Нұрлан Мансуров: «Абайдың діни танымы әлі де зерделенбей келеді»

Oinet.kz 29-01-2021 2842

Былтыр,  Абай, Фараби жылында ұлы тұлғалардың еңбектерін насихаттау жүзеге асырылды. Көптеген іс-шаралармен қатар тұлғалардың бұрын зерттелмеген тың тақырыптағы дүниелерін қайта саралауда ғалымдар сүбелі еңбектер ұсынды. Солардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары Н. Мансуров пен Б.Темірхановтың «Ғақлиат тасдиқат» отыз сегізінші сөз» атты кітабының жарыққа шығуын ерекше атап өтуге болады. Бұл  Абай жылын осындай терең зерттеу еңбекпен қорытындылау іспетті. Ендеше, осы ғылыми зерттеудің мән-мағынасын ашу үшін біз Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ясауитану ғылыми-зерттеу  орталығының директоры Нұрлан Мансуровпен арнайы сұхбаттасқан едік. 

Нұрлан Мансуров.jpg

- Нұрлан Берденұлы, зерттеу нысаны ретінде неге Абайдың отыз сегізінші сөзі таңдап алынды. Тақырыптың түйінін осы жерден тарқатсаңыз. 

-Қазақтың біртуар дара ойшылы, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздеріне үңілген кезде қашанда олардың түпкілікті мән-мағынасы бізді жаңа белестерге бағыттап тұратындай көрінеді. Сол себепті ақынның өлеңдері мен қара сөздерін саралап-талдағанда олар әрқашан жаңаша көзқарастарды қалыптастырады. Міне, осы ретте біз Абай Құнанбайұлының отыз сегізінші қара сөзіне таңдау жасадық. Өйткені қырық бес қара сөздің ішінде ауқымы жағынан әрі тақырыптық жағынан да ерекшеленіп тұрған осы – отыз сегізінші сөз. 

Бүгінге дейін «Китаб тасдиқ» атауымен жарияланып келген бұл туындыны кезінде М.Әуезов барша қара сөзді «Ғақлия» деп, ал күллі адамзатқа ортақ проблемаларға бағытталған отыз сегізінші сөзді «Ғақлиат тасдиқат» деп, дара атаған болатын. Сондықтан таңдаудағы басымдық шығарманың төл атауын қайта жаңғырту болатын.  Келесі басымдық ақынның осы сөздегі бірнеше басты ұстанымдары негізінде адамдықтың ізгілік жолын ұсынғандығын ашып көрсету мақсат етілді. Себебі отыз сегізінші сөз абайтанушы ғалымдар айтқандай бір ғана ұлтқа телініп қоятын шығарма емес, ол барша мұсылман әлеміне, қала берді бүкіл адам баласына арналған шығарма екендігін айтып жеткізу. 

- Отыз сегізінші сөздегі өзекті мәселелер қандай?

- Отыз сегізінші сөздегі нақты өзекті мәселенің бірі – толық адам.  Абай Құнанбайұлы сол толық адам дәрежесіне жету үшін адам баласына бірнеше баламалы жолдарды ұсынады. Оған Абай Құнанбайұлының келтірген ғақли және нақли дәлелдерін айтуға болады. Бұл екі әдіс Алла тағаланы тану жолы. Яғни кісі жаратушыны ғақли дәлелдер арқылы да тани алады. Оған ақын Құран Кәрімдегі «әй ақыл иелері, ойланбайсыңдар ма?, назар қоймайсыңдар ма?» деген секілді аяттарды түсіндіріп, мына әлемнің және ондағы барлық жан-жануарлардың адам баласы үшін берілген нығмет екені әрі адамзаттың ешқашан таусылып түгемейтін рызық несібесін адам баласына қосымша жүк ретінде қарастырмай, өздігінен көбейетін етіп жаратқанында Алла тағаланың құлдарына деген махаббаты тұрғанын жеткізеді. Ал нақли дәлелдер арқылы Құран Кәрім мен пайғамбар (с.а.у.) хадистерінде баян етілген бұйрықтарды және Алла тағаланың ұлық есім-сипаттарын оның ішінде зати-субути сипаттарын шын ұғу арқылы жаратушының ыстық ықыласына бөлену керектігін келтіреді.

- Осы жерде Ұлы ақынның діни танымы туралы не айтасыз? Бұл мәселе қаншалықты зерттелген? 

- Абай Құнанбайұлы еңбектерде ақын, ағартушы, философ ретінде суреттеледі. Ал оның діни танымын көп ретте тани алмай келеміз. Міне, бұл мәселе де тереңінен талдауды қажет етеді. Өйткені бүгінгі таңда ақынның дін саласында тартқан қаламы әлі де зерделенбей келеді. Қараңыз, зерттеу нысаны ретінде қарастырылған отыз сегізінші қара сөзді қарапайым кісі бір сыпыра оқып шықса, мәтіннің тең жартысын ұға алмауы бек мүмкін. Мұның себебі неде?! Себебі, Абай Құнанбайұлы отыз сегізінші сөзді жазуда діни терминдерді, араб, парсы сөздерімен көркемдеп, ал аят, хадистерді дәйек-дәлел ретінде көп пайдаланған. Соның салдарынан оның мазмұнын көпшілік түсінбей қалады. 

Сөз жоқ, Абай Құнанбайұлының діни танымын сөз еткенде оның діни сенімі, араб, парсы тілдерін игергендігі айтылады. Алайда олардың әрқайсысы жеке мағыналық жағынан діни тұрғыда қарастырылмайды. Бұл күрделі мәселенің бірі. Сондықтан бұл терең зерттеуді талап етеді. Айталық, отыз сегізінші сөзде мынадай тұжырым бар: «Саниғын сұнғатына қарап білесіз». Араб тілінде саниғ – Жаратушы деген мәнді берсе, сұнғат – жаратылған деген мағынаны білдіреді. Сонда «Жаратушыны жаратылғанға қарап білесіз» деген мағына шығады. Бұл өз кезегінде Абай Құнанбайұлының діни танымы қаншалықты дәрежеде екендігін аңғартады. 

Ақын мұнда араб тілінің сөздерін еш іркілмей қазақ тілінде еркін қолдану әдісін меңгергені көрінеді. Одан өзге ойларды ұсынуда қасиетті Құран Кәрім аяттары мен Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) хадистерімен негіздеп баяндаған. Олай болса, ақын аят пен хадистерді де белгілі дәрежеде білген. 

Тағы бірде Алла тағаланың адам баласына салған жолы қайсы дей келе, бұған жауапты Құран Кәрімнің мына аятымен түйіндейді «Әтәмурун ән-нәса билбирри уә әхсәну инна Алаһу йухиббул-мұхсинин» (мағынасы: Адамдарға көркемдік пен жақсылық жасауды бұйырмады ма? Расында, Алла жақсылық жасаушыларды ұнатады). 

Бұл жайлы жеке тақырып ретінде көп айтуға болады. Әйтсе де, Абай Құнанбайұлының діни танымын тануда мұны бір мысал ғана деп қарау керек. 

- Ғылыми-зерттеу еңбегінің маңыздылығы  неде?

- Еңбегіміздің маңыздылығы көп қырлы деп айтуға болады. Біз ақынның отыз сегізінші сөзін зерделей келе, қара сөздегі әр абзацқа жеке-жеке тілдік және діни танымдық тұрғыда талдау жасадық. Әр сөздің және сөз тіркесінің өзіндік түпкі мәнін ашуға тырыстық. Оның ішінде діни сенімге қатысты терминдерді қарапайым түсінікті тілде, дәйектемелер арқылы жеткізуді қарастырдық. 

Ақын ұсынған иманның түрлерін нақлий және ғақлий дәлелдердің мәнін ашуға тырыстық. Алла тағаланы тануда маңызды саналатын зати және субути сипаттарды түсіндіруді негізге алдық. Адам баласының адамдығын сипаттайтын ақыл, ғылым екендігін, оның табылмақтығына жан мен тәннің қажеттігін, оның саулығын тілге тиек еткен ақынның ойларын барынша саралап жеткізуді мақсат еттік. 

Әрине, кемшін тұстары да бар шығар, оған таласымыз жоқ. Десе де, оқырманға ұсынған тұжырымдардан тамшыдай бір пайда аларлық үлес қосқан болсақ, онда біздің де мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз. 

- Бүгінгі Абайды танудағы жаңаша көзқарас қандай болуы керек?

- Абай Құнанбайұлы өлеңдері мен қара сөздерінде көбіне о дүниемен байланыстыра сипаттайды. Оны да шариғи тұжырымдармен байлам жасап, ой түйеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай «келдім қайдан, барам қайда, не етсем пайдам?» деген мәселелер төңірегінде ой өрбітеді. Мақсат – қайтсе адам баласы дүние тіршілігінде өмір сүру мақсатын айқындайды, оған жетуде нендей білім керек, неге құмар болу керектігін жүйелі түсіндіреді.

Расында, бүгінгі таңда адамдардың көпшілігі өмірді өз ойына қарай жүйелеуді немесе басқаға еліктеу арқылы өмірін жалғастыруды мақсат тұтады. Міне Абай Құнанбайұлының қара сөздерінде мұндай адам болмысының қалыптасуына жетелейтін құнды тұжырымдар рет-ретімен тізбектеліп тұр. 

Біздің де мақсатымыз осындай ой-тұжырымдардың мән-мазмұнын ашу. Өйткені ақынның отыз сегізінші қара сөзі адам баласының болмысын қалыптастыруда әрі рухани жетілуде, өмір сүру қағидаттарын көркем түрде үлгі етіп көрсеткен «темірқазық» деп қабылдануы қажет деп санадық. 

Сұхбаттасқан: Әдемау ТОЛЫСБАЕВА, 

ХҚТУ «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығының басшысы 

Сәкен Сыбанбай: «Латын қарпіне ауысуға қарсымын»
Ардақ Нұрғазы: Сыны қисық елдің әдебиетін Құдай ұрды дей беріңіз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу