарлама Достық, Аязхан Қалыбеков, Иіржар, Жамбыл ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 76 жоба мақұлданып, 43,5 млн. теңгеге 8 жоба қаржыландырылды, 15 жоба кепіл шартын тіркеу сатысында тұр, - деген облыс әкімі халықты жаңа жобаның көмегімен кәсіп бастауға шақырды.

Кездесуде облыс әкіміне Мақтаарал тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өтініштерін жеткізді. Сонымен бірге жеке қабылдауда да өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір сұраққа жауап беріліп, хаттамаға енгізілді. Облыс әкімінің халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.


Мақтаарал сапалы ауыз сумен 97,1 пайыз қамтылған
Сайрам: Шайынды суларды тазартатын нысан пайдалануға берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу