Жетісайдың өнімдері шетелге сатылуда
Аграрлық саланы негізгі табыстың кілті мен сарқылмас көзіне айналдырған Жетісай ауданында саланың дамуына мемлекеттік деңгейде екпін салынған. Кешенді жоспарлар мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеу бар.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл Жетісай ауданында 79,2 мың гектар алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Атап айтқанда, 44 мың гектар жерге мақта, 19 мың гектардан астам жерге бақша, 3,5 мың гектар алқапқа көкөніс және 11 мың гектардан астам жерге мал азықтық дақылдары егу шаралары қызу жүргізілуде.
Диқаншылығын ақпан айынан бастайтың шаруалар бүгінде 1700 гектардан астам жерге көкөніс, 15,9 мың гектар жерге бақша, 16 мың гектардан астам алқапқа мақта және 4 мың гектардан астам алқапқа мал азықтық дақылдарын егіп үлгерген. Науқан әлі де жалғасуда.
Ал ерте егілген қырыққабаттан 1170 тонна өнім алынып, Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен қатар басқа да облыстарға, тіпті Рессей мен Беларусия елдеріне сатылу үстінде.
Айта кетейік, аудан дихандарының көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 7020 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайдың 4226 тоннасы талон жүйесі арқылы таратылған. Бөлінген жанар-жағар май ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарына сәйкес бекітіліп, «JOL YRYSY» ЖШС, ЖК «Әуезов», «РосАзияНефть» ЖШС, «TS Нефтьпродукт» ЖШС арқылы 1 литрі 206 теңгеден босатылуда.