Шардараны тазарту басталды
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шардара су қоймасының түбін тазартуға кірісті. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кететіні, су қоймасы 1966 жылы салынған және көлемі бойынша елімізде үшінші орында. Шардара су қоймасының соңғы батиметриялық түсірілімі (тереңдіктегі бірдей сызықтар туралы деректерді жинау процесі) 1977 жылы жүргізілген, сол кезеңдерде су қоймасының көлемі 5,2 млрд.м3 құраған екен.
Уақыт өте келе су қоймасының түбі біртіндеп шөгінділерге толып, су қоймасының көлемінің өзгеруіне әкеліп соққан (соңғы 55 жылда шөгінді тұнбасының көлемі шамамен 20% құрайды). Жаңа батиметриялық түсірілім су қоймасының нақты көлемін анықтау үшін жүргізілді.
Бүгінгі таңда зерттеу жұмыстары басталды, су қоймасының түбінен сынақ материалдары алынды, олар шөгінділердің арақатынасын анықтау үшін зертханаға жіберілді. Ал шөгінділерді өңдеп, материал ретінде кәдеге жарату жаңа технологияларды қажет етеді.
Айта кету керек, мұндай жұмыстар біздің елімізде алғаш рет жүргізілуде, бұл оңтүстік өңірлердегі су тапшылығын жою үшін жаңа серпін болмақ.