«Балаларды емес, күйеуді жақсы көру керек»: Баян Алагөзова ешкімге айтпаған сырымен бөлісті
Отандық продюсер Баян Алагөзова марқұм әкесі туралы айтып, жылап қалды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі “100 сұхбат” бағдарламасына сілтеме жасап.
Тележүргізуші Динара Сәтжанның “Әкеңізбен қоштасып үлгердіңіз бе?” деген сауалына Баян:
“Жақын адамыңмен қоштасу мүмкін емес. Бұл – өмірдің заңдылығы. Мен өзіме “Әкеме не істей алмадым?” деген сұрақ қойдым. Мен әкемнің қызы ретінде қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Мен өте бақытты адаммын. Көптеген адамдар әке-шешесіне өкпелі. Ал мен әкемді әрқашан үлгі тұтатынмын. Әкеме қарап “Мен сенің қызың болуға лайықтымын ба?” деген ойға қалатынмын. Менің әкем кіршіксіз таза адам болатын. Ол ақылды, парасатты, зиялы, адал адам еді. Өмірімде әкемнің аузынан жаман сөз естіген емеспін. Оның айтатын ең балағат сөзі – “ит”, – дейді продюсер.
Ол осындай адамның қызы болғаны үшін Құдайға шүкіршілік ететінін және соңғы рет әкесінің өзіне не нәрсе қалдырғанын айтты.
“Әкем кітап, ән, өлең жазды. Тарихты терең зерттеді. Менің әкем – бөлек әлем. Ал мен оның кішкентай бөлшегімін және сол үшін Құдайға рахмет айтамын. Қазір сөмкемде әкем берген көзілдіріктің қабы жатыр. Әкем екеуіміздің көру қабілетіміз нашарлап, Түркияда болғанда оның көзілдірігін уақытша мен алдым. Алматыға барғанда жаңасын аламын деп ойладым. Қазір көзілдірік пен қабын тастамай, өзіммен бірге алып жүрмін. Кейде “әкемнің көзілдірігі” деп тағып, қабын сүйіп қоямын. Әкені сыйлауды анамыз үйретті. Ол дастархан басына отырмайынша біз асқа қол тигізбейтінбіз. Қазір бәрінен де анам қатты қиналып жүр. Олардың отандасқанына 60 жылға жуықтады. Барынша анамның көңілін табуға тырысып жүрміз. Сондықтан мен қыздарыма “балаларыңды емес, күйлеулеріңді таңдаңдар” деп айтамын. Балаларды емес, күйеуді бағалап, жақсы көру керек”, – дейді Баян Мақсатқызы.