Ардақ Нұрғазы: Сыны қисық елдің әдебиетін Құдай ұрды дей беріңіз

Oinet.kz 01-02-2021

Қазақ әдебиеті өзге ортадан екі жүз жыл кейінге қалып кеткен дейді әдебиетшілер мен постмодернистік бағытта төбе көрсетіп жүрген ақын-жазушылар. Бірақ, бұл пікірге қарсы дәстүршіл қаламгерлер бар. Тіпті олардың кейбірі шетелдік әдебиетті жоққа шығарып жатады.

Бүгінгі әдеби ортада заманауи әдебиеттің төңірегіндегі дау-дамайдың мазмұны осыған саяды. Көптеген пікірлер мен ұзын-сонар әңгімелердің ауаны осындай.

Өзге халықтардың әдебиетінен үйрену, олардың қуанышымен бөлісу қазақ әдебиетінің жаңа буынына ауадай керектігін ескерсек, постмодернистік бағытты ұстанған өкілдердің басым бөлігі жоғарыда жасалған тұжырымдарға келіспейді.

Қазақ постмодернистік бағытының негізін қалаушылар кімдер деген сұраққа көпшілік "Ардақ Нұрғазы" деп жауап береді. Осыған байланысты, Oinet.kz тілшісі ел мойындаған постмодернист ақын Ардақ Нұрғазымен сұхбаттасуды жөн көрді.

Ардақ Нұрғазы.jpg

- Ареке, өзіңіз білетін модернизм мен постмодернизм қашан, қайда, қай түбекте пайда болды. Бұл бағыттың негізін қалаған кімдер? Оларды біз білеміз бе?!

- Поэзияда  модернизмнің негізін қалаған француз ақыны Шарль Бодлер. Модернистік поэзияның эстетикалық ерекшелігін құрайтын бірнеше ұғым бар. Солардың бәрі дерлік Ш.Бодлер өлеңдерінен бастау алады. Ш.Бодлердің өнертанушы, сыншы болғанын білесіз. Жаңылмасам, ол мақалаларының бірінде «біреулер бейішті, енді біреулер патшалар мен батырларды, тағы біреулер тарихты жазды, одан қалғандар шынайы қоғамды жазды. Сонда не қалды? Меніңше, бізге қалғаны тозақты жазу» деген тақылетті сөзі бар. Ол шынымен адамзат қоғамының жаңа кезеңін – қала мәдениетінің ой-шұңқырын жазды. Оны өзі айтқандай тозақта жан ұшырған жандардың айғай-шуындай етіп жазды. Модернизм дегеннің өзі осындағы үнмен тіке қатысы бар. Ол бояудың үні, үннің картинасы. Модернистік поэзияны биік деңгейге көтерген француз ақындары. Ш.Бодлер, А.Ромб, С.Маллерме, П.Уалерилер. Кейін француздың модернистік поэзиясы Еуропаның өзге елдері мен АҚШ-қа таралды.

Ал посмодернисті поэзия өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңында АҚШ әдебиетінде пайда болды. Модернистік поэзия болмаса, постмодеристік поэзияның болуы мүмкін емес, деп нық сеніммен айта аламын. Оның басты өкілдері O'Hara, John Ashbery, А.Гинзберг, т.б. арада ширек ғасыр өткенде постмодернизм де шығыс пен батыстың барлық елдеріне таралып тамыр тартты. Бүгінде біз бұл есімдерді білеміз. Шығармаларын да оқыдық. Дегенмен әдебиеттегі эстетикалық түйсіктің талғамы бұлармен тоқтап қалған жоқ. Әдебиетте, поэзия да үздіксіз өзгеріп, жаңарып жатыр. Ғылымдағы сияқты әдебиетте де біреулер жаңалық ашады, енді біреулер соны байытып, кемелдендіреді. Қазіріг екі кезең қатар жүріп жатыр. Негізі бүгін жасалуы тиіс поэзия тұрғысынан, біз кеш қалғанымыз жоқ. Бірақ, соны сезіну керек.

- Осыдан үш жыл бұрын Қытайдың "Пужаң әдебиеті" журналына берген сұхбатыңызда: "Поэзия — ойдан бұрын туатын өнер", - деген екенсіз. Сол кезгі сұхбатта айтамын деп, бірақ айтылмай қалған ойларыңыз болған ба еді?

- Не нәрсемен айналыссаң да, оны алдымен дұрыс танып алуың керек. Дұрыс тану іргетас сияқты. Іргетас дұрыс қойылмаса, түбінде жиған құрлысың қисаяды тіпті күйреп тынуы мүмкін. Мені алаңдататыны бүгінгі қазақ әдебиетіндегі поэзиятанудың жағдайы. Біз Абайды қазақтың бас ақыны деп білеміз. Оған талас жоқ. Бірақ, кеңестік үкімет Абай шығармаларын, оның өлеңдерін сүзгіден өткізгенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бастысы Абай өлеңдерінің мәтіні орыс поэзиятануының, тілтануының заңдылығына сай өңделген. Бұл өткен ғасырдың 20-30-40 жылдарындағы жағдай. Сол негізде кейін кеңестік-орыс поэзиясының, тілінің заңдылығына сай келетін поэзиятану ғылымы-сыны пайда болды. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан кейінгі қазақ поэзиясын осы сынның өнімі деуге болады. Әлгі поэзиятану ғылымы мұнымен тоқтаған жоқ. Ол Абайдан бұрынғы қазақ поэзиясының мәтінінің өзін сүзгіден өткізді. Сүзгіден өткізді деген жеңіл сөз. Негізі толықтай бұрмалады. Бұл туралы жазушы-зерттеуші Мұхтар Мағауин еңбектерінде жазады (Мағауин М. «Ғасырлар бедері», (Жазушы баспасы. 1991ж.  409-бет.)  ) Ойлау заңдылығы мен тіл-жазу өзгеше байланыста болады. Қазақтың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүрген ортасы, жалпы мәдениетке қатысты туындысы орыс халқынан мүлде басқаша. Мұны жинақтай келіп екі ұлттың тілінің, тілдегі эстетикалық талғамының ұқсамастығына апарып тіреуге болады. 

Бірақ, кеңес үкіметі осы заңдылықты белден баса отырып Абайдан бұрынғы және кейінгі қазақ поэзиясының мәтінін орыс тілі мен граматикасының, қала берді орыс поэзиясының заңдылығына сай өзгертіп жасады және сол жолға итермеледі. Бұл мәселе кеңес кезінде ашық айтылмағаны белгілі. Тәуелсіздіктен кейін айтыла бастаса да, біздің поэзиятану саласында ескеріліп жатқан жоқ. Зерттеушілер әлі де қисық іргетасқа кесек қалап оған «қазақ поэзиясы» деп ат қойып, ғылми еңбек ретінде жалған дүниені айналымаға жіберіп жатыр. Мұның салдары ауыр болады. Жалған ғылым аталған ғылымның жоқ болуынан да қатерлі. Өйткені ол жұртты адастырып, кері бағытқа бұрып жіберуі мүмкін. Бір зерттеушінің қазақ өлеңінің тарихын  «көк өлең, қара өлең, ақ өлең» деп бөлгенін көріп, таң қалдым. Бұлай бөлуге ешқандай ғылми негізі жоқ. Ол «көк өлең» атап отырған Абайдан бұрынғы мәтіндер де, «қара өлең» атап отырған Абайдан кейін нық қалыптасқан мәтіндер де жоғарыда айтқан кеңес үкіметінің қолынан өткен мәтіндер. Олар туралы талас көп, әлі де зерттеуді, анықтауды, өзгертілген мәтіндерді қайтадан түпкі болмысына келтіруді қажет етеді. Ол кезде кеңестік мәтіндердің қаншасы қазаққа тән болып қалары тағы басқа мәселе. Содан кейін ғана ол мәтіндерді дәлел ретінде ғылми еңбекке тартуға болады. Бірақ, зерттеушіміздің жоғарыдағы тарихтан мүлде хабары жоқ сияқты. Әлде маған бәрібір, деп қарай ма. Өзі ойдан шығарған дүниесін дәлелдеу үшін төтесінен әлгі кеңестік өзгертілген мәтіндерді үйіп-төгіп пайдалана берген. Онымен қоймай әлгі екі өтірік дүниенің үстіне бүгінгі қазақ поэзиясының ерекшелігі дегенді апарып қондырады да одан да үлкен өтіріктен тұрған дүние жасап шыққан. Кеңес кезінде қазақ әдебиетінің өркенін өсірмеген қаскөй кеңес әдебиет сыны еді. Бүгінде ондай қара ниет идеологиялық сын жоқ болғанымкен, оның орнын әлгіндей қара дүрсін, логикасыз, сауатсыз сын-зерттеулер  басты. Сын деген тез ағаш сияқты қисықты түзеу үшін қажет. Ал сынның өзі қисық болса, ондай елдің әдебиетін Құдай ұрды дей беріңіз. Бұл алаңдатарлық жағдай емес пе?                  

- Қазақ әдебиетінде өзіңіз мойындайтын Һәм мойындамайтын ақын-жазушылардың атын атай алатын ба едіңіз? Немесе түр-түсін сипаттап беруіңізге болады...

- Қателеспесем, сөзіңнің астарында «кімді басекелес санайсыз?» деген ой қылтиып тұрғандай. Менің басқалармен бәсекелесетін ретім жоқ. Бәсекелес болу үшін сенің бір шығармаң жарық көргенде, әлгі адам да сенің шығармаңнан асып түсетіндей шығарма жариялап, сенің қуанышыңды су сепкендей басуы,  алаңдатуы керек. Бәсекелестік деген сондай жағдайда туады. Бәсекелестіктің пайдалы жағы да бар. Бәсекелестік таланттарға қамшы болады. Әдебиет деген уақыт пен кеңістіктен тұратын қозғалыстағы үлкен орта. Ол жерде бүгін деген болмайды. Ол жерде Гомер, Платон, Қорқыт, Абай тірі. Сен тірі жүргеніңмен әлгі қозғалыс ортасында тірі жүре алатындай шығарма бере алсаң ғана тірісің. Әйтпесе, тірі жүрсең де, ол орта үшін өліксің. Мәселе бұған келіп тірелгенде сен өзіңмен ғана дара қаласың. Саған ешкім көмектесе алмайды. Астыңа алтын тақ беріп, басыңа күмістен сарай тұрғызып берсе де, жазуға мүмкіндігің жоқ болса, жаза алмайсың. Әлгі үлкен орта үшін сен бәрібір өліксің. Сондықтан мен өз жолыммен жүріп, өзім жазсам деген шығармамды жазып, өзімше өмір сүрсем. Әуел бастан солай болатын. Сен меңзеп отырған әдеби орта мен үшін жоққа тән. Ғылымда «парелел әлем» деген ұғым бар. Парелел әлемде біреулер тас ғасырда жасап жатса, енді біреулер қала салып жатады. Олар бірін бірі біле бермейді. Бірақ, қатар өмір сүре береді. Біздің қазіргі жағдай да сол сияқты. Өз алдымызға өмір сүріп жатқан жағдайымыз бар.  

-  "Қане, қаншалық тереңге шөге аласың?! Мүжілген, Малтатаста да бар қасірет, Тұңғиықта мәңгі қалғандығы үшін емес. Домбыраның екі ішегі ешқашан тілдеспейді, Оларды шанақта саусақтар қосады. Мұхиттың тереңінен жеткен үн Қос ішектің көкірегінде күмбірлейді" деген өлеңіңіз "Жұмекен Нәжімеденовтің соңғы монологы" деп аталады екен. Маған бұл өлең ұнады. Жалпы сіздің шығармашылығыңызға шетелдік, отандық қаламгерлердің көзқарасы қандай? Әсіресе, қай жұрттың қаламгерлері жақсы қабылдайды екен?

- Менің ағылшын тілінде жарық көрген өлеңдерімді шығыс пен батыстың біраз жұрты ұнатты-ау, деп ойлаймын. Әсіресе, ағылшын тілінде жарық көрген «Театр» атты поэмам әдеби қауым арасында жақсы аталды. Поэзия өте нәзік өнер. Ол бірнеше шумақтан ғана тұрғанымен өте үлкен кеңістік пен қорды бойына сидыратыны бар. Басқаша айтқанда сенің бойыңда үлкен дәстүр жинақталғанда ғана шағын болса да, үлкен шығарма жаза аласың. Ауыз әдебиетінен шыққандар мықтағанда айтыскер болады. Кеңес поэзиясының шекпенінен шыққандар ары кетсе балаларға жаттауға дайын тақпақтар мен ән сөзіне ғана бара алады. М.Шолохов «Тынық Донды» жазғанда, Ф.Кафка «Қамалды» жазды. Осының бәрінің астарында шығармашылық адамның бойына сіңірген дәстүр ықпал етіп тұр. Дәстүр дегенді дұрыс түсінейік. Ол сенің оқып-білген дүниеңді бойыңа сіңіріп, шығармашылықта шығара алуың. Айталық, М.Мақатаевты қанша жаттағаныңмен жөні түзу бір шумақ өлең жаза алмасаң, шындығы сенің бойыңда Мақатаев дәстүрі жоқ, деген сөз. Адам болмысы мен ойдың қатынасы көптеген күрделі мәселелерге барып тіреледі. Поэзияны мәдениеттану, қоғамтану, адамтану, философия және әдебиет-өнертану бойынша адамзаттың бүгінге дейін қол жеткізген білімі негізінде сезіне алсаң және оны ана тіліңнің мүмкіндігінде толық мәтінге айналдыра алсаң ғана жолыңның болғаны. Негізі шығармашылық адам өз дәстүрін өзі қалыптастырады. Бар болғаны сол.   

- Біздің ақын-жазушыларымыздың деңгейі Мемлекеттік сыйлықпен шектеліп қалған сияқты. Тіпті "Алаш" сыйлығын алған соң-ақ, "пенсияға" кетіп жатқандарды байқаймыз. Сыйлыққа деген махаббатымызды Нобельді алғанша сақтай аламыз ба? Әлде қасиетті сыйлықтан үмітімізді үзе берейік пе?

- Біздің елде әдебиеттің өркендеуіне жұмыс істейтін әдеби сыйлық бар, деп ойламаймын. Кеңес кезінен қалған мемлекеттік сыйлық та, кейін қосылған «Алаш» сыйлығы да әдебиетпен көп қатысы жоқ сыйлықтар. Алдыңғысын үкімет береді. Оның тағдырын үкіметке жұмыс істейтін әдебиеттегі жалдамбалы жазғыштар шешеді. Кейінгісі тап-таза алдыңғысының көшірмесі, тек қарадүрсіндеу. Өз басыма келсем, маған өз ортамнан бір сыйлық керек сияқты сезілетін. Бірақ, маған лайық сиялық та жоқ еді. Оған «Рух» конкурысында драматругия саласы бойынша сәті түсті. Қазақтың белгілі театр режиссері Есмұхан Обаев мырза «Мен, мен ешкім де емеспін» атты пьесамды оқып, менің сыйлық алуыма бірден бір ықпал етуші тұлға болды. Мен мұны тағдыр деп бағалаймын. Маған осы бір сыйлық та жетеді. Осымен баратын жеріме барып аламын.        

- Нобель сыйлығын алуыңызға неше қадам, қанша уақыт қалды?

- Сұмдық сұрақ екен. Нобель сыйлығын алу басқа, оған ұсынылудың өзі үлкен мәртебе екенін білетін шығарсың. Күндердің бірінде өз атым үміткерлердің тізімі арасынан аталып жатса, соның өзі мен үшін үлкен мәртебе.    

- Электронды поштаңыз қалай аталады? Поштаңызда біз білмейтін қандай жаңалықтар бар?

- Менде жаңалық көп емес. 

- Кімді жек көресіз?

- Бір кезде жақын сезінген, кейін жауласып кеткен адамдарды жек көремін. Негізі мен кекшіл адаммын. Әмірхан Балқыбектің «сен Ардақ, қатты кекшілсің» дегені бар еді. Ойлап көрсем, дәл тауып айтқан.  

- Өмір деген не? Су ма, оттегі ме?

- Өмір деген саған берген бір реткі мүмкіндік. Ол от әрі су. Оттың орныда су қалады ғой. 

Нұрлан Мансуров: «Абайдың діни танымы әлі де зерделенбей келеді»
Балтабек Нұрғалиев: Елімнің маңдайына бақ болып бұйырған адам екенімді барлығы біледі


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×