Әміржан Қосанов аңқау елге арамза молда екенін айтты
Жә, спикерлер келер, кетер. Президенттер де өз уақытында ауысып отырар. 30 жылға созылған бір отбасының билігі де өз дегеніне жетпесе де, өз ақырына жетер. Бәрі - өткінші.
Тұрақты бір ғана нәрсе бар, ол - еліміздің амандығы!
Дүйім жұртты діңкелеткен дағдарыс пен девальвация дәуірі бітпей қойды.
Қаупі, қатері, қайғысы қатар келе жатқан коронавирустың қара бұлты сейілмей-ақ қойды.
Осының бәрі аз болғандай, енді, міне, "жұт - жеті ағайынды" демекші, оңтүстік өңірімізді топан су басып жатыр.
"Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген" деп ұлы Жұбан ақын айтпақшы, бұл сыннан да аман өтуге жазсын!
Ең бастысы, Ел аман болсын!
Осы қиын кезеңді небір құйтырқы жоспар-әрекетті жүзеге асырамын деп билік те, не басқа арандатушылар да қалыптасқан жағдайды қара басының қамы үшін пайдаланып кетпесін!
Билік тиісті экономикалық, әлеуметтік шараларды қолға алмаса, ертең қырық күн карантиннен әбден шаршап, азып-тозып шыққан елдің қалың нөпір наразылығына төтеп бере ала ма? Ол қарсылық ұласар текетірестің арты не болмақ?
Иә, демократия қажет-ақ! Ол талап күн тәртібінен түспейді! Оны күн сайын айту міндеті біздің мойнымызда.
Бірақ бір күндік, бір топтық саяси мүддеден еліміздің тұғырлығы мен тұтастығы мың есе қымбат әрі құнды! Қазіргі саяси өліара шақта осы күнге дейін биліктің сойылын соғып келген небір күштер мен тұлғалар тонын теріс айналдырып, супердемократ боп шықпасына кім кепіл? "Аңқау елге арамза молда", ертең кейбір ағайын солардың жалған, конъюнктуралық ұранына сеніп, соңына еріп кетпей ме?
Ең бастысы, Ел аман болсын! Іргеміз шайқалмасын!
Қиналып жатқан ағайынға қол ұшын беруге баршамыз дайын болайық!
Ең алдымен, халықтың қаржысына күн көріп жатқан билік өзінің конституциялық міндеттерін атқарсын!
Әміржан Қосановтың фейсбуктегі парақшасынан