«Қатын қағыс есітеді»: Ханбибі Есенқарақызы өзіне жала жапқандарды сотқа берді
Ақын Ханбибі Есенқарақызы өзін Дулат Исабековтің асында 1мемлекеттік сыйлық сұрады1 деп айыптаған адамдарды сотқа бергенін айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ашулы ақынға көптеген адамдар басу айтқан. Алайда ол бәрібір өзі туралы дау туғызған адамдарды сотқа бергенін мәлімдеді.
«Қатын қағыс есітеді»… сосын Құлбек. Осы Құлбек, соңғы кезде әркі-тәркі сөйлейтін болып барады. Ал жазуы одан да өрескел. Мен туралы жазған постын бірнеше рет редакциялағаннан кейінгісі де оңып тұрған жоқ, әлде, мемлекеттік сыйлық аламын деп миы шайқалды ма? «Жаназада сөйлегенде» деп бөсті. Жаназада ешкім сөйлемейтінін білмей ме? Сөз тіркестеріне көз салыңыз: «Көптен күткен трагедиямыз болған соң»… Көз жасынан кірпігіміз айқасып, жабысып қалды», …«Бекет Тұрғараев екеуміз … сұраулы көздеріміз өзара айқасып қалды… (Алдыңғы вариантта аспанда айқасып қалды) «Аяғымыздың асты тас екен, сол сақтап қалды» … Сөйте тұра, сол тасты тесіп өтіп (жердің астымен) ілбіп қайтады ғой. Жылаған, мүсәпір қалып таныта отырып, облыс әкімін маған қайрап салады. Егер ресми жақтан айтылмаған сөз болса, «қырық күндік асын жерлестері міндетіне алып отыр» деп айтпаған болар едім. Не Түркістанның, не Шымкенттің делегациясына қоспағаннан кейінгі зар-запыраны демеске амал жоқ», — деді ақын.
Елге Нурикамал әнімен танымал болған ақын өзін қаралаған профессор Құлбек Ергөбекті «қарт сүйекші» деп кекетті. Ақын өзі туралы жазба жариялағандар адамды жексұрын қылып көрсетудің түрлі тәсілдерін меңгерген деп санайды.
«Сонымен, «Сүйекші-Құлбек» мен туралы: «Дулат Исабеков мақтаған прозалық шығармама Мемлекеттік сыйлық бермедіңіздер» деп қара қазандай өкпесін қаралы жұрттың алдына ақтара салды», дейді. Ал адамды бір жалалы сөзбен «жексұрын» етіп көрсете салудың бұдан асқан формасы бола ма? Оның осы ойын алғаш жариялаған Бақытжан Бұқарбаевтың жазбасына 120 мың адамның лайк басқанын қайдан білді екен, ә? Бақытжанның мені қаралаған постына жүздеген адамдар коментарий берген соң, ол саябырлаған. «Қарт сүйекші» оған қанағаттанбай, өзі қолына қаламын алып, жігерленіп, ышқынып айтқан сөзін Ютуб каналынан оқытқанда, адамды жәбірлеудің түрлі тәсілдерін терең меңгергендігін өздеріңіз тыңдадыңыздар», — деді Ханбибі Есенқарақызы.
Ол Бақытжандай Бұқарбайды бәз біреулер айдап салды деп санайды.
«Маған біраз лауазымды, құрметті адамдар телефон соғып, үндеме, баяғы «ит үредіні» айтып, бірі «Рамазан айында айтыспа», оның кім, сенің кім екеніңді халық біледі», деп басу айтқанмен, менің ар-ожданыма түскен дақты, жапқан жаланы өзімнен өзге ешкім қорғай алмайтыны белгілі . Сотқа бердім. Сот процесінде авторлар өз қателескенін мойындаса, екі жақты келісімге (медиация) келу мүмкіндігі бар екендігін хабарлады. 120 мың оқырман «біліп-білмей» жазған қаралау коментарийлері үшін мына видеоны назарларыңызға ұсынамын. Соңғы сөз сіздерде», — деді ақын.
Айта кетейік, осыған дейін әдебиет зерттеушісі, жазушы, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек жазушы Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салар сәттегі қаралы жиында болған жағдайды атйып, ақынды айыптаған еді. Оған дейін баспагер Бақытжан Бұқарбай да ақын жайлы жазба қалдырды. Екеуінің жариялаған жазбалары қоғамда түрлі пікір тудырды.
Ақын өзінің атақ сұрамағанына дәлел ретінде аста сөйлеген сәтінің видеосын да жариялады.