Агроөнеркәсіп саласына инвестиция тартуда Қазығұрт көш бастап тұр
Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласына 30 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл бағытта Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш және Бәйдібек аудандары көш бастап тұр. Инвестицияның басым бөлігі тамақ өндірісіне бағытталған. Облыстағы күзгі егін жинау жұмыстары мен агроөнеркәсіптік кешенін дамыту саласында атқарылған жұмыстарының орындалуы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткізілетін лездемелік мәжілістің күн тәртібінде қаралды.
Күзгі егін жинау науқаны табысты. Бүгінге дейін 3 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Жыл соңына дейін күзгі өнімнің жалпы көлемі 3,5 млн. тоннаға жеткізіледі. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың гектарға егілді.
Өңірдегі 18 мақта өңдеу зауытының 206 мақта қабылдау бекеті шитті мақтаның 1 келісін 250 теңгеден қабылдауда. Шаруалар әр гектардан орта есеппен 30-35 центнерден өніп алып, 500 мың теңгеге дейін пайда таппақ. Жоспар бойынша 250 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланып отыр. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан, Өзбекстан елімен екіжақты ынтымақтастық туралы келісімнің егістік алқаптар трансшекаралық Достық каналынан келетін ағын сумен тиісті деңгейде қамтамасыз етілді. Тыңайтқыш пен тұқымдық шиттен таршылық көрмей, жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармай да жеткілікті болды, дейді.
«Биыл мақтаның өнімі жақсы, бағасы да жақсы. Шаруаларымыздың табысының артатыны қуантады. Оның үстіне биыл егістік алқаптарымыз да бұрын болмаған ағын сумен қамтамасыз етілді»,-деді облыс әкімі.