Түркістан анимациясы Шымкентте

Oinet.kz 12-05-2023 322

1.jpg

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұйымдастыруымен Түркістан облысының құрылуына 5 жыл толуы және 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Шымкент қаласында Түркістан анимациялық фильмінің көрсетілімі өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

Аталған шараға «Нұрсәт» өнер мектебінен 100 шеберлік дәріс алушы қатысып, тамашалады. Сонымен қатар, кештің арнайы қонағы, көркем және анимациялық фильмдердің режиссері, ҚР Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбековпен кездесіп, мазмұнды сұхбат өткізді. 

Өнер мектебінің талантты қылқалам шеберлері кешке арнайы дайындаған жергілікті «САҚ» киностудиясы таспалаған анимациялық фильмдердің бірқатар кейіпкерлері бейнеленген бұрыш көрмесімен Батырхан Дәуренбеков өзі танысып, сәтті шыққан жас шеберлердің туындыларына қолтаңбасын қалдырды.

– Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – өңір орталығы болғанына 5 жыл толған облысымыздың қасиетті мекендері мен киелі жерлерін айрықша көрсетіп, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеуге бағытталған. Тәрбиелік мәні зор туындыларды өскелең жас ұрпақтың бойына сіңіру – баршамыздың парызымыз, – деді «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Райхан Дәрменқызы. 

Шара соңында талантты бүлдіршіндер кеш қонақтарымен сұрақ-жауап түрінде пікір алмасып, өз өнерлерін паш етті.


Түркістан: Сауранда 900 орындық заманауи мектеп бой көтеріп жатыр
«Ауылдағы бір күнім» шарасы аяқталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу