«Мақпал Жүнісованың бетін ашқаным рас»: Мұхамеджан Тазабек марқұм Заманбек Нұрқаділовті есіне алды
Танымал айтыскер ақын Мүхамеджан Тазабек Жанар Байсемізге берген сұқбатында марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовті еске алып, естелік айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ол Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісованың үйлену тойында болған екен.
“Мақпал Жүнісованың бетін ашқаным рас. Ол кезде жас келін оқтау ұстап, иіліп тұрған жоқ. Біз тек ырымын жасадық. Марқұм Заманбек ағамыз өте көп көмектесті. Қарасай батырдың 300 жылдық мерейтойында маған “Волга” мінгізді. Елге деген құрметі мен өнерге деген жанашырлығын көрдік. Үйінде талай рет қонақ болдық”, – деді медиа менеджер.
Сондай-ақ марқұмның өліміне қатысты да пікір білдірді.
“Кейде шын шырылдағаныңның өзі қазаққа керек пе деп ойлаймын. Алтынбек пен Заманбек ағаларымыздың қайтыс болғанынан гөрі, тірі жүргені пайдалы емес пе?! Жалпы, біздің қоғам сені өлімге қиып жіберетінін сезіну керек. Кейде азаматтарға “Байқаңдаршы” деп сақтандырып отырамын. Мен Заманбек ағамыздың өлімін тап басып ештеңе айта алмаймын. Неше түрлі оқиғалар болады. “Мына адам атты” деп тап басып, айта алмаймыз. Шындықтың бәрі ақыретте ашылады”, – деді Тазабек.