Арыс: Жол жөндеу жұмыстары қарқын алды
Елімізде 2021 жылы қабылданған «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында ауқымды шаралар қолға алынып отыр. Ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын қамтиды.
Арыс қаласында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында игілікті істер атқарылуда. Аталған бағдарлама шеңберінде Сырдария және Атамекен елді мекендерінде 24 көшеге, яғни 9,8 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша,
қазіргі таңда, Сырдария елді мекенінде 11 көшенің негізгі қабаттары күшейтіліп, 2 қабатты асфальт төсеніші салынуда. Аталған бағдарламаның шарапатын Арыстан алыстағы Атамекен елді мекені жұрты да көреді. Мұнда дәл осындай 13 көше орташа жөндеуден өтпек.
Бұдан бөлек, Арыс қаласының ішкі көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Яғни, биыл бес шақырымды құрайтын қала ішіндегі 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу процестері жүргізілуде.
Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автомобиль жолдары күтіп-ұстауға тиісті қаржы бөлініп, ішкі көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 1808 шаршы метр жаяу жүргіншілерге арналған жолақ пен 58,6 шақырым қарама-қарсы бағытты айқындайтын сызба сызу жұмыстары жоспарланған.