«Қолөнер – сырлы өнер»
Киелі шаһарда Түркістан облысының 5 жылдығына орай облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Өнерлі өлке» өнер фестивалі өтіп жатыр.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, фестиваль аясында Этноауылда Сауран ауданының суретшілер және «Қолөнер – сырлы өнер» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Сонымен бірге ауданның жетістіктері туралы арнайы көрме жасақталған. Мұнда әшекеймен қатар, ағаштан жасалған бұйымдар, құрақ, тағы басқа тартымды дүниелер орналастырылған.
Сауран ауданының Түркістандағы мәдениет күндері ертең де жалғасады. Рәміздер күніне орай «Көне Сауран қалашығынан – Киелі Түркістанға» атауымен Көк байрақты шеру, «Асқақта асыл арманым» атауымен композитор, сазгер Шерхан Әлібековтің жеке шығармашылық ән кеші, «Дәстүрімді сағынам сол баяғы» атты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаухан Жолановтың жеке шығармашылық кеші, «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» атты әдет-ғұрыпқа негізделген, атап айтқанда «Бір кем дүние» қойылымы, құдалық, қыз жасауы, тұсау кесу, бесікке салу, шежіре, билер тартысы, бата т.б салт-дәстүр көріністері көпшілік назарына ұсынылады. Бұдан бөлек ұлттық спорт ойындарынан сайыс ұйымдастырылады.