Түркістан мен Худжант бауырлас қалалар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон елордада саяси маңызы зор кездесу өткізіп, ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Ежелден ортақ тарих, мәдени және рухани құндылықтар байланыстыратын екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толғанын атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы кездесу барысында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы екі жақты қол қойылған декларацияның мәніне тоқталды.
Президенттердің қатысуымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуды, соның ішінде өзара тауар айналымын арттыруды, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларындағы қатынастарды дамытуды көздейтін бірнеше құжаттарға қол қойылды.
Соның бірі - Түркістан қаласы және Тәжікстан Республикасының Худжанд қаласы арасында бауырластық қатынастар орнату туралы меморандум түзілді.
Худжанд — Солтүстік Тәжікстанның ең ірі индустриалды-өнеркәсіп орталығы және маңызы жағынан республикадағы екінші қала.
Мемлекет басшысының бастамасымен руханият төрі – Түркістанның өркендеуінде екі көне шаһар арасындағы байланыс маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бақылауымен қазіргі таңда туризмді дамыту саласында қаламызда бірқатар жобалар қолға алынды.
Ендігі кезекте, Худжанд қаласымен туризм, өнеркәсіп, білім және ғылым, халыққа қызмет көрсету, инфрақұрылым салаларында тәжірбие алмасып, ортақ жетістікті көздейтін жобалар бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастырылады.