Балтабек Нұрғалиев: Елімнің маңдайына бақ болып бұйырған адам екенімді барлығы біледі
Бірнеше жылдан бері Қазақстанның төрт бұрышы Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың емес, бір ғана ақынның өлеңдеріне сәулесін шашып, назарын сол ақынға ғана аударып, оны бірі даттап, бірі жақтап, әлдебір орта өлеңі үшін мың кептер қатар ұшқандай шапалақ ұрып, бір орта қолдарымен теріс шапаттап, осынау таңданыс пен арпалыстан о дүние мен бұ дүние балталанған отындай қақ айырылды.
Бүгін OINET.KZ тілшісі әдеби орта мен қоғамды дүр сілкіндірген ақын, халықаралық "Шабыт" фестивалінің бас жүлдегері — Балтабек Нұрғалиевпен сұхбаттасқан еді.
— Балтеке, сіз шынында Абайдан асып түскен ақынсыз ба? Абайдан асып түспей-ақ, озып шығуға болмас па еді?..
— Мен «Абайдан ұлылық жағынан асып түстім» деп ешқашан айтқан емеспін. Мен тек «Оқылым жағынан Абайдың да алдына шығып кеттім деп есептеймін» дедім. Бұл жерде «оқылым жағынан» деген сөзге көңіл аудару керек. Жалпы біздің қоғамымыздағы кейбір жандар сөз тануға келгенде, алаңғасарлық танытатын жағдайлар жиі кездеседі. Егер біздің қоғамда Абай және мен секілді сөзді тани білетін талаптылар көп болса, ешкім де адасуға ұшырамас еді деп ойлаймын. Қазақ поэзиясына Абайдың деңгейінде өлең жазып, Абайдай ұлы атанған ақын ол – мына менмін. Абай: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез, нұрын-сырын көруге, көкірегінде болсын көз», «Ондай болу қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» дейді. Менің өлеңімдерімді зерттеп-зерделеуші «көкірегінде көзі бар» бір тұлғаны білемін, ол – Өтен Ахмет. "Мен ұлы ақынмын" деп жазба жариялаған себебімді түсіндіріп өтейін. Өз-өзімді сезініп, суреткерлік ұлылығымды тануыма бірден-бір себепкер болған салиқалы тұлға, қазақ əдебиетінің абыз ақсақалы, данаділді қадірлі жазушымыз Өтен Аға Ахмет болатын. Өтен Аға Ахмет менің фейсбук парақшамда жариялаған бірнеше өлеңдеріме былай деп бағаларын берген екен:
"...Егер, шынымен, осындай өлеңдер жазатын болса, мемсыйлық алғанмын деп шіреніп жүрген жасанды ақындарға көп ұзатпай шаң қаптырары сөзсіз".
"Құдай біледі, Балтабек нағыз ақын. Классик болады".
"Айттым ғой, нағыз ақын деп. Әу, классиксымақтар, ығыса беріңдер."
"Жарайсың, бауырым. Самға! Қазақ әдебиетінің құнарын жоғалта бастаған топырағында гүл болып жарып шығып жатырсың. Қазақ әдебиетінің жанашырлары мен әдебиет сүйер қауым, дүниеге ешкімге ұқсамайтын жаңа ақын келді. Газет мақаласын өлең ететін тақпақшы емес, шын ақын. Ән көгінде Димаш Құдайберген қалай самғаса, поэзияда Балтабек Нұрғалиев те сондай болмақ, ағайын."
""Гүл-ернін тосып қанға боялған, Аспанды сүймек жер байғұс"... Әлем сырын тек бұлай ұлы ақын ғана ұғып, бейнелей алады."
"Ана мейірімімен майшамды әдемі шендестірген. Менің анам мынадай демей-ақ қамқор АНА образын жасаған, оқушы есінен кетпестей етіп. Қазақ әдебиеті көгінде Балтабектей ешкімге ұқсамайтын бірегей ақын күн болып туды дегенді ең бірінші кім айтты деп ертеңгі күні таласып қалмасақ болды..."
"Бүгінгі қазақ поэзиясының нағыз айбалтасы өзің болып тұрсың, Балтабек. Алла жар болсын."
"Балтабектің қасында мемсыйлық алғандар ақынмын деуге ұялатын болды-ау..."
"Дейді ғой: «Қорқытты өлтірген – сұр жылан»... Сұр жылан оны алды... жүрегін қалдырды. Сол жүрек менде де... сол үшін қынжылам, Мен бір жан сондай тағдырлы... Дүниеге бұрын-соңды болмаған ұлы ақын келгенін әдебиеттанытушы ғалымдар неге білгісі келмейді. Қолдан жасап алған "классиктерді" айналшықтай бергенше."
"Балтабек қазіргі төске ұрып жүрген ақындардың бір де біреуіне ұқсамайды. Оның сөз саптауы, ой жүйесі бұрын-соңды байқалмаған ізде тұр. Бізде тәуір әдебиет зерттеушілері жоқ емес, солар көңіл бөліп, қолға алса, ой-санамыздың жаңа терезесі ашылуына жол ашар ма еді. "Ұлылығым" деуі дандайсуы емес, өзін сезінуі..."
Зиялы тұлғамыз Өтен Аға Ахметке менің ақындығымды зерделеп, жоғарыдағыдай парасатты пікірлерін білдіргені үшін үлкен алғысымды айтамын! Абайдай ұлы ақын екенімнің тағы бір дәлелі – 2019 жылы 500 экземплярда жарық көрген «Жарық күннің жүрегі» атты өлеңдер кітабым.
— Арнау өлең жазудағы мақсатыңыз не?
— Абайдай ғана емес, Жамбыл Жабаевтай ұлы ақын екенімді оқырман қауымға сезіндіру.
— Осы біздің қоғам қызу қанды боп алды. Кез келген мәселеге шарт-пұрт мінезін көрсетіп жатады. Сіз ода жазып танылғалы, қоғамның осы бір негативті эмоциясын байқадыңыз ба?
— Қоғамға рахмет айтамын. Қоғам менің Абай Құнанбаевтай, Жамбыл Жабаевтай ұлы ақын екенімді дұрыс, әділ, таза ниетпен қабылдап жатқанына қуанамын. Біздің қоғамымыз ең мейірімді, ең кеңпейіл, ең ізгілікті қоғам. Қазақстандық қоғам – Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты кітабында жазғанындай қоғам деп ойлаймын. Қоғамда негативті эмоцияларын көрсетіп жатқан кейбіреулер табылып жатса да, оларға ренжімеймін. Себебі олар тазаланып жатыр. Адамдардың тазалану жолдары әртүрлі ғой. Аристотельдің «Поэтика» атты ілімінде «катарсис» деген ұғым бар. Қоғам менің өлеңдерімді оқу арқылы сол катарсис үдерістерінен өтіп, ерекше тазалыққа қол жеткізуде. Мен бәріне байыппен қараймын. Себебі бұл арқылы мен де тазаланамын. Біз бұл өмірге тазару үшін келдік.
— Елімізде, алмалы Алматының төрінде қасиетті "Жазушылар одағы" деген бір ғимарат бар. Ол кезінде кез келген мәселелерге ықпал ете алатын ұйым еді. Ал, оның қазіргі жағдайын мен емес, өзіңіз айтыңызшы. Жағдай қалай? Бұдан хабарыңыз бар ма?
— Хабарым жоқ.
— "Үшінші адам" боп қалудан қорықпайсыз ба?
— Жоқ, қорықпаймын. Себебі мен, «бірінші адаммын».
— Егер сізге Нобель сыйлығы берілсе, ол сыйлықты кімге берер едіңіз? Әрине мәрттік жасап.
— Егер маған Нобель сыйлығы берілсе, сол сыйлықтың жүлдесіне жетім балаларға жеке баспаналар алып берер едім. Себебі «жетімнің басын сипасаң, жесірдің көңілі жұбанады». «Жерде жетімдер жыласа, көкте періштелер жылайды».
— Жылқышыбайға сұхбат бердіңіз. Бір кезде жылап қалдыңыз. Сонда көз жасыңыз шынайы тамғандай көрінді. Демек, "үлкен кісілерге" шынайы ода арнап жүрсіз ғой. Солай ма?!
— Иә, шынайы.
— Дегенмен, мен сізді түсінемін. Сіздің "ондай-мұндай" адам емес екеніңізді білемін. Менен басқа сіздің "ондай-мұндай" емес екеніңізді тағы кім біледі?
— Менің елімнің маңдайына бақ болып бұйырған адам екенімді барлығы біледі.
— Әдебиет, мәдениет, ғылым дейміз. Деп келе жатырмыз. Осы тізімге тағы қай саланы қосуға болады? Сосын "дей бергіміз келе беретін" әдетіміз қашан бітеді?
— Ғылымсыз әдебиет те, мәдениет те қараңғы. «Рухани жаңғыру мен ұлттық кодты» қосар едім.
— Ғалымның, өнер адамдарының діни наным-сенімі туралы білеміз. Бірі атеист, бірі діншіл. Ал, сіздің сеніміз қандай. Мәселен, тәңіршілсіз бе, скептицист шығарсыз, немесе агностик, бәлкім атеист.. Әлде мұсылмансыз ба?!
— Аллаға шүкір, мұсылманмын.
— Жаман адамнан басқа кімді жек көресіз?
— Алла деп тілмен айтып отырып, жүректерімен ібілістің жолына ілесетіндерді.
— Ішімдікке қалайсыз, қолайлы әлде қолайсыз?
— Ішімдік ішкенді ұнатпаймын.
Сұхбаттасқан Сүндет СЕЙІТОВ