«Балыққа да бап керек»
Түркістан облысындағы балық шаруашылығын үйрететін мектепке еліміздің түрлі аймақтарынан келетін кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Шардара балық мектебі» ЖШС-нің директоры Абай Қыпшақбаев мәлім етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елімізде балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма жүктеген еді.
Президент тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2021-2030 жылға арналған бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама шеңберінде 2030 жылы елімізде балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл орайда, Түркістан облысында 20 мың тоннаға жеткізу межесі тұр. Жалпы 2022 жылы өңірде 6199,85 тонна тауарлы балық өндірілген. Биыл 6640 тонна тауарлы балық өндіру көзделіп отыр. Бүгінде аталған жоспарды орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Брифинг барысында мекеме басшысы Абай Қыпшақбаев өңірімізде балық өсіру шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл бағытта кәсіпкерлерге көмек беретін мектептің нәтижелі жұмыстарымен таныстырды.
Спикердің айтуынша, Түркістан облысында балық өсіру, акваөсіру саласын дамыту мақсатында алғаш рет «Шардара балық мектебі» ЖШС-і 2022 жылы өз жұмысын бастаған. Бүгінде мектеп кәсіпкерлерді 70 пайыз тәжірибелік, 30 пайыз жоғары дәрежелі мамандардың теориялық сабақтарымен ұштастырып, оқытып жатыр.
Сондай-ақ, мектептің оқыту курсына қатысушылардың 50 пайызы өзге өңірлерден келген. Атап айтсақ, Түркістан облысынан бөлек, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Тараз және Ақтөбе т.б. қалалардан келетін кәсіпкерлер бар. Бүгінде олар шаруашылықтарын дамыту үшін қажетті білім алып, кәсіптерін жандандырған.
«Шардара ауданында 20 жылдан бері балықты өңдеп, экспорттаумен айналысып келе жатқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Осы мекеменің қасынан балық шаруашылығын дамыту мақсатында оқыту курсын қолға алдық. Басты мақсатымыз - халықты сапалы өніммен қамтып, шаруашылықты өнеркәсіптік деңгейге көтеру, экономикалық тұрғыдан тартымды ету. «Балыққа да бап керек» демекші, бұл жерде кез келген балық өсірумен айналысқысы келетін азамат тәжірибе алмасып, бізбен серіктес бола алады», - деді Абай Бахытжанұлы.
Сондай-ақ, мұнда балықты қолдан және жасанды түрде өсіруге мүмкіндік бар. Одан бөлек, кәсіпкерлерге балықты дернәсілден бастап тауарлы балық көлеміне дейін өсірудің қыр-сырын, әрі қарай балық өсіруге нақты қызығушылық танытқан бизнес өкілдеріне тоған қазу, шарбақ орнату, бассейн құру және ол жерге шабақтарды жіберу жайы үйретіледі.
Мектеп бүгінге дейін 50 оқушыдан тұратын 6 лекті оқытқан. Оның ішінде, 15 бизнес өкілі қызығушылық танытып, балық өсіру кәсібін ашқан. Олар қазіргі таңда мектеппен тұрақты байланыс орнатып, кәсіптерін дамытып отыр. Бір аптаға арналған оқыту курсының ақысы - 200 мың теңге. Оқу курсы, жатын орны мен тамағы осы мектеп тарапынан қамтамасыз етіледі.
Брифингте белгілі болғандай, балық шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көп. Мәселен, балыққа берілетін жемнің 30 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Сонымен қатар, тауарлы балық өсіруші шаруашылықтарға арналған техника мен жабдық сатып алуға да қомақты қолдау бар.