«Келінім оразамын деп күні бойы ұйықтайды»
Замира апаның айтуынша, келіні тек Рамазан айында ғана емес, одан бұрын да жұмыс істеуден қашу үшін діни амалдарын сылтау еткен көрінеді. Ол келінінің ренжіткен істерінің бірқатарын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Ауылды жерде тұрамыз. Келін де ауылдан шыққан қыз. Құда-құдағидың тұрмыстық жағдайы бізден асып-тасып тұрған жоқ, қарапайым. Бірақ қызы ақсаусақ, ыдыстарды қолына резеңке қолғап киіп жуады. Сиыр саумайды. Шаңға аллергиям бар деп, мал қораға жоламайды.
Келін боп түскеніне бір жыл бола қойған жоқ. Әлден тәртіпке көнбесе, әр айтқан сөзіме жауап қайтарып отырса, ертең қарым-қатынасымыздың қандай боларын кім білсін?! Ұзын етек хиджабымен үй шаруасын атқару ыңғайсыз. Жұрттың келіндері киіп жүрген ыңғайлы халат пен шалбарлар бар ғой, кимейді. «Орамалды да үйде кәдімгі келіндер сияқты таға бер, көшеге шыққанда басқаша тағарсың» десем, тыңдамайды. «Құранда олай жазылмаған ғой» деп, аузымды жабады.
Келін ұйқысынан сағат 10-дарда тұрады. Түсіністікпен қарадық алғашқыда. Бірақ қонақ келе қалғанда, көршілер бас сұққанда келіннің орнында жүгіріп жүргеніме ыңғайсызданып қалам. Атасы бір-екі рет «Келін бәрінен ерте тұруы керек» деп еді, «Бәріңізден ерте тұрып, намазымды оқыдым. Намаз оқу оңай емес, шаршап ұйықтап қалыппын» деді. Атасы екеуміз «Келін ең алдымен келіндік міндеттерін орындау керек қой» деп едік, «Бірінші Алла алдындағы парыздарын орындау қажет» деп сөз қайтарды...
Келін алсам, жұмысым азаяды дегенім бекер екен. Түскі уақытта да мен шай қойып, қазан-ошақтың басында тамақ істеп жүрсем, келінім су жылытып дәрет алып жүреді. Кешкі намазы да дәл ас әзірлейтін уақытпен қатар келеді. Кейде жылдам, ал үйге қонақ келгенде ұзақ оқиды.
Ошақ басында жүріп, құмғанын көтеріп бара жатқан келінімнің сыртынан қарап «Е-е, мен солай жүрсем жараспай ма?» деймін іштей. Бірақ оның бәріне де уақыт пен жағдай керек. «Ораза, намаз – тоқтықта» деп бекерге айтылмаған ғой. Ораза ұстасам, мен де келінім ұқсап күні бойы демалып жатсам, үй тірлігі жайына қалмай ма?! Отбасымыздың асырап отырған бес сиырдың сүтін кім пісіріп, ұйытып, май піседі?..
Бір-екі күннен соң ораза аяқталса, келінді жұмсаймын деп ойлап жүргем. Бау-бақшада да жұмыс күтіп тұр. Ал ол айттан соң нәпіл ораза ұстауға ниеттеніп жүр. Меніңше, келінім жұмыс істемес үшін дінді қалқан етіп жүрген сияқты. Тілім жазық, маған солай түйіледі...»