«Ауғанстанға айналмаймыз ба?»: Қоғам белсенділері Ақордада берілген ауызашар мақсатын түсінбей дал

Oinet.kz 10-04-2023 1771

Қоғам белсенділері Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақордада берілген ауызашарға қатысты пікір білдіріп, сынға алды. Олардың айтуынша, бұл зайырлы мемлекетіміздің ұстанымына қайшы деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Screenshot_17.jpg

7 сәуірде президенттің атынан ауызашар беріліп, оған  мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер мен мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, мәдениет қайраткерлері, құтқарушылар мен еңбек адамдары шақырылған еді. Әлеуметтік желіде діни мерекенің ашық тойлануы көптің талқысына түсті.

Онда Пасха мерекесі де тойлансын

Экобелсенді және суретші Салтанат Тәшімова мұны діни пропаганда деп атап, Конституция бойынша мұндай әрекетке жол берілмейтінін айтты.

“Зайырлы мемлекетпіз бе? Жақында Ауғанстанға айналмаймыз ба? Іс-шараны кім қаржыландырды? Егер салық төлеушінің есебінен өткізілсе, онда бастама көтерген адамды жазалауды талап етемін. Егер мұсылман еліне айналған болсақ, онда Ислам немесе басқа дін үстемдік ететін ел екенімізді жария етсін. Ондай елде өмір сүруге келіспейтін қоғамның басқа зайырлы бөлігі азаматтықтан бас тартып, бизнестерін жауып, елден кетуге мүмкіндік алсын”, – деп жазды Тәшімова.

Ол сондай-ақ бұл діндерді қолдау үшін идеологиялық іс-шара ретінде өткізілсе, Пасха мерекесін тойлау жоспарлары туралы айтып беруін сұрады.

Маркетингтік қадам

Қоғам белсендісі, журналист Жанна Ахметова мұны сәтсіз шыққан маркетинг деп атады.

“Ақордада ауызашар өтсе, алдағы демалыс күндері Пасха да сол жерде өтуі керек. Барлығы жұмыртқа боясын. Бұл маркетингтік қадам болғанын түсінемін. Елде мұсылмандар саны көп және осылайша мақсатты аудиторияның көңілін табамыз деп ойлады. Бірақ бұл сәтсіз болды және керісінше, наразылық тудырды”, –деді Ахметова.

Ғылым – саясат пен діннен тыс сала

Құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова да бұған қарсы пікір білдіріп, Ғылым және жоғары білім министрлігінің ауызашарын сынға алды. Оның айтуынша, ғылым дін мен саясаттан алыс болуы керек.

“Менің түсінуімше, ифтар қазір көктемгі корпоративке айналған. Барлық ғалымдар діншіл ме еді, бәрі ораза ұстай ма? Демократиялық жүйесі бар дамыған елдерде ғылым – саясат пен діннен тыс зайырлы сала. Ал біздегі ғылым догматикалық жолмен жүр. Бұл қандай ғылыми жаңалықтарға әкелетіні алаңдатады”, – деді Әбенова.

Кәсіпкер және психолог Ахметбек Нұрсила Қазақстан 2030-жылдары мұндай қарқынмен Пәкістанның кейпін кешеді деп болжады.

Бұл – қоғаммен байланыс

Алайда президенттің атынан берілген ауызашарға оң көзбен қарайтындар аз емес. Олар қоғам белсенділерінің сынына қарсы жауап берді.

“Ауызашар берілгенін сынайтындар, қазақтың әдет-ғұрыптарынан бейхабар. Егер қазақтың тарихын, ғұрпын құрметтемей, жат идеяны таңғыларыңыз келсе, сіздерге не айта аламыз?! Талқыланбайтын нәрсені айыптап, миллиондаған қазақтар мен мұсылмандардың көңіліне қаяу түсіресіз. Сіз кімсіз? Мәңгүрт емес, тіпті қалай атауға болады? Бұл жағдайда мемлекет шетелдерден келген қонақтарға, ұлтына қарамастан, ораза ұстап жүрген қазақстандықтарға құрметпен қарады. Соның кесірінен еліміз бір сәтте зайырлы болмай қала ма екен?!”  – деп пікір қалдырды желі қолданушысы.

“Айыптайтындай ештеңе көрмедім. Бұл – жай ғана қоғаммен байланыс орнату әрекеті. Бізде мұсылмандар көп. Бірақ неге қарапайым халықпен өтпеді екен деп сұрақ туындайды. Тоқаев соншалықты діни адам емес, ол зайырлылықты ұстанады. Ол коммунистік идеологияның шыңында оқыған ғой”, – деп жазды тағы бір қолданушы.

“Министр болса, қарапайым адам болса да, оның адами құндылықтарды құрметтеп, сыйластықпен қарағаны қуантады емес пе?!” –  деді желі белсендісі.

Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Динара Әлжанға қатысты эксклюзив сұхбат берді
«Қызғызстан арқылы Түркияға қашып кеткен»: Бас прокуратура Серік Күдебаевқа қатысты пікір білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу