Солтүстікті қазақыландыру - ортақ міндет

Oinet.kz 25-05-2023 220

20.jpg

«Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын насихаттаушы топ Мақтарал ауданында болды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

Аталған ауданда 134 мыңға жуық халық тұрады. Халықты жұмыспен қамту орталығы мен "TAUЕKEL" республикалық қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен Мырзакент кентінде орналасқан "Мақтаарал" мәдениет үйінде өткен іс-шараға аудан әкімінің орынбасары А.Ешанқұлова, аталған қоғамдық ұйымның төрағалары мен өкілдері, "Amanat" партиясының аудандық филиалының төрағасы М.Сәрсенов, "Халықты жұмыспен қамту орталығы" КММ-нің директоры Мұхтар Әжіқабылов және аудандық мәслихат депутаттары қатысты. 

Кездесу барысында делегаттар солтүстік өңірлерге көшуге арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен түсіндіріп, мәліметтер берді. Сонымен қатар, солтүстік өңірлердің географиясы, көшіп барған жағдайда ұсынылатын жеңілдіктер туралы айтып өтті.

"Отандастар қорының" сарапшысы Мыңбай Әлфараби солтүстікке қоныс аудару бойынша пікірін білдірді. 

- «Серпін» бағдарламасы тоқтап қалу алдында. Оның себептерінің бірі, солтүстікке бағдарламамен барған жас мамандар бірден үйрене алмайды. Оларға моральдік демеу беретін ата-аналардың рөлі өте маңызды. Ұрпағының қиналғанын қаламағандықтан балаларына елге қайта сал дейтіндер бар. Керісінше, жас мамандарға қолдау беріп, теріскейде қалуына себепші болуы керек. Сіздерде бір сыныпта 28-30 бала болса, бізде 5-7 оқушы болады. Демек, білім беру сапасы да басқаша, - деді ол. 

"TAUEKEL" ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов еліміздің солтүстік өңірлерін қазақыландыру ауқымды іс әрі ортақ міндет екенін атап өтті.

- Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 3,2 млн-ға жуық оқушының 530 мыңы Түркістан облысынан. Жабылуға шақ қалып отырған мектептерді аман алып қалу үшін адамдар көшіп баруы керек. Солтүстікті қазақыландыру - ортақ міндет. Соны бәріміз сезінуіміз қажет, - деді ол.

Тұрғындармен кездесу осы аптада Жетісай, Келес, Сарыағаш, Төлеби, Ордабасы аудандарында жалғасады.


Түлкібас өндірісті дамытуға қолайлы өңір
Солтүстікке көшіп келгендерге жұмыс табылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу