Жасмин Ашимова: «Для галочки» өтетін іс-шаралардан ел шаршады»
Жасмин АШИМОВА, Шымкент қаласы волонтерлар корпусының президенті:
2020 – «Еріктілер жылы»! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтті. Еріктілердің ерекшелігін уақыт та дәлелдеп отыр. Олай дейтініміз, бүкіл әлемнің бүгінгі мәселесіне айналған қауіпті індетпен күресуде дәрігерлер мен жол сақшылары ғана емес, еріктілер де елеулі еңбек етуде. Үшінші мегаполистегі Жастар ресурстық орталығы жанынан құралған «Еріктілер клубы» 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы орайда Шымкент қаласы волонтерлар корпусының президенті, қалалық жастар мәслихатының депутаты Жасмин Ашимовамен еріктілік қозғалыс туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Жасмин, әлемде 1 млрдқа жуық ерікті бар болса, Қазақстанда 16 мыңдай ғана екен. Бұл өзге елдермен салыстырғанда қандай көрсеткіш? Жалпы қалада еріктілердің саны қанша?
– Иә, біздің елімізде 16 мыңға жуық ерікті тіркелген. Олардың дені студенттер. Ал шын мәніне келер болсақ, ресми түрде тіркелмегендіктен бізде көрсеткіш аз. Дегенмен, Алла разылығы үшін көмек көрсететін волонтерлар баршылық. Түптеп келгенде еріктілік қанымызға сіңген қасиет. Біз қазақ бауырмал, мейірімі мен шапағатын төгіп тұратын халықпыз. Бір-бірімізге жәрдем беру, асарлатып үлкен іс тындыру секілді дүниелер соның дәлелі. Қазақстанда 18 миллион халық бар болса, 18 миллион ерікті бар деп айтар едім. Мемлекет басшысынан бастап әрбір қазақтың жүрегінде мейірімділік бар. Яғни, кез-келген жағдайда бір-біріне көмектескісі келіп тұратын бірлігі жарасқан елміз.
Біздің қаламызда 3000-ға жуық ерікті бар. Аты-жөнін айтпауды, жарияламауды сұранатын, тіркелмеген еріктілердің саны өте көп. Жалпы олардың барлығы үшінші мегаполистің дамуына, қазіргі жағдайда тұрғындарының қауіпсіздігіне, мәдени-рухани іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосуда.
– Ерікті деген ұғымды қалай түсінесіз? Және сіз бұл жолды қалай таңдадыңыз? Қайырымдылыққа бала кезден жақынсыз ба?
– Еріктілік – алғысты тыңдауға ғашықтық. Ерікті – өз қалауымен әрі шын жүрегімен көмектесетін және орнына ештеңе сұрамайтын адам. Олар адамдардың алғысына бөленіп, игі істерге мұрындық болып жүрген азаматтар мен азаматшалар. Істеген ісіне қаражат алып немесе біреудің күштеуімен емес, көмекті өз еркімен көрсетеді. Егер де қандай бір табыс тапқысы келіп, дәмететін болса олар жұмысшы есебінде саналады. Екеуінің ара жігі осы.
Мен көмек қолын созудан рахат табатын адаммын. Менің көмегімнен кейін біреудің жүзі қуанышқа бөленсе болды, өзіме тиімсіз болып тұрса да жәрдем етемін. Мен осыдан өзімді жеңіл сезініп, бойыма қуат жинаймын. Бастапқыда шығармашылыққа жақын мүмкіндігі шектеулі балалардың өлеңін жазып беріп, оларды газет бетіне шығарып, түрлі жарыстарға қатысуына көмектесіп жүрдім. Ойлап қарасам, менің ресми түрде ерікті болып жүргеніме 6 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында өзіме рухани байлық әрі тәжірибе алдым деп айта аламын.
– Ерікті болу – ерлікпен тең! Жақсылық жасаймын деп жапа шеккен кездер болды ма? Кері әсерін тигізген кездер?
– Көмек көрсетіп жүріп, жапа шеккен кездер өте көп болды. Бірақ біз түсіністікпен қараймыз. Мәселен, Арыс оқиғасы кезінде біздің апарған заттарымызға тұрғындардың көңілі толмады. Олар тек көзқарасымен ғана білдіртіп қоймайды. Талай мәрте құлағымызбен де естідік. Карантин уақытында да тұрғындарға азық-түлік таратып, орнына алғыс арқалаймын деп барған еріктілерді көмегімен қоса қайтарып, таяққа жыққан кездер де болды. Содан соң не болады? Маған қыздар мен жігіттер келіп «неге?» деп сұрақ қойған кезде, олардың ынтасы мен ниеттерін мұқалтпауға тырысамын. «Бастысы, сіз көмектестіңіз, парызды орындадыңыз. Ары қарай оларды түсініп көрейік» деп осы мәселеге қатысты да түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Арыстағы кісілер үйсіз қалып, ұйқысыз жүргендіктен жүйкелері сыр беріп кім-көрінгенге ұрсуы мүмкін. Төтенше жағдай кезінде далаға шығуға сескеніп, жұмысынан айрылған адамдар үйде отырып шаршаған да шығар. Таяқтың екі ұшы болатынын ескеріп, халықтың жағдайын түсінуге де тырысамыз. Бірақ еріктілердің құқығы аяққа тапталмауы тиіс. Осы мақсатта, волонтерлардың мәртебесін көтеріп, олардың санын арттыру үшін арнайы ереже енгізуге ұсыныстар дайындап жатырмыз.
Ерікті өзінің энергиясын адамдардың алғысымен толтырады. Егер де негатив, ұрыс еститін болса, ол осы жолда жұмсаған күшінен ештеңе таппағанын сезінеді. Сондықтан да, адамдарға айтарым, еріктілер жәрдем бергенде алғысын аямаса екен. Олар сол арқылы ынталанады, шабыттанады емес пе?!
– Волонтерлыққа кейде мәжбүрлі түрде тартылатындардың бары жасырын емес. Мысалы, күні кеше Шымкентте өткен қайырымдылық акциясында бір волонтердің әңгімесіне құлақ түргенімде, ол «грузчик болып кеттік па өзі, кіммін?» деп не істеп жүргенін өзі де түсінбейтін кейіп танытты. Өз еркімен келген адам олай айтпасы анық қой. Еріктілердің қатарына еріксіз кіргізудің кажеті қанша?
– Бұл мәселені ең басынан қарастырсақ. Іс-шараларға еріктілер массовка ретінде қатысады. Дегенмен, мұның пайдасы да бар. Біздің жүйедегі еріктілер қозғалысы студенттік өмірден басталады. Мен өзім жыл сайын оқу орындарын аралаймын. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, волонтердің қызметі мен міндетін айтқаннан соң барып, студенттер қол көтереді. Біз сол бойынша тізімді жасақтап жұмыс істейміз. Сондықтан волонтерлар еріксіз жүр деп айтуға негіз жоқ секілді.
Мектеп бітіріп, ЖОО-на түскен 1-2 курс студенттері қалаға, жүйеге ақырындап үйренісе бастайды. Жиналыстарға қатысып, үлкен кісілердің сұхбаттарын тыңдайды. Нәтижесінде оның ортасы кеңейіп, жаңа достармен танысады. Жиналыстарға өтініш түскен кезде біз тақырыпқа, мамандықтарына байланысты еріктілерді бөлеміз. Төтенше жағдай, қауіпсіздік ережелері тақырыбындағы іс-шараларға медицина мамандығында оқитын студенттерді, ал жаңа технологияға байланысты жиналыстарға IT, биолог жастарды жібереміз. Осылайша, олар белсенді өмірге қадам басады.
Көбіне түсініспеушілік волонтерлардың жанына еріп келген достарының тарапынан болады. Олар үйлерді аралап, азық-түлік таратып көмектескісі келеді. Бірақ алдымен, ол заттарды түсіру, арту сынды тосыннан жұмыстар да кезігіп қалады. Өз еркімен көмектесу басты орында. Егер де «мен бұл азық-түлік қораптарын түсіруге көмектеспеймін, тек таратамын» десе, жұмысқа ешкімді мәжбүрлемейміз. Көңілсіз адамнан жұмыс өнбейді. Тіпті, тақырыпқа сәйкес келмейтін, бізге қатысы жоқ жиналыстар, іс-шараларға бармауды, жастарды еркінен тыс қинамауды қолға алып отырмыз.
– Еріктілер жылы елеусіз өтіп жатыр деп ойламайсыз ба?
– Еріктілер жылы – нағыз еріктілердің жұмыс істеп, өзін көрсететін жылы. Жыл басталғалы жұмысымыз толастамады. Биыл олар барынша белсенділік танытуда. Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай, Мақтааралдағы апат сынды елімізге төнген қиын сәтте қолдау білдіріп отырмыз. Бірақ мемлекеттен ештеңе дәметпейміз. Айта кеткен жөн, осындай әлемді дүрліктіріп жатқан вирустың әсерінен еріктілердің санын арттыру, оларды оқыту жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Мәдени іс-шаралар жағы ақсап тұр.
– Қателеспесем, Жастар мәслихатының депутатысыз. Олар қоғамға не үшін керек? Нені талқылайды?
– Біз жас болғаннан соң бойымызда энергия да көп. Жастар мәслихаты қоғамға керек. Біз қала әкімдігіне, мәслихатқа жергілікті жастардың мәселесін жеткізуге тырысамыз. Сонымен қатар, қаланың дамуы, мәдениеті, өркениетіне жастардың көзімен қарап, жоғары жақтағыларға пікір-ұсыныс айтамыз. Жастар саясаты, қоғамдағы орны, белсенділігі мен бағыты, білімі мен бос уақытын тиімді өткізуі сынды мәселелер бойынша да бірлесе жұмыс істейміз. Шымкент қаласының, яғни ТМД елдері мәдени астанасының дамуында жастардың алар орны ерекше. Осы орайда жастар мәслихатының қоғамдағы орны да маңызды.
– Бос уақытыңыз бар ма? Немен шұғылданасыз?
– Бос уақытымда өлең жазамын. Өлеңге деген құрметім ерекше. Өзімнің сырласым әрі досым – өлеңім. Поэзия және бизнес, заң және психология салаларындағы кітаптарды оқығанды жаным сүйеді. Арасында спортпен шұғылданамын. Бос уақытымда да, бос емес уақытымда да еріктілікпен айналасамын десем артық етпес. Себебі, өзімнің жұмысымды тастап, талай мәрте көмек қолын созуға кетіп қалғаным бар. Еріктілік – менің ресми жұмысыма айналған секілді.
– Әлеуметтік көмекте көбінесе азық-түлік беріледі. Алмай қойып, қанағат тұтпағандар болды ма?
– Кейбір кісілер біздің апарған азық түліктерімізді менсінбей, өздерінің тізімін беріп жатады. Және біз алдын-ала хабарласып, ескерткен кездерімізде, «Бізге азық-түліктің қажеті жоқ, ақшалай көмек беріңдер» деп дүрсе қоятындар да бар. Сонымен қатар, мемлекеттен 50 000 теңге көмек ала отырып, азық-түлік сұрайтындар да болды. Әртүрлі отбасылар бар. Көмек сұрайды, ал үйіне барсақ жағдайлары әлдеқайда жақсы. Әрине біз мұндай кезде әлеуметтік көмекті қалдырмай алып кетеміз. Себебі, оған шынайы мұқтаж отбасылар көп.
– Волонтерлар көмек көрсетумен қатар түрлі флешмобтар мен көпшілік іс-шараларға қатысып жатады. Кейбір шаралар тек көзбояушылық үшін ұйымдастырылатындай секілді. Осындай флешмобтарға деген көзқарасыңыз қандай? Қоғамға кажеті бар ма?
– Біздің елде көп ақша бөлініп, бірақ түкке пайдасы жоқ іс-шаралар бар. Президентіміздің өзі айтқан еді: «Қажеті жоқ флешмобтар, форумдардың орнына тиімді іспен шұғылдану керек» деп, мен осы пікірге қосыламын. «Ол халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс», - деп Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев айтқан еді. «Для галочки» өтетін іс-шаралардан ел шаршады. Олардың орнына қоғамдағы мәселелерді шешу үшін жасалатын жобаларды ұйымдастырған жөн. Денсаулық, қылмыс, қауіпсіздік жолындағы іс-шаралар флешмобқа қарағанда әлдеқайда пайдалырақ.
– Еріктілер қозғалысына казір не жетіспейді?
– Ерікті статусының мәні ашылмай келеді. Мәселен, шетелде оларға ерекше құрметпен қарайды. Ал біздің елде еріктілердің абыройы да, мәртебесі де жоқ. «Еріктілер еріккенсіңдер ме?» деген пікірді көп естиміз. «Жұмыс істеп табыс тапсаңдаршы» деп айтатындар да аз емес. Біз еріктілік қозғалыстың артында қандай рухани пайда бар екенін насихаттауымыз керек. Көптеген жастардың ата-анасы қарсы. Неге? Себебі, Қазақстандағы тұрғындардың волонтерлық қозғалысқа қатысты түсініктері таяз.
– Ерікті болғаныңыз үшін ақша алмайсыз? Табыс қайдан келеді? Волонтерларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс пе?
– Иә, ерікті болғанымыз үшін ақша төленбейді. Мен «Атамекен бизнес» жобасына қатысып, грант ұтып алдым. Соның нәтижесінде «Компас» атты оқыту курсымды аштым. Яғни, еріктілер, мұқтаж отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, балалар үйінің тәрбиеленушулері 30-50 пайыз жеңілдікпен білім алады. Ерешелігі – әлеуметтік курс. Сонымен қатар, магистратурда криминология заң саласында оқимын. Абай аудандық сотында судьяның штаттық көмекшісі болып жұмыс істеймін. Ақындықпен де ақша табатын кездер де болады.
Еріктілерге қолдау әрине керек! Біздің бастаған әр ісімізге мемлекет, әкімшілік тарапынан қол ұшын созып, қолдау білдірсе нұр үстіне нұр. Сонымен қатар, «Әлеуметтік cтуденттік кредит» деген жүйе бар. Жоба аясында жоғары оқу орындарының студенттері волонтерлік қызметке араласып, қоғамға пайдалы жұмыс нәтижелері үшін ақшалай сыйақы ала алады. Мәселен, 20 сағат қызметі үшін 20 мың теңге кредит болып есептелінеді. Бірақ талап бойынша еріктілер университет қабырғасында оқуы тиіс. Осыған кішкене өзгеріс енгізсе деген ұсыныс бар. Себебі, байқауымша еріктілердің арасында колледжде білім алатын студенттер де бар. Олардың бірінің шәкіртақысы бар болса, бірінікі жоқ. Жағдай жақсы болмаса да, көмек көрсеткісі келіп тұратын колледжде білім алатын ақ жүрек студенттер бар. Осы жағы ескерілсе екен.
Сонымен қатар, еріктілер екі сағаттан артық жұмыс істесе түскі асын қаматамасыз ету сынды жүйе қалыптастыру қажет. Және ұзақ жолға шыққанда арнайы көлікпен қамтамасыз етілсе дұрыс болар еді. Міне, қолдау жүйесі ақсап тұрғандықтан, еріктілердің ынта-жігері де белсенді емес.
Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ