«Мен сүйетін мезгілдің түсі – махаббат»: Ақбота Бейбітбек

Oinet.kz 13-10-2022 1963

Ақбота Бейбітбек – ақын, Қазақстан жазуышлар одағының мүшесі. 1994 жылы, 8 шілдеде, Түркістан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің, Филология факултетін бітірген. "Көңіл күйсандығы" жыр жинағының авторы

 Screenshot_4.jpg

– Ақбота, былтыр Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесінің куәлігіне, Шымкент қаласының "Үздік ақын - 2021" номинациясына ие болдыңыз. Биыл өткен "Күміс қалам" республикалық дуэлінде топ жарып, Әбілдә Аймақ атындағы сыйлықтың лауреаты атандыңыз. Алдымен, осы жетістіктеріңізбен құттықтаймын! Аталған байқаулардың қалай өткені жайлы айтып өтіңізші...

– Рахмет! Одаққа Түркістан облысы бойынша жастардың ішінен тікелей Мархаббат Байғұт атаның ұсынысымен өттім. Өзім үшін тосын сый әрі үлкен жауапкершілік артылған күннің бірі еді.

Үздік жастар приемиясына келсек, ол бір қызық оқиға! Менің емес, ШАМ-ның ортақ жүлдесі деуге болады. Достарымың, ниеттес, қаламдас бауырларымның  бастамасымен келген жүлде. Әлеуметтік желіде өздері ұсыныс тастап, құжаттарымды жиып, өтініштерін жазып, ұйымдастырушыларға тапсырыпты. «Үздік ақын» номинациясын алғанымды комиссия отырысы болғаннан соң, бақылау комиссиясында болған жолдастарым сүйіншілеп жеткізген. Бұған дейін екі рет құжат тапсырғаным бар. Бұл жолы      қанша үгіттегенмен тапсырмаймын деп шешкем. Бұл да бір тосынсый болды.

Ал, “Күміс қаламға” келсем, мұндағы мақсат жүлдегер атану емес, ақын достарды көріп, өлең кешінің ләззатын сезіну еді. Сахнада өлең оқығанды ерекше сағынып жүргенмін. Қатысуға ұсыныс тастады, келістім. Дуэльдің әр кезеңінде тым оңай өткендей әсер болды. Бұл қарсылас әлсіз болды деген сөз емес, оқыған өлеңдеріміз бірін-бірін іліп әкете алмағанымен түсіндірген дұрыстау болар.

Әбілда Аймақ атындағы әдеби жүлденің орны мен үшін бас жүлдеден кем емес. Алғаш поэзияға келгенімде батасын берген өзі еді. Еске алу кешінде мүшәйрадан бас жүлде бұйырып, енді әдеби сыйлықтың лауреаты атанып жатырмын. “Жаңбыр иісін”, атамды сағындым.

Өмірде ештеңе тегіннен тегін берілмесі анық қой. Бағым жанған күндер болар.

– Жалпы әдеби шараларда, не жыр мүшәйраларда сирек төбе көрсетесіз. Бұл сіздің интроверт екендігіңізді білдіре ме, әлде қандай да бір себептер ортадан бойыңызды аулақ салуға итермелей ме?

–  «Түймедақ»  деген  өлеңімде:

Келмейді төбемді көрсеткім,

Келмейді сайрағым,- дегенім бар. 

Интровертпін! Мен әркез ортадан алыстап кетпеуге тырысамын. Сырттай бақылап та, ситуацияларға  іштей де баға беруге тырысамын.

Ешқандай мүшәйра ақынның деңгейін өлшеп бере алмас, талай кеште ағаларым айтып жүрген сөз. Қазір сирек жазамын өлең. Соңғы 2 жыл жазбадым десем де болады. Мұның бәрі жаза алмағанымнан, жалқаулығымнан  емес. Өзіме мұрсат беріп, жүрегімді, жүйкемді сақтаған мен үшін маңыздырақ болып тұр.

–  «Жазушылық - бас тарта алмайтын қасиет, айналып өте алмайтын қасірет» дейді Габриэль Маркес. Өз бойыңызға бұл қасиеттің қонғанын қашан аңғардыңыз?

–  Ақындық қыз балаға ауыр жол дегенді көп естідім. Бір жағынан жаны бар сөз. Бір жағынан аса бір жапа шектім деп те айта алмаймын. Осы қасиетті де, қасіретті де сүйемін. Дүниеге екінші рет келсем де ақын болуға қарсы болмас едім.  Адам қолымен жасалған кей қасіреттерді жеңілдеткен де қаламның қасиеті. 

Бала кезімде 10-11 жасым болса керек, сурет салғанды жақсы көрдім. Үнемі таудың суретін салушы едім. Түркістанда өсіп, тау көрмеген қыздың бірі едім ғой. Тау-тау армандарым шығар таудан биік болмасам да, талғамымды биік еткен. 

Өсе келе кей таудай адамдардың, тарыдай ғана екенін көріп қынжылатынмын.

Көрмеген тауды сала беріп, бір күні қиялым да таусылса керек. Ішкі толқынысымды суретпен жеткізе алмайтынымды түсіндім бала болсам да. Толғаныстарым тақпаққа, тақпақтан шатпаққа, шатпақтан өлеңге айнала бастады жыл өте.

Бойжеткенше әже тәрбиесін көрдім. Ауыз әдебиеті үлгілеріне бала кезден қанықпын. Бала қиялымның ертерек дамып, сөздің киесіне тереңірек үңілуге де осы әже мектебі әсер етті деп ойлаймын. Өмір де ерте есейтіп жібереді екен бір жағы. 

–  Маркес айтқан қасіретке оралсақ... Мен үшін қасіретке боялып жазған өлеңдер сұлу көрініп тұрады. Бәлкім шығармашылық үшін қасірет керек те шығар, ал тағдыр үшін бұл өте ауыр. Ақын боп туғаныңыз үшін жапа шеккен кездеріңіз болды ма?

–  Қасірет, қайғыру, жалғыздық деген ұғымдар мен үшін  «тазару, жаңару» деген ұғымдармен тығыз байланыста. Жалғыздықта Жаратушыға жақындасаң, қайғырғанда  ішкі шеменің тарқайтын сияқты. Қайғыны қолдан жасауға тырысу деген, қасіреттің  қасіреті шығар. 

Тағдырдың кей тауқыметтерінен трагедия жасайтын адам мен емес. Құралай әпке айтпақшы:

Өмірді бояуды үйрендім,

Өзіме ұнайтын түстерге.

Ақын ретінде де, адам ретінде өте бақытты адаммын дей аламын. Өмірде өз аяғыммен от бастым, өкінемін дейтін қателігім, ұялатын қиянатым жоқ. 

Тағдыр  деген өте күрделі дүние. Кейде өзгенің қателігі үшін жапа шегуің мүмкін. Содан сабақ алуға тырыссаң бәрі дұрыс болады.

Қасиет пен қасіреттің астасып кететіні бар. Сүт қосылған шай сияқты. Мысалы, түйсік, сезімталдық деген дүниелер.  Болмауы тиіс дүниеледің боларын түйсігіммен сезінетін кездерім аз болмады. Ақын деген сол, көп ішінде жалғыз жұрт. Айналамда шын тілеулес жандардың көптігін жаныммен сезсем де, ішімдегі жалғыздыққа оралып тұрамын.

–  Түркістанда өстім дейсіз. Сіздің бала шағыңыз өткен Түркістан мен қазіргі Түркістанның арасы жер мен көктей болар. Жаңарған Түркістанды алғаш көргенде қандай әсерде болдыңыз?

–  Түркістан – балалығымның аспаны, көңілімнің астанасы. Туған өлкемнің гүлденгенін, түрленгенін көріп қуанамын. Бала күнімде үлкен ауылда жүргендей әсер болатын. Қазір қаланың тұрпатын көрем. 

Түркістан – тарихи маңызы бар қала. Бір ғана кесенесі үшін ғана келетіндер көп. Бұл көне шаһарға Саттардың мәңгі жастығын, Бекзаттың өр рухын сезінуге келем өз басым.

–  Өлең жынысқа бөлінбейді деп жатамыз. Алайда кейде, "қыздар поэзиясы" деп бөліп алып қарап жататын кездеріміз болады. Бұл туралы не айтасыз?

–  Ақындықты жынысқа, жасқа бөліп қарастыруға қарсымын. Әйелден ақын шықпайды деп санайтын дәуір әлдеқашан өткен. Өлеңде де, өмірде де қыздар ер-азаматтар бармаған  ерлікке барып жатады. Бір сұхбатта осылай айтқанмын, әлі де сол пікірдемін. Әйелдің орны бір саты төмен болғанымен, сезімі биік. 

Өз басым жігітке бергісіз қыздарды көріп жүрмін. Қыздар поэзиясы өзінің болмысы сияқты нәзік те сыршыл, қатал да кешірімді, асқақ та адал, мәнді де мәңгі. Жүрек көзімен қараған жанға қыздардың сөзі де, өзі де өлең!

–  Жауапсыз махаббат құрбаны Адель Гюгоға өлең арнапсыз. Оған не түрткі болды? Жалпы осы Адели синдромнының өз бойыңызда төбе көрсеткен кезі болды ма, әлде иммунитетіңіз мықты ма? 

 –  Синдромның түрі көп. Хатико синдромы деген де бар. Адалдық қой. Аделиді не үшін жаздым. Ол алдымен Ару ғой. Жібектерден кем құрметтемеймін. Махаббат үшін күресу керек, ерлік керек деп жатады. Күресудей-ақ күресті. Көп ерлердің ерлігі ернінде ғана ғой.

Қыздардың махаббаты бөлек. Соншалық баянсыз махаббаттан баз кешкен күнім жоқ. Мен өз жүрегімді қатты қадірлеймін. Аяулы сәттерді ұмыту әрине оңайға соқпайды. Өн бойымда бекзадаға тән өрлік табылады. Көзім жетпеген дүниеге, сөзімді қор қылмаймын. Жаным қанша нәзік болса да, соншалықты алапат күш те бойымда бар.

Үлкен махаббат болмаса да, бүтін ғұмырыма жақсы естеліктер сыйлаған аяулы сезімдер бар. Ол сәттерді қадірлеймін. Оны баянсыз болды деуге қимаймын.

–  Ақбота, шығармашылығыңыздан жігерлі жан екеніңізді байқауға болады. Кей ақындар сынды қасіретіңізге оранып, олқы қылықтарға да бой бере бермейсіз. Болмыстың, мінездің бұлай қалыптасуына кім, не түрткі болды?

–  «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме!» –  менің өмірлік ұстанымыма айналғалы қашан.  Тұйықтау, біртоға көрінгеніммен омтимист адаммын деп есептеймін өзімді. 

Қайғыруға да мүмкіндік беремін арасында. Бірнеше күнге, мүмкін бірнеше айға созылуы мүмкін. Өмір өкпе-налаға беріліп, қайғырып өтуге тым қысқа!

Өмірдің ең көлеңкелі тұстарынан да бір жарық табуға болатынына көзім жетті.

Әжемнің даналығы  болар болмысымды дара еткен.  Мінсіз адам болмайды. Мінезімдегі міндермен жұмыс жасауға тырысамын. Өзімді осы қалпымда қабылдай аламын ең бастысы.

–  Осындай жігерлі арудың ұстанымдары қандай екен?

–  Нәзік деп сендірді жанымдағы қыздар. Ару деген сөздің этимологиясы болмысымнан аулақ емес сияқты. 

Ең алдымен, адалдықты бағалаймын. Өз-өзіме, өзгенің сеніміне адал болуға тырысамын. Өмірлік ұстанымдарыма, достыққа адал болуға тырысамын. Ешкімге түйір қиянатым өткенін қаламаймын. 

Сөйте тұра, идеал болуға тырыспаймын. Қолайлы адам болғым келмейді. Авторитетке жұмыс жасаған емеспін.

–  Ақындардың бірі күзде, бірі көктемде өндіріп жазамыз деп жатады. Меніңше, ақын мұңы мезгіл түсіне қарай боялып жазыла беретін сияқты. Ал Ақбота сүйетін мезгілдің түсі қандай?

–  Әр мезгілді, өмірдің әр сәтін жақсы көремін қазір. Жаздың жайма-шуақ күні қыстың қаталдығын, күзде сәуірдің самалын сезінуге мезгілді күтіп отыру шарт емес болар. Ақыл қиялы шексіз ғой. Осы жерде қиял мен қияли деген сөздерді шатастырмасақ екен. Реали қарап үйренген күні күні өмірдің түстерін анық байқай бастайсың. 

Өзіме көктем нақты ұнайды. Мен сүйетін мезгілдің  түсі – махаббат! Айналаға қай сәтте болмасын махаббатпен қарап үйренсең, бақыт өзі қол созады.

–  Қыз балаға, оның ішінде шығармашылық адамына отбасын құру, өз адамын табу қиын секілді. Болашақ жарыңыздың бойынан қандай қасиеттер болғанын қалайсыз?

–  Жақсы қарым-қатынас құру берік отбасының кепілі деп ойлаймын. Асығыс-үсігіс, тұрмысқа шығу керек болғаннан ғана, ата-ана көңілі не жұрттың сөзіне бола тұрысқа шығуға қарсымын. Өзің іштей дайын болмай қалай отбасы құруға болады? Өзі әйел болуға дайын емес адам, қалай ана болмақ?

Өз адамыңды табу, оған жар болу, бір-біріңнің қадіріңе жету, махаббат пен парасаттың үйлесімі ең әдемі тандем.

Болашақ жарымның көзі ашық адам ғана емес, өзгенің пікіріне құрметпен қарайтын интеллигент болғанын қалаймын. Бірсөзді, сөзіне әрекеті лайық, жақсы жар емес жақсы дос бола алатын адам керек.

Бойымдағы бар талантты тұншықтырмайтын, қолдай алатын жар болса! Сөздің қадіріне жеткен адаммен болашағымды байланыстыруға дайынмын!

–  Тілеуіңізді берсін! Өлеңіңіз де, өміріңіз де көркем өрілсін! Риясыз сұқбатыңыз үшін рақмет, Ақбота!

Сұхбаттасқан Сезім Мергенбай

Бізді мұнда өлім ғана күтіп тұрғандай сезіледі - Сүндет Сейітов
Мені құшақташы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу