Созақ: Ішкі көшелердің 66 пайызы асфальтталады
Елімізде 2021 жылы қабылданған «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында ауқымды шаралар қолға алынып отыр. Ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын қамтиды. Ұлттық жобаны іске асырудың әлеуметтік әсері инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу (сумен жабдықтау, су бұру, жолдар, газбен, сумен, электрмен, жылумен жабдықтау) және тұрғын үй мәселелерін шешу есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей байланысты. Ұлттық жобаның екінші бағыты көліктік байланыстылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыт 2 міндетті қамтиды: ішкі көлік желісін дамыту, аумақтардың сыртқы байланыстылығын арттыру.
Ішкі көлік желісін дамыту республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды және 27 мың шақырым жергілікті жолды салу мен реконструкциялау есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100%–ға дейін және жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 95%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Созақ ауданында өткен жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын 19 көшеге, жергілікті бюджеттен ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын 4 көшеге, яғни жалпы 23 көшенің 34,1 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде бұл бағытта аудандағы елдімекендердің ішкі 24 көшесіне асфальт жабындысы төселмек. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15,6 шақырымды құрайтын 13 көшеге, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін қаржы қаралып, мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нәтижесінде аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елдімекеннің ішкі көшелерінің 239 шақырымы (59%) асфальт болса, 2023 жылдың қорытындысымен 266 шақырымға (66%) жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2022 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары басталған болатын.
Тарқата айтсақ, «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейін 83 шақырым, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырым, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымы асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, ауданда 917 шақырым автомобиль жолы бар. Оның ішінде 435 шақырымы облыстық маңызы бар жол болса, 79 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, ал 403 шақырымы елдімекендердің ішкі жолдары.