Заңсыз қоқыс орны ғарыштан анықталады

Oinet.kz 31-05-2023 304

39.jpg  

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигондар реттеліп, талапқа сай болуы қадағаланады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Ғарыштан түсірілім жасау арқылы 2022 жылы 408 заңсыз қоқыс орны анықталып тазаланса, биыл түсірілім енді жүріп жатыр. Нәтижесімен анықталған нүктелерді дер кезінде жою бойынша аудан, қала әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар беріледі. 

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтар мен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары бойынша жиын өтті. Отырысқа Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Түркістан облысы экология департаментінің өкілдері қатысты. Аудан әкімдерінің орынбасарлары онлайн режимде қатысып, тиісті тапсырмалар алды. Жиында қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, елді мекендердегі көгалдандыру жұмыстарын жүйелеу мәселесі нақтыланды. 

Отырыста Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын полигондардың жағдайы бойынша баяндама жасады. 

– Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 159 полигон орны белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда 95 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, көліктердің дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі бойынша меже толық орындалған. Биыл жылдық жоспар 23% жоспарланған. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мекеме сұрыптаумен, 4 мекеме қайта өңдеумен айналысады. Атап өтсек, Ордабасы, Түркістан, Кентау, Сауран аудандарында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп кәдеге жарату жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Басқа аудан, қалаларда қоқыстарды сұрыптау, бөлек жинау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс бойынша Созақ, Мақтаарал, Келес, Жетісай, Отырар аудандары қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуге арналған тарифтерді бекіткен. Ал қалған аудан, қала әкімдіктері тарапынан бекіту жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Жиын барысында елді мекендерді көгалдандыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елді мекендерді абаттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырып, сын-ескертпелер айтқан болатын. Осы орайда Қазығұрт, Созақ, Келес, Сарыағаш, Арыс аудан орталықтарында көгалдандыру жұмыстары біршама дұрыс атқарылды. Ал қалған аудандар көшеттердің басым бөлігін мемлекеттік мекемелерге таратумен шектелді.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары ағаш егу жоспарын талапқа сай орындамаған аудан, қалалар жұмысты ширату керектігін тілге тиек етіп, суару жүйесін реттеу, күзгі ағаш егетін аумақтарды дайындау тиістігін атап өтті. Сондай-ақ жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі қағидаға сәйкес іс-шара жоспарын әзірлеу қажет екені айтылып, көгалдандыру және санитарлық тазалық мәселесі бақылауға алынғаны сөз болды. 

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жиында осы бекітілген іс-шараға сәйкес жұмыс істеу тапсырылды. Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін аудан, қала әкімдіктері мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелерді, ұйымдарды жұмылдырып, алдағы уақытта көшет егілетін аумақтарды нақтылап, суғару жүйелері, қоршау жұмыстарына керекті қаржыларын бөліп, аталған абаттандыру жұмыстарын жеке бақылауына алып, басқарманың келісімімен нақты көшет саны мен түрлерін анықтап, жұмыс жүргізудің кешенді іс-шарасын дайындау жөнінде ұсыныс берілді.

Биыл ұсынысқа сәйкес 626 907 түп көшет егіледі. Қазіргі таңда 532 682 данасы аудандар тарапынан отырғызылып, күтіп-бапталуда. Бірақ аудандарда ағаш көшеттерін отырғызатын жердің су жүйелері және қоршауы жоқтығына байланысты жалпы 94 225 дана көшет алынбай отыр. Аудан, қала әкімдіктері елді мекендерді көгалдандыру бойынша, көшетке сұраныс берген жағдайда, орман шаруашылығы мекемелері сұранысты толығымен қамтамасыз етуге әзір.

Жиын соңында Ермек Кенжеханұлы полигондардың сапасын арттырып, ережеге сәйкес көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, жан-жағын қоршау жол төсеу жұмыстарын атқару жөнінде тапсырма берді.


Мақта-тоқыма кластерін дамыту жобасы әзірленді
Сарыағаш сапалы ауыз сумен 61,8 пайыз қамтылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу