«Қыздың қайтып келуі өлікті қайта қазып алғанмен тең бе?»

Oinet.kz 17-04-2022 8337

«Кеткен қызды қайтып әкелу өлген адамды қабірінен қайтадан қазып алғанмен тең» дегенді естігенсіз бе? Маңғыстаулық Нарқыз есімді ана қайынатасының осы сөзі үшін алып-қашудың құрбаны болған қызын аттаған босағасында қалуға мәжбүрлепті. Соңы өкінішпен аяқталған. Өкінішті оқиғасын Нарқыз ана ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді. 

Screenshot_6.jpg

«Жалғыз қызым бар еді. Қызымның тағдырына қатты алаңдайтынмын. Бойжете бастағаннан «Жақсы адам жолықса екен, өз сүйгеніне тұрмысқа шығуды нәсіп етші» деп, Тәңірден тіледім. Бірақ адамның айтқаны бола берсе қанекей, арманым орындалмады. Қызым мектепті бітірген күні оған көз тігіп жүрген бір жігіт алып қашып кетті. 

Таңертең үйге екі кісі сау етіп кіріп келді. Хабаршылар екен. «Алып келем» дедім. Қуғыншылармен еріп кетпек болдым. Атам қарсы болды. «Әкелмейсің. Үйге кіргізбеймін» деп отырып алды. Қуғыншылар барып келген соң да менің жылап жүргенімді көрген атам «Бері кел. Отыр мұнда» деді қатқыл дауыспен. «Қыздың қайтып келгені мен үшін өліммен тең» деді сосын. «Қызымның тағдыры тұрғанда жұрттың сөзі не керек? Жұрттың алдындағы абыройыңызды ойлайтын жағдай емес. Мектепте үздік оқыған қызымның армандары бар еді ғой» деп атама ренжідім. 

Сол кезде неге атамды тыңдадым деп қазір өкінем. «Менің қызым, мен туғанмын. Оның тағдырын мен шешем. Араласпаңыз» деуім керек еді. 

Не керек, мен ойлағандай қызым келіндік өмірде қатты қиналды. Күйеуін сүйіп кете алмағанын талай рет айтты. «Жиіркенішті адаммен бір жастыққа бас қою қандай азап еді» деп те жылағаны әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. 

Ол балалы болғаннан соң да «Мама, мені ажыратып алыңызшы. Шыдай алмаймын» деп бірнеше рет үйге келген. Атам «Ендігәрі жалғыз келуші болма» деп үйден қуып шыққан еді. 

Содан кейін қызым үйге келмейтін болды. Ішіндегі мұңын да айтпады. Екіншісіне жүкті кезінде ауруханада жатып көз жұмды. Біз оның ауруханаға түскенін де білмедік, ешкім айтпады. 

Дәрігерлердің айтуынша, қызымның бауырына зақым келген. Олардың болжамынша, қатты соққы тиген, бауыры езіліп кеткен. Бұны естіп жүрегім езілді. 

Арада бірнеше жыл өткен соң қызымның ата-енесімен көрші боп тұрған әйелді бір тойда кездестіріп қалдым. Ол күйеу баланың қызымды күнде ұрғанын, көкала қойдай етіп тепкілеп тастайтынын айтты. «Тепкілегеннен бауыры езіліп кеткен ғой» дегенде, құлынымдап жыладым. 

Содан бері тағы да талай жыл өтті. Қызым тірі болғанда қыркүйек айында 45 жасқа толар еді. Қызым шырылдап жылағанда оған араша түсе алмағаныма әлі күнге дейін өзімді кінәлаймын. Айтқанынан қайтпай отырып алған марқұм қайынатамды да әлі кешіре алмай жүрмін.» 

«Келінім оразамын деп күні бойы ұйықтайды»
Сергелдеңде жүрген қыз-келіншектер оқып, ойлансын...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу