Шардара: ПУИД-2 бағдарламасы аясында каналдар бетондалуда
Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай және облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов бастаған топ ПУИД-2 бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан каналдарды бетонмен қаптау жұмыстарымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бақылау барысында аудандағы Алатау батыр ауылдық округіне қарасты №685 ағын су бекетін қарап шығып, мердігер мекеме «Тахал» және «Мелиоратор» өкілдерімен кездесті.
Сонымен қатар, 4ПР-2 каналының бойындағы құрылыс жұмыстарында орын алған кемшіліктерді қарап, шаруалар мен мердігерлерге жоспарлы түрде жұмыс атқару керектігі айтылды. Себебі, Алатау батыр және Қызылқұм ауылдарындағы каналдарды бетондау жұмыстары ондағы диқандардың суармалы жерін суландыру мақсатында жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, жұмысшы топ 140 адамды жұмыспен қамтып отырған Алатау батыр ауылындағы «Шебер» тігін цехының жұмысымен танысып, мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар бойынша ықпал жасайтындықтарын жеткізді.
Еске сала кетсек, ауданда өткен жылы 20,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ, жалпы құны 412,1 млн. теңгені құрайтын 5 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, инфрақұрылыммен қамту бойынша ауданда 25 елдімекеннің 18-і ауыз сумен қамтылған. Ал көгілдір отынмен 24 елдімекеннің 9-ы қамтылған. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 38,2 шақырымды құрайтын 51 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайға жолдардың үлесін 87%-ға жеткізу жоспарланған.