«Ауыл-ел бесігі»: Төлебиде сауықтыру кешені салынуда

Oinet.kz 01-05-2023 234

22.jpg

Түркістан облысы Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев  аймақтағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралады. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

  Аудан басшысы құрылыс барысын бақылап, жұмыс сапасына баға беру мақсатындағы іс- сапарын Бірінші Мамыр, Аққұм ауылдық округтері мен Ленгір қаласына арнады. 

Ең алдымен Бірінші Мамыр ауылдық округінде «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында құны 608 млн теңге болатын Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысымен танысты. 

Жобасы заман талабына сай дайындалған құрылыс нысанын аралап, мердігер мекеме өкіліне ескертулер, сапасына қатысты ұсыныс-пікірлер айтты. Спорттық сауықтыру кешені жабық және ашық стадион, күрес залы, волейбол, баскетбол және теннис алаңдары, күрес залы, бокс рингі және екі жолақты жүгіру жолдарын қамтиды. Екі қабатты еңселі ғимаратта спортшыларға арналған киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер қарастырылған. 

Спорттық – сауықтыру кешенінде салауатты өмір салтын ұстануға ниет білдіргендер мен спортты жанына серік еткендер үшін барлық мүмкіндіктер жасалады. Жылдың кез-келген мезгілінде жұмыс істейтін кешеннің құрылысын келісім-шартта көрсетілген мерзімде аяқтауды, жылу жүйесіне өзгерістер енгізуді тапсырды. 

Сондай-ақ, Аққұм ауылдық округіне арнайы ат басын бұрып, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында сметалық құны 353,4 млн теңгелік Момынай елді мекенінде 146 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына көңіл бөлді. Құрылыс басындағы қызу жұмысты бақылап, мердігер мекеме өкілімен кездесіп, жобаның орындалу барысына қатысты сын-ескертпелер айтты. 

Кейінен, құрылысы аяқталғанымен, пайдалануға берілмей тұрған Ленгір қаласындағы 200 орындықты №6 мектептің жай-күйіне көңіл бөліп, нысандағы олқылықтармен танысып, оны реттеуді мердігер мекеме өкіліне тапсырды. 

Құрылыс нысандарын аралаған аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты сапалы әрі дер кезінде аяқтауды айтып, бірқатар мәселелерді талқылады.


Төлеби: Қабылдауда газ мәселесі талқыланды
Түлкібас: Бағдарлама аясында жастар жұмыспен қамтылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу