«Құдайды ашуландырма»: Мақпал Исабекова өзін ешкімге керексіз сезінетінін айтты
Отандық әнші Мақпал Исабекова тұңғышын дүниеге әкеліп, декретте отырған соң күйзеліске ұшырағанын мойындады. Ол бір сарынды өмірден жалығып, өзін ешкімге керексіз сезінетінін айтты, дп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
"Біріне-бірі ұқсас күндер өтуде. Бір-біріне қарама-қайшы сезімдерді сезінудемін. Бір жағынан, шексіз рахат пен бақытқа бөленсем, екінші жағынан, ертеңгі күніңнің белгісіздігі. "Шығармашылық, сенің сүйікті мамандығың қайда қалды? Басқаларға қарашы, сен артта қалдың. Ешнәрсе істемейсің, ешкімге керек емессің", – басымдағы кей сатқын ойлар осындай сөздерге толы. Оның үстіне әлеуметтік өмірден алшақтап, адамдармен араласуымды доғаруым бұл ойларымды нығайта түседі. Ондай сәттерде жылағым келеді.
"Құдайды ашуландырма, неге шағымданасың? Сенің ұлың бар ғой. Рахметің жоқ!" – дейді тағы сол дауыс.
Иә, расында да, менің ұлым бар. Өзім көптен күткен, құдай берген балам. Оның анасы болу, оған қамқор болу сондай бақыт. Бірақ мен енді әйел мен анадан бөлек кіммін? Бұрынғы және қазіргі өзімді қалай тоғыстырамын?
Бұның бәрі оңай емес екен. Әзірге оны анықтағым келмейді және оған шамам да жоқ. Тек қазіргі сәтпен өмір сүремін. Жаялықтарды үтіктеп, баламмен серуендеп, оның көздеріне қарап отырып тамақтандырамын. Әзірге бұдан артығы керек те емес (жүрегім солай дейді)", – деп жазба қалдырды Исабекова Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Исабекова 38 жасында ана атанды. Ол ұлын Теодор деп атады. Әншінің айтуынша, оның ұлы – алты түрлі ұлттың өкілі.