Созақ шаруалары түйені көбейтіп кәсіп етпек

Oinet.kz 17-03-2020 822

туе.jpg

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде өңірде түйе шаруашылығын дамытуды қолдаған Созақ ауданында ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіру, асыл тұқымды сүтті мол көлемде беретін түйелерді сатып алу, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру мәселелері қарастырылуда. Бүгінде мұнда төрт ауылдық округте сүт қабылдау бекеті орналастырылған. Соның бірі «Бағдат» шаруа қожалығының қорасында тұр. Аталған қожалықтың таңдалып алынуы да тегін емес. Өйткені бұл қожалықта бүгінде 505 бас түйе бағылуда. Оның 276-сы аналық бас саналады. 4 мың гектар жайылымы бар қожалық биыл сауынды түйе санын 50-ге жеткізіп, тәулігіне 150 литр сүт өндірсек деп отыр.

– Жуырда бізге Түркістан қаласындағы түйе сүтін терең өңдейтін «Golden Gamal» зауытынан өкілдер арнайы келіп, 1 тонналық сүт қабылдау қондырғысын орнатып кетті. Онда өзінің салқындатқышы, қозғап тұратын тетігі бар. Зауыт өкілдері бір литр түйе сүтін 1000 теңгеден сатып аламыз деп отыр. Енді бірер айда бізде 20-30 түйе сауыла бастаса, аптасына шамамен 300 литр түйе сүтін өндіре аламыз. Бұдан бөлек, көрші шаруа қожалықтарының да сүттерін қабылдап, шамамен аптасына 1 тонна сүтті зауытқа өткізе аламыз деп болжап отырмыз, – дейді «Бағдат» шаруа қожалығының жетекшісі Патима Нышанбаева.

Аудан әкімі Салыхан Полатовтың айтуынша, қазірдің өзінде Созақта түйе саны 11 мыңнан асады. Ендігі меже – аналық басты түйе санын 1600-ге арттырып, сүт көлемін 4 мың тоннаға жеткізу. 



Түркістан облысында түйе шаруашылығы кәсібіне көмек берілуде
Түркістан облысында шаруа қожалықтары судан тапшылық көрмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу