Мұсабек қажы Ақтамберді: «Ауыз ашар беруге кететін қаражатты қайырымдылыққа жұмсасақ»

Oinet.kz 25-04-2020 1646

Аузында Алласы, жүрегінде иманы бар мұсылман баласы асыға күткен, бес парыздың бірі Рамазан айы да келіп жетті. Биыл ол 24 сәуірден басталады. Ораза ұстау – ішіп-жеуден тыйылу ғана емес. Ораза ғайбат сөздерге жол бермеу, өсек-аяңға жоламау. Ораза мұсылмандардың құлшылыққа ерекше ден қоятын мерзімі.  Қасиетті айда ауыз бекіткен мұсылман күнәдан сақтанып, сабырмен сусындап, сауапқа кенеледі. Ал биыл Рамазан айы жылдағыдан өзгерек. Себебі, елімізде жарияланған төтенше жағдай оразаға да әсерін тиігізіп отыр. Яғни, енгізілген шектеулер қасиетті айда жасалатын діни жоралғыларды да айналып өтпейді. Оразаның қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Түркістан облысындағы өкілі, Түркістан облысының бас имамы Мұсабек қажы Ақтамберді осыған түсінік берген еді.

Screenshot_2.jpg

– Рамазан айының артықшылықтары туралы айтып берсеңіз. Және биыл қасиетті ай қай күннен басталады?

– Ең алдымен, Алла Тағала Рамазан айына аман-есен жеткізіп, барша әлемді әбігерге салған аты жаман дерттен мұсылман баласын айықтырып, байырғы мамыражай күнге амандықта оралуды нәсіп етсін! Халықаралық астрономиялық зерттеу орталығына сүйене отырып, және көрші мұсылман елдерімен бірігіп, Рамазан айында ораза ұстау уақыты бекітілді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және ғұламалар кеңесінің шешімімен биылғы жылы Рамазан айы 24 сәуірден басталып, 23 мамыр тәмамдалады. Рамазан – адамды рухани дамуға, сабырлылыққа, рухани жаңғыруға, татулыққа шақыратын қасиетті ай. Аллаға деген құлшылығымызды жасай отырып, Мемлекет басшысы қабылдаған тәртіпке бағынып, аурудан сақ болудың қамын жасап, құлшылық ғибадаттарын орындауға асыққанымыз жөн. 

– Ауыз ашып болғаннан соң, халық мешіттерге тарауих намазын өтеуге баратын еді. Қазір мешіттер де жабық, адамдар себепсіз сыртқа шыға алмайды.

– Түркістан обылысында 700-ден астам мешіт бар. Барлығы да ҚМДБ-ның бекіткен бұйрығына сүйенеді. Елімізде орын алып жатқан төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында жасалатын құлшылық ғибадаттарымыз, тарауих намазы, ауызашар беру сынды шаралар ыңғайластырылды. Тарауих намазы еркектерге де әйелдерге де сүннет болған намаз. Бұл намаз Рамазан айының әр кешiнде оқылады. Жамағатпен оқылуы кифая сүннет. Бірақ мына жағдайда әркім өзі үйінде жеке немесе отбасымен бірге өтеу абзалырақ. Мешіттегідей Құранды хатым ету міндетті емес. 

– Рамазан айында жыл сайын көпшілік ата-баба рухына құран бағыштап жатады. Биыл оған шектеу бар ма?

– Адамдар Рамазан айының сауабының молдығынан, әруақтар рухына құран бағыштаған. Егер де ауыл, елді мекендерде бір отбасы өзінің ата-бабасына құран бағыштар болса, имамды үйіне шақырып, оқытса ешкім қарсылық білдірмейді. Бірақ өздеріңіз білетіндей, көп адам жиналуға болмайды.

– Пайғамбарымыздан (с.а.у): «Кімде – кім бұл айда аузы берік бір адамға ауызашар берсе күнәлары кешіріледі. Сол аузы берік адамның сауабындай сауап оған да беріледі» деген хадис қалған. Адамдар Рамазан айында мешіттерде, үйлерінде ауызашар беріп сауапқа кенелгісі келеді. Мынадай жағдайда ауызашарды қалай берген жөн?

– Біздің халықтың қасиетті айға деген көзқарасы ерекше ғой. Мысалы, менің байқағаным облыста 30 күн оразада мешіттерде ауызашар үзілмейді. Тіпті алдын-ала белгілеп, бос күн болған емес. Бірақ халық арасында бір жұтым су мен тілім нанын әрең табатын жағдайы төмен отбасылар бар екені баршаға мәлім. Төтенше жағдайда адамдар сол ауызашар беруге кететін қаражатты қайырымдылыққа жұмсағаны жөн. Және әрбір жан өзінің үйінде жанұясымен ауыз ашып, жеке тарауих намаздарын өтейтін болып бекітілді. Немесе бас мүфти айтқандай ауызашарды тиісті тамақтандыру орындарына тапсырып беріп, ауыз бекіткен ағайындарының мекен-жайын жазып,  жеткізу қызметін қолданса болады. 

– Пітір-садақаның биылғы мөлшері қанша болып бекітілді?

-Шариғат талабымен халықтың көп пайдаланатын төрт түрлі дәнді-дақыл бар болса, солардың ішіндегі ұнның бағасымен пітір-садақа мөлшерін бекітті. Жан басына шаққанда садақаның мөлшері 370 теңге болды. Адамдардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі болатынын ескеріп, бұл қатып қалған мөлшер екенін айтпаймыз. Мейіз немесе құрманың бағасымен берсе де болады. Үйден шығу шектеліп, пандемияны жұқтырып алудан қорыққан халыққа жағдай жасап, пітір-садақаны мешітке келмей берудің тиімді жолын да қарастырдық. Қазіргі таңда халық көп қолданатын Kaspi.kz қондырғысы баршаңызға мәлім. Біздің хазіретіміз алдын-ала «Каспи банк» өкілдеріне өтініш жазған еді. ҚМДБ-ның төралқа мәжілісі болып, онлайн режимде аталмыш  банк өкілдері өтінішке құлақ асып, бір аптаның ішінде қондырғыда арнайы батырма пайда болды. Онда әр облыстың, қаланың есепшоты көрсетіледі. Міне, сол смартфондағы каспи арқылы жан садақасын, зекет, фидияны беруге мүмкіндік туып отыр.

– Фидия садақасын кімдер береді және оның мөлшері басқа бола ма? 

– Кәрілікке жеткен, айықпас дертке шалдығып, шариғатты үкімі бойынша ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ адамдар беретін фидия садақасының мөлшері республика бойынша 1700 теңге болып бекітілді.  Яғни, бұл қаражат кембағалдың тоя жейтін тамағының мөлшері таңертең және кешке 850 теңгеден есептеп белгіленді. 

– Оразадан кімдер босатылады? 

– Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Яғни, ең алдымен науқастар мен сапарға шыққандарға ораза ұстамауға болады. Бірақ міндетті түрде артынан өтеу керек. Және кәрілік жеткен, өз денсаулығына алаңдаушылық білдірген адамдар, сондай-ақ, екіқабат немесе босанған, хайз әйелдер ауыз бекітпесе болады. 

– Қадір түні биыл қай күнге белгіленді?  

– Алла қаласа Қадыр түні 19  мамырдан 20-сына қараған түнге келіп отыр. Бұл түні Құранды көп оқып, біліп-білмей жасаған күналары мен қателіктері үшін Жаратушыдан кешірім сұрап, дұға тілеу ең абзал амалдардың бірі. Сондай-ақ, бұл түнде садақа берген жөн. Себебі, «Садақа беріңдер. Садақа тозақтың отын сөндіреді» деген Алла елшісі. Қадір түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар.

Дайындаған: М.ЖАНЫСБЕКОВА

Нартай Өтеген, продюcер: «Кейбір телехикаялар көрерменге кері әсерін тигізеді»
Әміржан Қосанов аңқау елге арамза молда екенін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу