Түркістанның бас мұғаліміне қатысты іс неге жабылды?
Түркістан облыстық білім басқармасының басшысына қатысты іс жабылды. Бұл туралы аталған басқарманың басшысы Дінислам Болатханұлы фейсбуктегі парақшасында хабарлады.
-Қандай жағдай, оқиға болмасын, жұмысымда ашықтық пен жариялылық принциптеріне басымдық беремін. Бағзыларыңыз хабардар болуларыңыз керек, бұдан бұрын жемқорлыққа қарсы ведомство тарапынан облысымыздың білім басқармасының басшылығына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізген болатын.
Тексеру қорытындысымен бөлісу қажет деген оймен, менің жұмысымда қандай да бір жемқорлық заңбұзушылықтардың болмауы себепті, істің жабылғанын хабарлаймын,-деп жазған басқарма басшысы.
Бірақ «жұмысымда ашықтық пен жариялылық принциптеріне басымдық беремін» деген шенеунік алты айға жуық созылатындай мұның нендей іс екендігіне, қылмыстық істің қандай факті бойынша жүргізілгеніне қатысты ешқандай мәлімет келтірмеген.
Айта кетейік, биыл қаңтарда Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының, оның екі орынбасарының және бөлім басшысының пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде таралған болатын. Алайда бұл іс бойынша не антикор, не білім басқармасының басшылығы түсінік берген жоқ.
– Түсініктемені біз бермейміз. Басқарма қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Барлығы жұмыс орнында. Қандай да бір күдіктеріңіз болса, антикордан сұраңыздар,– деген болатын басқарманың баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбек.
Түркістан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіндегілер ресми ақпаратты тек орталықтың, дәлірегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасы арқылы жарияланатынын жеткізумен шектелді. Есесіне Түркістан облыстық соты Дінислам Болатханұлы мен оның екі орынбасарына және бір бөлім басшысына қатысты Түркістан қалалық тергеу сотымен аталған азаматтардың үй-жайларына, көліктеріне тінту жүргізуге санкциялар берілген мәлім еткен еді.
Бұл іс бойынша жауаптан құтылған жалғыз Дінислам Болатханұлы ма? Басқалардың мәселесі не болды? Бұл туралы да Түркістанның бас мұғалімі ешқандай мәлімет келтірмеді. Ол тек алдағы уақытта өзінің атқарған жұмыстары туралы кеңірек ақпарат беретінін жазған.