Бізді мұнда өлім ғана күтіп тұрғандай сезіледі - Сүндет Сейітов

Oinet.kz 03-10-2022 2284

Сүндет Сейітов – ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. 1998 жылы 3 қазанда, Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Көтерме ауданы, Шыназ ауылында туған. «Тәубе», «Мәрия», «Икигай», «Ұмытпас» жыр жинақтарының авторы. 

Screenshot_4.jpg

– Сүндет, ең алдымен сізді жарыққа шыққалы отқан «Ұмытпас» жыр жинағымен құттықтағым кеп отыр. Шығармашылық табыс тілеймін. Білуімше, бұл төртінші кітабыңыз. Неге «Ұмытпас» деп атағаныңызды айтып өтсеңіз.

– Иә, «Ұмытпас» мені ұмытпады. Бұл мен үшін тосын сый болды. Биыл кітап шығару деген жоспарым болмаған, тек көшуге дайындық жасап жүргенмін. АҚШ-қа... 

Осы күнге дейін үш кітабым шықты. Жарым-жартылай ғана. Кітабы шыққан деген атым болғанмен, шығып жарытқан жоқ. Бірі елу, бірі отыз дана ғана болған шығар.. «Тәубе» деген кітабымды көршілерім шығарып берген. Бұл 18-ден 19-ға қараған шағымда жарық көрді. Одан кейінгі «Мәрия», «Икигай» деген кітаптар жоғарыда айтқандай, толық шықпады. Тіпті оған мүмкіндік болмады. Ал, «Ұмытпас» деген кітап ойдағыдай, көп тиражбен шыққалы тұр. Шыққанда да өте сапалы әрі бағалы һәм елдегі үздік баспадан шықпақ. 

Енді сіз сұраған «Ұмытпас» деген — ерке қыр гүлі. Әдетте бұны «ботагөз» деп атайды. Ұмытпас деген атау туралы аңыз бар. Ежелде патша серуенге шығып, гүл тере жүргенде, көзге көрінер-көрінбес гүлді басып кетеді екен. Содан гүл оған қатты өкпелеп, қызуы көтеріліп, ауырып қалған екен-мыс. Содан әлгі гүл: «сіз мені ұмытып кеттіңіз, мені алақыныңызға сап аяламадыңыз»,- деп патшаға датын айтады да, өзінің қателігін түсінген патша «сен менің есімде мәңгі қаласың, сені ұмытпаймын, бұдан бұлай сенің атың — Ұмытпас» деп атаған екен. Қызуы көтіріліп, ауырып қалды дегенімді түсінбей қалған шығарсыз; гүл — адам сияқты. Ол ауырады, жылайды, қуанады. Жалпы осылай.

Кітап шығарғыш болдым ғой тағы. Осындай сөздер айналамда көп айтылады екен. Енді мына кітабым шықса, кейбіреулердің қан қысымы көтеріле жаздайды-ау. Әйтеуір аман болсын, Алланың сүйікті құлдары-ай... 

Менің қолдаушыларым баршылық екен. Әйтпесе, кітап шығаратын жағдайым жоқ. Расын айтқанда кедеймін ғой!.. 

Әдетте кейбір «ұлы ақын» кітабын өз қаржысына шығармай, оған басқалар шығарып бергендігін асыра мақтанып айтып жүреді. Бұл «менің талантымды танып, өлеңімді мойындаған» деген сөзге саяды. Мұндайларына қосыла алмаймын. 

– Аталған жинақтың бұдан бұрын шыққан кітаптарыңыздан қандай ерекшелігі бар?

– Бір айырмашылық бар. Тек саны мен сапасында ғана. Бұл жолы күшті баспадан шыққалы жатыр. «Меломан» деген республикадағы брендке айналған кітап дүкені кез келген кітапты қабылдай бермейді, ол кейде мүмкін емес. Ал, мына «Ұмытпасым» алдағы уақытта сол «Меломанның» сөресінде тұрады. Қысқасы, сол дүкенде сатылымға шығады. Ерекшелік осы!

Screenshot_5.jpg

– Біраз бұрын шығыс шайырларын аударып жүрмін деген едіңіз. Кітапқа бұл еңбектер ене ме?

– Иә, шығыс шайырларын аудардым, мойындаймын. Мұхаммад Шайбани хан, Хафиз Хорезми, Мұхаммад Солихтің диуандарын аудардым. Бірақ, бұлар «Ұмытпасқа» енген жоқ. Ұмытып кетіппін... 

– Ол аудармалардың да қызуы көтеріліп ауырып қалмасын (күліп). Біздің қоғамда ақындарды теперіш көргіш, тағдырдың ауыртпалығы еңкейтіп тастаған мүсәпір көретін стереотиптің қалдықтары әлі де бар. Жалпы бұл стреотипті қалыптастыруға не түрткі болды деп ойлайсыз? Ақынның тіршілікке бейімсіздігі ме, әлде қоғамның қатыгездігі ме?

– Сіздің қоғамыңыз — оңбаған қоғам! Осы қоғамда өмір сүріп жатқан зиялы қауымның едәуір бөлігін оңбағандар құрайды. Ал, сіз сұраған ақындардың тағдыры, ақындардың қоғамдағы көрінісі өте аянышты. Бұған бір себеп, сол оңбағандық болуы мүмкін. 

Әр адамның биографиясы болады ғой. Бірақ, ақындардың биографиясы өзгеше келеді. Сол ақындарыңыздың кейбірінің тағдыры жасанды. Мысалы, арақ ішесің, сосын алқаш боласың. Ал, алқашты кім жақсы көреді, әрине оны ешкім жақсы көрмейді. Содан соң ішімдікке салынған ақын зар қақсап өлең жазады, оны әр отырыс та жыр қып айтады, анда-мұнда далақтайды, одан шыққан сөз көпшіліктің арасында «тағдыры ауыр екен» деген өсек-аңызға ұласады. Бұл жай ғана бір жағдайға келтірілген мысал, соны дұрыс түсініңіз. Бұдан басқа неше түрлі жағдай бар. Меніңше бұл стереотип қолдан жасалған. Бәлкім бар шығар, бірақ қазіргі буын бақыттырақ өмір сүреді. Себебі, оңбаған қоғамда оңбағандықпен өмір сүріп жатырмыз. Оның қатарына мен де кіремін. Себебі, бүкіл Қазақстанға қарызбын... Бұл өте аянышты жағдай емес пе?

– «Поэзия – қанның сияға айналуы», «Ақынның жыры – Тәңірдің көз жасы» немесе «Ақын – Алланың қаламсабы іспетте» деген сынды пафосты метафораларды талай естігеніңізге сенімдімін. Сіз үшін поэзия деген не? Әркімнің талғам биіктігі әрқалай ғой. Дегенмен, сіз үшін поэзияда бастапқы рольді не атқарады? 

– Сенгеніңе рақмет! Расында естігенмін. 

Поэзия — әдебиеттің қарапайым бір жанры. «Қанның сияға айналуы» деген сөз қисынға келеді, мен бұған келісемін. Поэзия деген — керемет нәрсе ғой! Мен үшін... 

...Мен үшін басты рөлде — эстетика!  Бұл болмаса, форма да, мазмұн да, шабыт та түкке де керегі жоқ. Сезімсіз, ойсыз ышқыңыз әсерленбесе, «поэзия» демей-ақ қойыңыз. Эстетикасыз өмір сүріп жүрген адамдар сияқты өлең жазатын адамдар да көп. Оларды қазіргілер — «Халтурщик» дейді. Жақсы өлең жазамын десең, эстетикаңды түзе. Жалпы бұл адамзаттың бәріне қажет дүние.

– Әзірге әлемдік деңгейдегі қаламгерлерге берілетін сыйлықтардың алдын орап тұрған — «Нобель». Жақында сол сыйлықтан үміттеніп жүрмін дегеніңізді естідім. Дайындық қалай? Шамамен қанша жылда «Сүндет Сейітов – Нобель сыйлығының иегері» деп сүйіншілейміз?

– Бұл сыйлық — адамзатқа пайдасын тигізген дүниелерге берілетін сыйлық. Осы бір ғана сыйлық әлемді өзгерте алды. Барлық саланың өкілдері үлкен жетістіктерге жетті. Ғылым қарыштап дамыды. Нобельдің ықпалы өте жоғары болды. Қазір де солай. 

Иә, мен Нобель сыйлығын аламын деп мақсат қойдым. Оған деген дайындық жақсы. Бастысы өндіріп жазып, өнімді тірлікпен айналысу. Айналысып жатырмын. Бұлар түгел болса, болашақта Нобель сыйлығын ұстармын. Бірақ, осынша уақытта жетемін деген жоспар да, мақсат та жоқ. Олай болса, Нобельді армандамай-ақ қою керек. Мен тек Нобель сыйлығын аламын деп мақсат қойдым. Кем дегенде бес-он жылда бұйырып қалар... 

– Елге артар өкпеңіз көп екенін байқаймын. Қазанның бесіне аталған кітаптың тұсаукесерімен қатар елмен қоштасу кешін беремін дегендей қылдыңыз. Қайда көшуді жоспарлап отсыз?

– АҚШ-қа кетеміз деп шештік. Әкем, інім, мен үшеуміз ғана көшетін. Шешем үш жыл бұрын жұмаққа кетті... 

Бұл кеш әрі қоштасу есебімен де ұйымдастырылып жатыр. Бірақ, мұнда мен күтпеген жағдайлар орын алуда. Кітабым шығып жатыр, кешіме жүзге жуық адам ат салысып, жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Осыған қарап, райымнан қайтқандай болып жүрмін. Дегенмен, мына қоғамға өкпем көп. Кедейшілік, шарасыздық, көрсоқырлық әбден қажытты. «Бірде бар да, бірде жоқ, сол жоқшылық кімде жоқ?» деп өмір сүре алмайды екенмін. 

Жасым – 24-те. Осы жасыма дейін үш рет пышаққа іліндім (операция). Маған өмір бойына 3 келіден артық салмақ көтеруге болмайды, ауыр жұмысқа, тіпті бақытты өмір сүруге жарамай қалдым. Бірақ мына жоқшылық көтеруге болмайтын салмақты көтеруге мәжбүрлеуде. Бұрынғылар «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деуші еді ғой, бұ сөзге тоқтаған қоғам да, мемлекет те жоқ. Бір сорақысы — мемлекетіме адал қызмет етіп, «Мемлекет саясатына қарсы шықтың» деген айыппен қудалануым болды. Осындайда Д. Қонаевтың «Ер адамға жазаның ең ауыр түрі — жұмыссыз қалдыру» деген сөзі еске түседі. 

Бізді мұнда өлім ғана күтіп тұрғандай сезіледі. Болашағымызды елестете алмай жүрміз, тіпті өмір сүруге құлық жоқ. Сондықтан, өзімізді аман сақтап қалу үшін, көздеген мақсатымызға жету үшін көшкелі жатырмыз. Бары осы.

– Шығыс шайырларын аударғаныңызды жоғарыда айтып өттік. АҚШ-қа бару үшін тіл білу керек. Ал барғасын батыс поэзиясынан қазақ аудармасының қоржынына алып келсем дейтін авторларыңыз бар ма? 

– Иә, аудырдым. Тағы да мойындаймын. Сіз айта берсеңіз, мен де мойындай беремін. Енді АҚШ-қа келер болсақ, бұл – жақсы мемлекет. Жан-жақты дамыған – супердержава. Ағылшын тілі мен үшін қиын болмайды. Жалпы айтқанда, тіл үйрену деген маған мәселе емес. Менде бір-ақ мәселе бар, ол — жетіспеушілік! Бәлкім ол бәрінде бар болуы мүмкін... Неге десеңіз, мен АҚШ асуым үшін мұндағы мәселелерімді шешіп алуым керек алдымен. Не осы жылдың соңында, не келесі жылдың көктеміне дейін кетемін. 

Бізге импорттан гөрі, экспорт жасаған өте тиімді. Әрине, шет ақын-жазушыларын мұндағы қауыммен табыстыра берерміз, бірақ өзімізден шыққан әдеби дүниені оларға бермесең, не бере алмасаң, әлем кезіп дым таппассың. Бізге әлем әдебиетін меңгеру, оны оқу, зерделеу өте қажет дүние. Алайда, өзіміздің өнімді ұсыну, оны мойындату, бұл – басқа әңгіме. 

Төбемізді көрсетпей жатып, көп дүниеден сырттай бас тартып жатырмыз. Әлемдік сыйлық түгіл, әдемдік өркениеттен бас тартып жатырмыз. Бұл – котострофа. Бұлай жүре берсек, ел де, тәуелсіз мемлекет те бола алмаймыз. Ақын-жазушылар алысқа қарап, болашақты болжай алуы қажет. Бүгіннің жырын мен де, сіз де жаза береміз. Бірақ мәңгіліктің жырын жазу – пайғамбарларға емес, бізге міндеттелген. Оған Құранның «Шұғара» деген сүресі дәлел болар. Тіпті бұл барлық қасиетті болған кітаптың бәрінде жазылған. Бұл Құранда ғана жазылған деп, дандайсымайық. Жәә, мәселе – құранда емес, ұранда болып тұр. Қысқасы, «әлемді жаулаймыз» деген ұран қазақ әдебиетінің әр өкілінде болуы керек. 

АҚШ-тан Қазақстан еліне алып келетін ақындар бар. Қазірге мен оны айтпаймын. Колумбтың уақытынан бергіге дейін көп зардап шеккен үндіс халқының әдебиетін әкелермін... Оны әкелсем, менің қосқан үлесім осы болмақ

– Бір кездері мемлекеттік қызметтерде істегеніңізді білемін. Саясаттан да хабарыңыз бар. Түркістан облыс орталығы болғалы біраз істер атқарылды, атқарылып жатыр. Сол облыс орталығы туралы айтарыңыз бар ма?

– Мемлекеттік қызметтің шет-жағасын көрдім. Бірақ, менің ұстанымым, жүріс-тұрысым, мемлекеттік қызмет этикасына сай келмейді. Мен 2018-2022 жылдар аралығында түрлі салада жұмыс істедім. Әсіресе, әлеуметтік салада мол тәжірибе жинадым. Мен сондағы көрсеткен қызметімді мақтанышпен айта аламын. Алайда мен Шымкент қаласының әкімдігінде істедім. Дегенмен қызмет жолымды Түркістан облысының ішкі саясат саласында бастағанмын. 

Облыс болғалы төрт жыл уақыт өтті. Төрт жылда үш әкім келді. Сол үш әкімнің екеуінің біреуіне жақсы пікірімді айтқым келеді... 

...Ө. Шөкеев әкім бола сап, Түркістанның дамуына күш-қайратын салды. Үш жылда қышлақ деп жүрген Түркістанымыз мегаполистердің деңгейінде жан-жақты дамып шыға келді. 

Енді міне биыл уызына жарыған, кескін-келбеті жарасқан, ақылды да ақкөңіл адам Дархан Сатыбалды деген азамат Түркістан облысының басшылығына келді. Ол бұған дейін Шымкент қаласын басқарды, сосын облыс әкімінің орынбасары, сенат депутаты, шетелде елші қызметтерін атқарды. Дархан Сатыбалдының әкім болғанына көпшілік қуанды, жылы қарсы алды. Әкімімізді тағайындап, кім екенін анықтап алдық, енді ол назар аударуға тиіс мәселерді айтайын. Облыстың идеологиялық саясатын қалыпқа келтіру міндетті болуы қажет. Білім, денсаулық, руханият саласы Кеңес одағын әлі күнге аңсап келеді. Облыс тұрғындарының біліміндегі, денсаулығындағы, тұла бойындағы, рухындағы мәселердің шешілгенін қалаймын. 

– Байқап қарасам, әдеби ортада бөлек бір өмір сүріледі екен. Қаламгерлер бір-бірімен бауыр боп кетіп жатады, енді бірі керісіп жатады. Сезіми романдардың да шет жағасын естіп жатамыз. Сіздің Шымкенттегі ШАМ шағын әдеби орталығының төрағасы екеніңізді білеміз. Бұл ортаның негізі қашан, қалай қаланды? Бұл орта қаламгерлерінің қарым-қатынасы қалай? Сіз кеткесін ШАМ жарығындағы кездесулердің жайы не болмақ?

–  Сіз "ШАМ" орталығын шағын деп ашуыма тимеңіз. "ШАМ-ның" ауқымы да, жарық шашар аймағы да кең. Ол 2016 жылдың 19 қарашасында құрылған. Сол күннен бергі сайланған төрағасы — менмін. Былтыр бес жылдық шығармашылық кешімізді бердік. Көпшілік жақсы қабылдады. Қазақстан деген республиканың барлық аймағына бұл жаңалық жетті. Бізден шыққан, не шыққалы жатқан таланттар көп. Мына орталық алдағы уақытта да маңызын жоғалтпас. Себебі, бұған инвестиция тартамыз, жан-жақты дамытамыз. Бізден кейінгі буын осы шаңырақтағы қазаннан дәм татуы керек. Ал, ол инвестицияны АҚШ-тан, не Европадан әкелермін, ал біздің мына үлкен елімізде ауызы хош иісті, иегінде женьшені қалың, енекөкірек ешкім табылмай жатыр. Бәлкім бұл құдайдың әділетсіздігі болар... Дегенмен, бұған өкпелеп жүрген мен және менің «ортам» жоқ. «Бәріміз жұмылсақ, қамал алармыз» деп те айта алмаймын. Әйтеуір буын жасарып, орта жаңарар, болашақпен ақылдасамыз.

Сұхбаттасқан Сезім Мергенбай

Әйел құқығын таптатып Аллаһ қайда қарап отыр?
«Мен сүйетін мезгілдің түсі – махаббат»: Ақбота Бейбітбек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу