Отырардың әкімі халықпен кезекті кездесуін бастады

Oinet.kz 20-05-2023 224

8.jpg

Түркістан облысы Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Қарақоңыр, Отырар ауыл округтерінде болып, ауыл халқының талап-тілегін тыңдады. Бұл туралы Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

 Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы, жауапты сала басшылары да қатысты. Кездесуді Ұлы сазгер Шәмші есімімен аталған ауылдан бастаған аудан басшысы елді мекендегі көгалдандыру жұмыстарымен танысып, жаңадан салынатын спорт кешенінің құрылыс жобасын пысықтады. Аралау кезінде ауыл тұрғындарының өтінішін тыңдап, алда атқарылатын жұмыстарды баяндады. 

Ағымдағы жылы елді мекенде орналасқан Ш.Ерманов, Азаттық, Әділет және Шәмші ауылына кіре беріс көшелерді жарықтандыру, Ш.Қалдаяқов ауылы мен Қарақоңыр станциясы аралығына аяқ жол салу, балалар ойын алаңшасын салу, Арыс елді мекені Ш.Әбілқасымов және У.Илясов көшелерін орта жөндеу, Сырдария елді мекенін газдандыру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады деп күтілуде.

Кездесуде ауыл тұрғыны Балтабек Әбдешбек пен Жәнібек Жаппар ауыз су мәселесі бойынша өз өтініштерін айтып, ауыл халқына ауыз су 24 сағат бойы берілсе деген сауалын жолдады. Бұл мәселеге байланысты жауапты сала басшыларына тапсырмалар беріліп, тиісті жұмыстарды үйлестіруді жүктеді.

Мұнан соң Отырар ауыл округіндегі «Ернұр» шаруа қожалығында болып, бау-бақша ісінің барысымен танысты. Шаруашылық төрағасы Қуандық Маябасов 6 га жерге қауын-қарбыз егіп, мол өнім алуды көздеп отыр. «Биыл ауа райының құбылмалы болуына байланысты қауын-қарбызды подкленка арқылы егіп, өсіріп отырмыз»-дейді берекелі істің көзін тапқан кәсіпкер. Аудан әкімі кәсіпкердің ісіне оң бағасын беріп, қолдауға дайын екенін айтты.

Одан әрі М.Шойманов ауылындағы саябақта көгалдандыру жұмыстары аясында егілген көшеттерді аралап көрді. Аталған жасыл аймақта 1000-нан аса көшет егілсе бүгінде оның 60 пайызы ғана өнген. Аудан әкімі көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын сапалы ұйымдастыру керектігін айтып, ауыл округінің әкіміне тапсырмалар жүктеді. 

Саябақ алдында тұрғындармен кездескен аудан басшысы ағымдағы жылы ауыл округі бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндады. Аудан әкімі атап өткендей биылғы жылы ауыл округіндегі М.Момбеков, С.Ағыбаев, Ә.Сержан көшелерін жарықтандыру, Арыс ауылынан спорт ойын алаңшасын салу, Қалыбеков, Ә.Смайлов, К.Момбеков, Бейбарыс-Сұлтан көшелерін орта жөндеу, Қорқыт ата, №14, Қ.Кизбаев көшелерін ағымдағы жөндеу, Арыс, М.Шойманов елді мекендерін газдандыру жұмыстары атқарылатын болады.

Кездесу барысында ауыл тұрғыны Өскен Сариев пен Ілес Жұмашов оман жағасындағы ыза суды азайту мақсатында Д.Алтынбеков каналының бетонмен қаптау жұмыстарын жөндеуден өткізу туралы өтінішін жеткізді. Аталған мәселеге байланысты аудан басшысы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды жүктеді.

Кездесу жиындарынан соң аудан әкімі қос ауыл округтің тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, қабылдауда көтерілген көшелерге тас төсеу, ауыз су, суармалы жер және өзге де мәселелер бойынша заң аясында тиісті жұмыстар атқаратынын айтты.


Түркістан: 40 мыңнан астам бала лагерде демалады
Грантпен кәсібін дөңгелеткендер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу