«Қара шаңырақ еді»: Жанболат Найзабеков үйінің суға кеткенін көріп, жылап қалды
“Өнер қырандары” театрының актері Жанболат Найзабеков туып-өскен үйі су астында қалғанын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Өнер иесі Атырау облысы, Құлсары қаласында дүниеге келген.
“Балалық шағымның өткен жері ғой. Қара шаңырақ. Жүрек ауырады... Алла сабыр берші", – деп көз жасына ерік берді актер.
Театр әртісінің жеке парақшасына жүктеген видеосынан ауылды түгел су алып жатқанын көруге болады. Желі қолданушылары әртіске жұбату айтып, бата-тілектерін жаудырып жатыр.
"Қаншама халыққа обал болды”, “Осыдан кейін халық бейнет көрмесін”, ”Сабыр берсін", "Үйінен айырылған жандарға хан сарайындай үй бұйырсын", "Әр қиындықтың артында бір жақсылық бар", – деп жазды оқырман қауым.
Сонымен қатар актер жан-жақтан көмек жіберіп жатқан ағайынға ескерту айтты.
“Киім-кешек өте көп. Киюге жарамсыз болып жатқан киімдер қаншама?! Жарамдыларын іріктеп алу үшін де уақыт кетеді. Сіздерден өтініш, киім бермеңіздер! Жарамсыз киімдер тау болып, үйіліп жатыр. Одан да азық-түлік керек. Картоп, пияз, дәретхана қағазы, балаларға керек заттарды жіберсеңіздер екен”, – деді өнер иесі.
Айта кетейік, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек кімнің есебінен жүргізілетіні белгілі болды.